16-САБАҚ
Қызмет көмекшілері қауымда қандай қызмет атқарады?
Киелі кітапта қауым істерімен айналысатын мәсіхші ер бауырластардың екі тобы жайлы айтылады. Олар “бақылаушылар мен қызмет көмекшілері” (Філіпіліктерге 1:1). Бұл қызмет түрлеріне әр қауымда бірнеше ер бауырлас тағайындалуы мүмкін. Қызмет көмекшілері біздің игілігіміз үшін қандай қызмет атқарады?
Олар ақсақалдарға қолғабыс етеді. Қызмет көмекшілері — жастары кіші не үлкен болсын, Құдаймен тығыз қарым-қатынасқа ие, істеріне тиянақты әрі сенім артуға тұратын ер бауырластар. Олар қауымда ұйымдастыру шараларын не басқа да маңызды тапсырмаларды атқарады. Осының арқасында ақсақалдар қауым мүшелеріне қамқорлық көрсетуге және тәлім берумен байланысты міндеттеріне көбірек назар аудара алады.
Олар көптеген пайдалы тапсырмаларды атқарады. Кейбір қызмет көмекшілеріне қауым кездесуіне келгендерді қарсы алу тапсырылады. Ал басқаларына дыбыс құрылғысын қадағалау, әдебиеттерді үлестіру, қауымның қаржы есебін жүргізу және қауым мүшелеріне уағыздайтын аумақты бөліп беру жауапкершілігі жүктеледі. Қызмет көмекшілері Патшалық сарайын күтіп ұстауға да атсалысады. Сондай-ақ ақсақалдар олардан қарт бауырластарға көмек беруді өтінуі мүмкін. Қызмет көмекшілері кез келген тапсырманы зор ықыласпен атқарады. Бұл үшін қауымдағылардың барлығы да оларды құрметтейді (Тімөтеге 1-хат 3:13).
Олар жақсы үлгі көрсетеді. Қызмет көмекшілері өздерінің жақсы қасиеттерімен белгілі. Олар қауым кездесуінің әртүрлі бөлімдерін жүргізіп, біздің сенімімізді нығайтады. Сондай-ақ уағыз ісіне белсене атсалысуларымен біздің құлшынысымызды арттыра түседі. Ақсақалдармен жақсы қызметтескендерінің арқасында олар қауымның қуанышы мен бірлігіне үлес қосады (Ефестіктерге 4:16). Уақыты келгенде олар да ақсақалдар ретінде қызмет етуге лайықты бола алады.
-
Қызмет көмекшілері қандай болу керек?
-
Қызмет көмекшілері қауым істерінің жақсы ұйымдастырылуына қалай үлес қосады?