Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

14-ОҚИҒА

Құдайдың Ыбырайымның сенімін сынауы

Құдайдың Ыбырайымның сенімін сынауы

МЫНА суретте Ыбырайымның не істегелі жатқанын көріп тұрсың ба? Оның қолында пышақ бар. Өз ұлын өлтіргелі жатқанға ұқсайды. Бірақ неге ол ұлын өлтірмекші? Алдымен Ыбырайым мен Сараның қалай балалы болғанын білейік.

Тәңірдің оларға ұлдарың болады деп уәде еткенін есіңе алшы. Бірақ бұл оларға мүмкін еместей болып көрінді, өйткені Ыбырайым мен Сараның жасы ұлғайып қалған болатын. Алайда Ыбырайым Құдайдың мүмкін емес болып көрінген нәрсені де жүзеге асыра алатындығына сенді. Сонымен бұл қалайша жүзеге асты екен?

Құдай уәде еткеннен бері толық бір жыл өтті. Ыбырайым жүз жасқа, ал Сара тоқсан жасқа келгенде, олардан Ысқақ атты ұл туылды. Құдай өз сөзінде тұрып, уәдесін орындады!

Ысқақ өсіп, ер жетіп қалған кезде, Ехоба Ыбырайымның сенімін сынады. Ол:— Ыбырайым,— деп шақырды. Ыбырайым болса:— Тыңдап тұрмын,— деп жауап берді. Құдай оған:— Сен өзіңнің жақсы көретін жалғыз ұлыңды ертіп алып, Мен саған көрсететін тауға апар. Сол жерде оны құрбандыққа шалып, өртеп жібер,— деді.

Бұл сөздер Ыбырайымды қалай мұңайтты десеңші, өйткені Ыбырайым ұлын өте жақсы көретін. Тәңірдің Ыбырайымның үрім-бұтағына Қанахан жерін иеленуге беремін деген уәдесі есіңде ғой. Бірақ егер Ысқақ өліп қалса, бұл қалай жүзеге аспақ? Ыбырайым бұны түсінбеді, дегенмен ол Құдайдың тілін алды.

Ыбырайым тауға шықты да, құрбандық шалатын орын дайындап, оған қол-аяғы байланған Ысқақты жатқызды. Сосын, пышағын алып, ұлын бауыздау үшін қолын көтерді. Бірақ дәл сол сәтте Жаратқан Иенің періштесі оған аспаннан дауыстап:— Ыбырайым! Ыбырайым!— деп тіл қатты. Ыбырайым:— Тыңдап тұрмын,— деп жауап берді.

— Балаға қол көтерме, оған тиіспе! Енді сенің Маған сенетініңе көзім жетті, Менен өзіңнің жалғыз ұлыңды да аямадың,— деді Құдай.

Ыбырайымның Жаратқан Иеге деген сенімі қандай берік еді десеңші! Ол Ехоба үшін мүмкін емес нәрсенің жоқ екендігіне және Ысқақ өлсе де Жаратқан Ие оны қайта тірілте алатындығына берік сенді. Бірақ шындығында Құдай Ыбырайымға өз ұлын өлтірткісі келмеді. Сондықтан Құдай Ыбырайымның жанындағы қалың бұтаның арасына бір қошқарды мүйізінен іліндіріп қойды да, оны ұлының орнына құрбандыққа шалуды бұйырды.