Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ТАРАУ

Мәсіх — “Құдайдың құдіреті”

Мәсіх — “Құдайдың құдіреті”

1—3. а) Ғалилея көлінде шәкірттер қандай қорқынышты оқиғаны бастан кешірді және Иса не істеді? ә) Неге елші Пауыл орынды түрде Мәсіхті “Құдайдың құдіреті” деп атаған?

 ШӘКІРТТЕРДЕ зәре жоқ. Аяқ астынан дауыл көтерілгенде, олар Ғалилея көлінің арғы бетіне жүзіп бара жатқан. Олардың бұрын да дауылға кезігіп жүргенінде күмән жоқ, өйткені кейбірі тәжірибелі балықшы болған ғой a (Матай 4:18, 19). Бірақ бұл жолы көлді әп-сәтте алай-түлей еткен ерекше “сұрапыл дауыл” болды. Жігіттер қайыққа ие болу үшін бар күштерін салды, бірақ долы дауыл бой бермей жатты. “Қайық толқын астында қалып”, суға тола бастады. Күні бойы қалың жұртқа тәлім беріп, әбден шаршаған Иса айнала астан-кестен болып жатқанына қарамай, қайықтың артқы жағында қатты ұйықтап жатты. Өмірлері үшін қорыққан шәкірттері оны оятып: “Мырза, құтқара көріңіз! Құритын болдық!”— деп өтінді (Марқа 4:35—38; Матай 8:23—25).

2 Иса қорыққан жоқ. Ол берік сеніммен жел мен көлге тыйым салды: “Тына қал, басыл!” Сол сәтте-ақ жел мен көл бағынады да, дауыл басылып, толқындар көзден ғайып болып, “жым-жырт тыныштық орнады”. Шәкірттерінің бойларын қатты үрей билейді. Олар бір-бірімен: “Бұл кім Өзі?”— деп күбірлесті. Расында да, қандай адам тентектік жасаған баланы түзеткендей, жел мен көлге тыйым сала алар еді? (Марқа 4:39—41; Матай 8:26, 27)

3 Бірақ Иса кәдімгі адам емес еді. Ехобаның күші Исаның өзіне қатысты да, Иса арқылы да ерекше паш етілді. Рухтың жетелеуімен елші Пауыл орынды түрде Мәсіхтің “Құдайдың құдіреті” екенін айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 1:24). Құдай Иса арқылы күшін қалай көрсеткен? Исаның Құдай берген күшін қолданғаны біздің өмірімізге қалай әсер етеді?

Құдайдың жалғыз Ұлының күші

4, 5. а) Ехоба жалғыз Ұлына қандай күш пен билік берді? ә) Әкесінің тапсырмасын орындау үшін Исаға не берілді?

4 Жерге келмес бұрын Исаның қандай күш иесі болғанын қарастырып көрейік. Ехоба кейін Иса Мәсіх ретінде белгілі болған жалғыз Ұлын жаратқанда, ‘мәңгілік құдіретін’ көрсеткен (Римдіктерге 1:20; Қолостықтарға 1:15, сілтемені қара). Сосын, ол өзінің жарату ісіне қатысты ниетін жүзеге асыруды Ұлына тапсырып, оған орасан зор күш пен билік берген. Киелі кітапта былай делінеді: “Құдай бәрін Сөз [жерге келгенге дейінгі Иса] арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған” (Жохан 1:3).

5 Оған жүктелген тапсырманың қаншалықты көлемді болғанын біз толық түсіне де алмаймыз. Миллиондаған құдіретті періштелерді, миллиардтаған галактикалардан тұратын Әлемді және тіршіліктің сан алуан түрлеріне толы Жерді жарату үшін қандай күш қажет екенін ойлап көрші. Ехоба бұл тапсырманы орындау үшін Ұлына Әлемдегі ең құдіретті күшті, өзінің киелі рухын, берді. Иса Ехобаның өзге нәрселердің бәрін жаратқанда қолданған ‘Шебер жұмысшысы’ болғанына қатты қуанған (Нақыл сөздер 8:22—31, [30, ЖД]).

6. Өлімнен қайта тірілгеннен кейін, Исаға қандай күш пен билік берілді?

6 Құдайдың жалғыз Ұлы бұдан да көп күш пен билікке ие бола алар ма еді? Өлімнен қайта тірілген Иса: “Маған көк пен жердің барлық билігі берілген!”— деді (Матай 28:18). Иә, Исаға кез келген жерде күшін қолдануына болатын мүмкіндік пен құқық берілді. Исаның “патшалардың Патшасы, иелердің Иесі” ретінде Әкесіне қарсы тұрған “күллі билік пен күш атаулыны”, мейлі, көзге көрінетін не көрінбейтін болсын, жойып жіберуге құзыры бар (Аян 19:16; Қорынттықтарға 1-хат 15:24—26). Құдай “оған бағындырмаған еш нәрсені қалдырған жоқ”, бірақ бұл, әрине, Ехобаның өзіне қатысты емес (Еврейлерге 2:8; Қорынттықтарға 1-хат 15:27).

7. Неге Ехобадан алған күшін Исаның ешқашан теріс қолданбайтынына сенімді бола аламыз?

7 Иса қолындағы күшін теріс қолданады деп қорқуымыз керек пе? Жоқ, қорқудың мүлдем қажеті жоқ! Иса Әкесін шынымен сүйеді, әрі ешқашан оған ұнамайтын нәрсені істемейді (Жохан 8:29; 14:31). Ехоба өзінің құдіретті күшін ешқашан теріс қолданбайтынын Иса жақсы біледі. Ол Ехобаның ‘Өзіне жүрегі толық берілгендерді қолдау үшін’ іздейтінін талай рет көрген (Шежірелер 2-жазба 16:9). Иса да Әкесі іспетті адамзатты сүйеді, сондықтан өз күшін әрқашан біздің игілігіміз үшін қолданатынына сенімді болуымызға болады (Жохан 13:1). Мұны дәлелдейтін жайттар көп. Жерде болғанда Исаның қандай күші болғанын және күшін қолдануға оны не талпындырғанын қарастырып көрейік.

“Сөзімен... құдіретті”

8. Киелі рухпен майланғаннан кейін, Иса не істеді және өз күшін қалай қолданды?

8 Иса Назаретте өткен балалық шағында ешқандай керемет жасамағанға ұқсайды. Бірақ шамамен 30-ға келіп, б. з. 29 жылы суға шомылдыру рәсімінен өткен соң, жағдай басқаша болды (Лұқа 3:21—23). Киелі кітапта былай делінген: “Құдай Киелі Рухы мен құдіретін назареттік Исаға дарытты. Ол игі істер жасап, шайтан буғандарды айықтырып, ел аралап жүрді” (Елшілердің істері 10:38). “Игі істер жасап” деген сөздер Исаның өз күшін дұрыс қолданғанына нұсқайды емес пе? Киелі рухпен майланғаннан кейін, ол “сөзімен де, ісімен де құдіретті Пайғамбар болды” (Лұқа 24:19).

9—11. а) Иса көбісінше қандай жерлерде тәлім берген және сол заманда қандай қиындық болған? ә) Неге Исаның тәлім беру тәсілі халықты қайран қалдырған?

9 Қалайша Иса сөзімен құдіретті болды? Ол жиі ашық аспан астында — көл жағасы, қыратты жерлер, көше мен базар алаңдарында — тәлім беретін (Марқа 6:53—56; Лұқа 5:1—3; 13:26). Егер оның айтқан сөздері қызықтырмаса, тыңдаушыларының кідірместен өз жөндеріне кете берулеріне болар еді. Сол заманда әлі кітаптар басылмайтын, сондықтан Исаның айтқандарын бағалай білетін тыңдаушылар оның сөздерін ой-саналары мен жүректеріне жазып алулары керек болатын. Сол себепті Исаның ілімдері тыңдаушыларының назарын баурап алатын, анық әрі оңай есте қаларлықтай болуға тиіс еді. Бірақ бұның Иса үшін түк те қиындығы болған жоқ. Мысал ретінде Таудағы уағызды қарастырып көрейік.

10 Бірде, б. з. 31 жылының басында, таңертеңмен Ғалилея көлінің маңындағы қыратты беткейге көп халық жиналды. Олардың кейбірі 100—110 шақырым қашықтықта жатқан Яһудея мен Иерусалимнен келсе, өзгелері теріскейден, теңіз жағалауындағы Тир мен Сидон аймақтарынан келген. Көп науқас адам Исаға жақындап қол тигізіп жатты, ол бәрін де сауықтырды. Араларында бірде-бір ауру адам қалмағанда, Иса халыққа тәлім бере бастады (Лұқа 6:17—19). Көп ұзамай ол тәлім беруін аяқтағанда, халық естігендеріне таң-тамаша қалды. Не себепті?

11 Біраз жыл өте, сол уағызды тыңдаған кісілердің бірі былай деп жазды: “Халық Оның тәліміне қатты қайран қалды. Себебі Иса оларға... Құдайдан ерекше билігі бар Біреу ретінде тағылым берді” (Матай 7:28, 29). Олар Исаның билігі бар адам ретінде сөйлейтінін сезді. Ол Құдайдың атынан сөйлеген және ілімін Құдай Сөзіне негіздеген (Жохан 7:16). Исаның сөздері анық, ақыл-кеңестері әрекетке талпындыратын, ал дәлелдері бұлтартпайтын болған. Ол тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын, ал айтқандары тыңдаушыларының жүректеріне жететін. Иса бақытты болудың жолын көрсетті, сондай-ақ дұға етуді, Құдай Патшалығын іздеуді және қауіпсіз болашақтың негізін қалауды үйретті (Матай 5:3—7:27). Оның сөздері шындық пен әділдікке сусағандардың жүректерінен орын алды. Мұндай адамдар ‘өз еріктері бойынша өмір сүрулерін қойып’, бәрін тастап, Исаға еруге даяр болды (Матай 16:24; Лұқа 5:10, 11). Сөзімен құдіретті болу деп осыны айт!

“Ісімен... құдіретті”

12, 13. Қалайша Иса ‘ісімен құдіретті’ болған және қалайша оның жасаған кереметтері сан алуан түрлі болған?

12 Иса “ісімен де құдіретті” болған (Лұқа 24:19). Ізгі хабарларда Ехобаның құдіретімен Исаның отыздан аса жеке-жеке керемет жасағаны айтылады b (Лұқа 5:17). Оның кереметтерінің пайдасын мыңдаған адам көрді. Исаның екі кереметінің өзін, 5000 ер адамды, кейін 4000 ер адамды тамақтандырғанын алайықшы. Әйелдер мен балаларды қосқанда, ол жерде одан да көп мың адам болған! (Матай 14:13—21; 15:32—38).

13 Исаның жасаған кереметтері сан алуан түрлі болған. Ол жын-перілерге билік ете алған және оларды адамның бойынан оп-оңай қуып шығарған (Лұқа 9:37—43). Исаның физикалық процестерге де билігі жүрген, мысалы, ол бірде суды шарапқа айналдырған (Жохан 2:1—11). Исаның Ғалилея көлінің бетімен жүріп келе жатқанын көргенде, шәкірттері қалай таңғалғанын елестетіп көріңізші (Жохан 6:18, 19). Ол тән кемістігін, созылмалы, тіпті емделмейтін ауруларды жаза алатын (Марқа 3:1—5; Жохан 4:46—54). Сондай-ақ мұндай науқастарды түрлі жолдармен сауықтырған. Біреулерді қол тигізіп сауықтырған болса, өзге біреулерді қасына бармай-ақ сауықтырған (Матай 8:2, 3, 5—13). Әлдебіреулер ауруынан бірден, ал басқалары жаймен айыққан (Марқа 8:22—25; Лұқа 8:43, 44).

Олар көл бетімен жүріп келе жатқан Исаны көрді

14. Өлімге де билігі жүретінін Иса қандай жағдайларда көрсетті?

14 Ал, ең кереметі, Иса өлімге де билік еткен. Иса өлілерді тірілткен үш жағдай жөнінде мәлімет бар: әке-шешесіне 12 жасар қызын, жесір әйелге жалғыз баласын және сүйікті інісін әпкелеріне қайтарған (Лұқа 7:11—15; 8:49—56; Жохан 11:38—44). Оған еш нәрсе кедергі болмаған. Ол он екі жасар қызды қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай тірілткен. Жесір әйелдің ұлын, ал оның сол күні өлгені сөзсіз, қабірге қояр жолда тірілткен. Ал Елазарды өлгеніне төрт күн болып, қабірде жатқан жерінен тұрғызып алған.

Күшті риясыз, қырағылық және қамқорлық танытып қолдану

15, 16. Исаның өз күшін риясыз қолданғаны неден көрінеді?

15 Егер қолында билігі бар кемелсіз адамда Исанікіндей күш болса, оның қаншалықты теріс қолданылуы мүмкін екенін елестете аласың ба? Бірақ Иса еш күнә жасамаған (Петірдің 1-хаты 2:22). Ол кемелсіз адам баласын қолдағы билігін өзгелерге зиян келтіру үшін қолдануға талпындыратын өзімшілдік, мансапқорлық пен ашкөздікке бой алдырмаған.

16 Иса күшін өз пайдасын көздеп емес, әрқашан риясыздықпен қолданған. Бірде ол аш болып тұрса да, өзі үшін тасты нанға айналдырудан бас тартқан (Матай 4:1—4). Исаның дүние-мүлкі өте аз болған, ал бұдан оның өз күшін баю үшін қолданбағаны көрінеді (Матай 8:20). Құдіретті істерін риясыздықпен атқарғанының тағы бір дәлелі бар: Иса кереметтер жасағанда, өзіне азды-көпті залал келіп отырған. Мысалы, науқас кісілерді сауықтырғанда, бойынан біраз күш шығатын. Ол мұны тіпті бір ғана адамды сауықтырғанның өзінде сезетін (Марқа 5:25—34). Соған қарамастан Иса бүкіл халықтың өзіне қол тигізуіне рұқсат ететін, ал олар сауығып кетіп жататын (Лұқа 6:19). Неткен риясыздық!

17. Иса күшін қырағылықпен қолданатынын қалай көрсеткен?

17 Сонымен қатар Иса өз күшін қырағылықпен қолданған. Ол ешқашан құдіретті істерін тек жұртқа көріну үшін немесе сахналық қойылым іспетті жасамаған (Матай 4:5—7). Иса еріккен Иродқа ермек болу үшін ғана керемет жасағысы келмеген (Лұқа 23:8, 9). Ол күшін жарнама етпеген, қайта, өзі сауықтырған адамдарға ешкімге тіс жармауды ескертетін (Марқа 5:43; 7:36). Иса өзі жайлы жұрттың даурықпа әңгімеге елігіп тұжырым жасағанын қаламаған (Матай 12:15—19).

18—20. а) Исаның күшін қалай қолданғанына не әсер еткен? ә) Исаның бір саңырау кісіні емдегені саған қалай әсер етті?

18 Күші бар бола тұра өзгелердің қажеттілігін ескеріп, қайғысына ортақтаспайтын билеушілерге құдіретті кісі Иса мүлдем ұқсамайтын. Ол халықтың қамын ойлайтын. Жапа шегіп жүргендердің түрлерін көргеннің өзі Исаның көңілін толқытып, бойында олардың қайғысын жеңілдетуге деген ықылас оятатын (Матай 14:14). Иса олардың сезімдері мен қажеттіліктеріне мұқият болған; оның жанашыр қамқорлығы күшін қалай қолданатынына әсер ететін. Осыған қатысты Марқа 7:31—37-де жүрекке жылы тиетін мысал жазылған.

19 Бір күні қалың халық Исаны тауып алып, ауру адамдарды әкеледі де, ол бәрін айықтырады (Матай 15:29, 30). Бірақ Исаның назары бір кісіге ерекше ауады. Ол кісі саңырау, тілінің де мүкісі бар еді. Иса оның ерекше қобалжып, қысылып тұрғанын сезсе керек. Иса оны қамқорлықпен елдің көзінен таса жерге апарады да, ымдап не істейтінін көрсетіп, ‘екі саусағын оның құлақтарына тығады. Бұдан кейін түкіріп тастап, қолын кемтардың тіліне тигізеді’ c (Марқа 7:33). Сосын, дұға айтып тұрып күрсінеді. Бұл әрекеті сол кісіге “менің саған істейтінім Құдайдан келген күштің арқасында” дегенді білдіргені еді. Ақырында, Иса: “Ашыл!”— дейді (Марқа 7:34). Содан әлгі кісінің құлағы ашылып, тілі де күрмелмей сөйлейтін болады.

20 Исаның Құдай берген күшін жапа шегіп жүргендерді емдеу үшін қолданғанда да, адамның сезімін ескергені қалайша жүрекке жылы тиеді десеңші! Патшалығындағы билікті Ехобаның осындай жанашыр әрі қамқор Билеушіге тапсырғаны көңілімізге жұбаныш береді емес пе?

Болашақтың нышаны

21, 22. а) Исаның кереметтері ненің нышаны болған? ә) Иса табиғи күштерге билігін жүргізе алатындықтан, Патша ретінде билік еткенде не болады деп күте аламыз?

21 Исаның жер бетінде жасаған құдіретті істері — болашақтағы әлдеқайда зор баталардың мұнартқан сәулесі ғана. Құдайдың жаңа дүниесінде Иса тағы да кереметтер жасайтын болады, бірақ олар өте көлемді болмақ! Көңіл толқытатын осындай өзгерістердің кейбірін қарастырып көрейік.

22 Иса жер экологиясын керемет тепе-теңдікте болатындай етіп қалпына келтіреді. Оның желге тыйым салып, табиғат күштеріне билігін жүргізе алатынын есіңе түсірші. Олай болса, Иса Патша болғанда, адамзаттың тайфун, жер сілкінісі, жанартаудың атқылауы және басқа да табиғи апаттардан қорқуына негіз болмайтыны шүбәсіз. Иса кезінде Шебер жұмысшы ретінде Ехобамен Жер мен ондағы тіршілік атаулыны жаратуға қатысқандықтан, планетамыздың қалай құрастырылғанын толық түсінеді. Сондай-ақ оның ресурстарын қалай дұрыс пайдалануды да біледі. Иса басшылық еткен уақытта, бүкіл жер беті Жұмаққа айналады (Лұқа 23:43, ЖД).

23. Патша ретінде Иса адамзаттың қажеттіліктерін қалай қанағаттандырады?

23 Адамзаттың қажеттіліктері жөнінде не деуге болады? Исаның азғантай ғана аспен мыңдаған адамды қалағанынша тойдыра алатындығы аштық болмайтынына сенімділік береді. Жер бетінде астық мол әрі әділдікпен үлестірілетін болады, аштық атаулы түп тамырымен құриды (Забур 71:16). Иса құдіретінің арқасында ауру атаулыны жойып, сондай-ақ зағип, саңырау, кемтар, ақсақ жандарды толық әрі мәңгіге айықтырады (Ишая 33:24; 35:5, 6). Ал өлілерді тірілте алатындығы Әкесі есіне алуды аңсайтын адамдарды Исаның көктегі құдіретті Патша ретінде қайта тірілтетініне кепілдік береді (Жохан 5:28, 29).

24. Исаның күші туралы ой жүгірткенде, нені жадымызда ұстағанымыз жөн және неге?

24 Исаның күші жөнінде ой жүгірте отырып, Ұлы Әкесіне кемелді түрде еліктейтінін жадымызда ұстайық (Жохан 14:9). Исаның күшін қалай қолданғанынан Әкесінің өз күшін қалай қолданатыны анық көрінеді. Мысалы, бір алапес кісіні Исаның қандай жанашырлықпен сауықтырғаны туралы ойлашы. Жаны ашып, елжіреген Иса әлгі кісіге қолын тигізіп: “Қалаймын”,— дейді (Марқа 1:40—42). Ехоба осындай тармақтар арқылы, былайша айтқанда: “Міне, мен күшімді осылай қолданамын!”— дейді. Күшін осындай сүйіспеншілікпен қолданатыны үшін құдіретті Құдайымызды мадақтап, ризашылығыңды білдіргің келеді емес пе?

a Ғалилея көлінде аяқ асты дауылдың болуы үйреншікті құбылыс. Теңіз деңгейінен (шамамен 200 метрдей) төмен орналасқандықтан, айналадағы басқа жерге қарағанда ондағы ауа анағұрлым жылы, осының салдарынан атмосферадағы ауа температурасы өзгеріп тұрады. Сондай-ақ Ғалилея көлінің теріскей жағында орналасқан Хермон тауынан Иордан өзенінің аңғарымен қатты жел соғады. Мүлгіген тыныштық қас-қағым сәтте сұрапыл дауылға айналып кетуі мүмкін.

b Кейде Ізгі хабарларда көп кереметті жалпылап бір жағдай ретінде суреттей салады. Мысалы, бірде Исаға “күллі қала халқы” келіп, ол “талай” науқастарды сауықтырған (Марқа 1:32—34).

c Яһудилер үшін де, басқа халықтар үшін де түкіру емдеудің белгісі болатын, сондай-ақ раввиндердің жазбаларында да ем үшін сілекейдің қолданылатыны жазылған. Бірақ Иса емдегелі жатқанын әлгі кісіге түсіндіру үшін ғана түкірсе керек. Қалай болған күнде де, Иса сілекейін табиғи ем ретінде қолданбаған.