33-ОҚИҒА
Қызыл теңіздің қақ жарылуы
МЫНА жерде не болып жатқанын қарашы! Мұса қолындағы таяғын Қызыл теңізге қарай созып тұр. Мұса да, барлық исраилдіктер де қауіпсіз жерге орналасқан. Ал перғауын мен оның әскері болса суға батып барады. Енді осы оқиғаның даму барысын көрейік.
Біз Жаратқан Ие мысырлықтарға оныншы жазаны жібергеннен кейін, перғауынның исраилдіктерге Мысырдан шығуды бұйырғанын оқыдық. Исраилдіктер Мысырдан, жалпы алғанда, алты жүз мың ер кісі және көптеген әйел мен бала-шаға болып көшті. Сонымен қатар Ехобаға сенген көптеген басқа халықтың адамдары да исраилдіктермен бірге көшіп кетті. Олар өздерімен бірге барлық қой-ешкілері мен сиырларын ала кетті.
Ал кетер алдында олар мысырлықтардан киім-кешек және алтын мен күмістен жасалған бұйымдар сұрап алды. Олардың душар болған жазалардан қорқып қалғандықтары сонша, исраилдіктердің сұраған нәрселерінің бәрін берді.
Бірнеше күн өткеннен кейін, исраилдіктер Қызыл теңіздің жағалауына келіп жетті. Олар сол жерде бой жазып, демалып жатқан уақытта, перғауын мен оның кісілері: “Құлдарымызды бекер босаттық”,— деп, исраилдіктердің кетуіне рұқсат бергендеріне өкіне бастаған еді.
Сондықтан перғауын шешімін тағы да өзгертті. Ол тез арада соғыс арбалары мен әскерін әзірлетті. Перғауын алты жүз арнайы соғыс арбасына Мысырдағы бүкіл соғыс арбаларын қосып алып, исраилдіктердің артынан қуа жөнелді.
Перғауынның әскер жинап, арттарынан қуып келе жатқанын көргенде, исраилдіктер қатты үрейленді. Оларға қашып тығылар жер болмады. Өйткені олардың алдында Қызыл теңіз бар еді, ал арт жағында мысырлықтар қуып келе жатты. Бірақ Ехоба өз халқы мен мысырлықтардың арасына алып бұлт қойды. Сондықтан исраилдіктерге тап берейін дегенімен, мысырлықтар оларды көре алмады.
Сонда Ехоба Мұсаға аса таяғын Қызыл теңізге қарай созуды бұйырды. Ол бұл бұйрықты орындаған кезде, Ехоба шығыстан қатты жел тұрғызды. Теңіздің суы қақ жарылып, бір-біріне қарама-қарсы тұра қалды.
Исраилдіктер қақ жарылған судың арасындағы құрғақ жермен өте бастады. Миллиондаған адамдардың барлық мал-жайымен бірге теңіздің арғы бетіне өтуі үшін, бірнеше сағат қажет болды. Ақыр аяғында мысырлықтар исраилдіктерді көрді. Құлдары қашып барады! Сондықтан олар да исраилдіктердің соңынан қуа жөнелді.
Олар да теңіз арнасына келіп кіргенде, Жаратқан Ие арбаларының дөңгелектері түсіп қалатындай етіп қойды. Сонда мысырлықтар үрейлері ұшып:
— Ехоба исраилдіктер үшін бізге қарсы күресіп жатыр. Бұл жерден қашайық!— деп айғай салды. Бірақ тым кеш еді.
Өзің мына суреттен көріп тұрғандай, Ехоба Мұсаға аса таяғын тағы да Қызыл теңізге қарай созуды бұйырды. Мұса қолын созып еді, теңіз суы қайтадан орнына құйылып, мысырлықтарды да, олардың күймелерін де су басып қалды. Осылайша исраилдіктердің артынан қуған мысырлықтардың бүкіл жасағы теңіздің түбіне кетті. Мысырлықтардың бір де біреуі аман қалған жоқ.
Жаратқан Иенің халқы азат етілгендеріне қандай қуанышты болды десеңші! Ер кісілер:
— Ехоба керемет жеңіске жетті. Ол аттарды, ат үстіндегі жауынгерлерді де суға батырды!— деп Ехобаны мадақтап, ән шырқады. Сосын, Мұсаның әпкесі Мәриям қолына сылдырмағын алды. Оған еріп барлық қыз-келіншектер шаттана әндетіп, билеп кетті. Олар да ер кісілер сияқты:
— Ехоба керемет жеңіске жетті. Ол аттарды, ат үстіндегі жауынгерлерді де суға батырды!— деп әндетті.