Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ТАРАУ

“Ехобаның құдіреті күшті”

“Ехобаның құдіреті күшті”

1, 2. Ілияс өмірінде қандай жайттарды көрген, бірақ Хориб тауындағы үңгірде тұрып қандай аса әсерлі жайттардың куәсі болды?

 ІЛИЯС бұрын да таңғажайып жайттарды көрген: жасырынып жүргенінде, күніне екі рет қарғалар оған тамақ әкеліп беріп тұрды; ұзаққа созылған аштық кезінде ыдыстағы ұн мен май еш сарқылмады; дұғасына жауап ретінде көктен от түсті (Патшалықтар 3-жазба 17, 18-тараулар). Сөйткенмен де келесідей жайтты Ілияс ешқашан көрген емес еді.

2 Ілияс Хориб тауында үңгірдің аузында тұрып, аса әсерлі бірқатар жайттың куәсі болды. Алдымен жел тұрды. Ол гуілдеп, құлақ тұндыра гүрсілдесе керек, өйткені желдің қатты болғаны соншалық, тауларды шағып, жартастарды жарып, опырып тастайды. Одан кейін жер қыртысынан орасан зор энергия шығарған жер сілкінісі болды. Сосын, өрт басталды. Ілияс айналаны алып кеткен өрттің ыстық лебін сезсе керек (Патшалықтар 3-жазба 19:8—12).

3. Ілияс Құдайдың қандай қасиетінің дәлелін көрді және бұны біз қайдан көре аламыз?

3 Осы түрлі оқиғаларға ортақ бір нәрсе бар: олар Ехоба Құдайдың құдіретті күшін паш еткен. Әрине, Құдайдың ерен күші бар екенін түсіну үшін біздерге кереметтің қажеті жоқ. Оны онсыз да оп-оңай байқауға болады. Киелі кітапта Ехобаның ‘кұдіреті мен құдайлық болмысын’ жаратылыстары дәлелдейтіні айтылған (Римдіктерге 1:20). Жарқ-жұрқ етіп ойнаған найзағай, күннің күркіреуі, гүрілдеп құлай аққан зор сарқырама, ұшы-қиыры жоқ жұлдызды аспан жөнінде ойлап көрші! Осындай ғакөріністерден Құдайдың күші көрінеді емес пе? Десе де бүгінде азды-кемді адам ғана Құдайдың күшін шынымен мойындайды. Ал оны дұрыс қабылдайтындар одан да аз. Алайда Ехобаның осы қасиетін түсінгеніміз оған жақындай түсуімізге көптеген негіз береді. Осы бөлімде Ехобаның теңдесі жоқ күшін егжей-тегжейлі қарастырамыз.

“Қара! Ехоба өтіп бара жатыр”

Ехобаның негізгі қасиеттерінің бірі

4, 5. а) Ехобаның есімі қалай сипатталған? ә) Ехобаның күшінің бейнесі ретінде бұқаны таңдағаны неге орынды?

4 Ехобаға күшімен тең келер ешкім жоқ. Еремия 10:6-да (ЖД) былай делінген: “Саған тең келер ешкім жоқ, уа, Ехоба. Сен ұлысың, әрі есіміңнің құдіреті зор”. Ехобаның есімі құдіреті зор деп сипатталғанына көңіл бөлші. Есіңде ме, оның есімі “ол болғызады” дегенді білдіретін еді ғой. Ненің арқасында Ехоба кім болғысы келсе, сол болады? Ең алдымен, күшінің арқасында. Иә, Ехобаның әрекет ету, яки өз еркін жүзеге асыру, мүмкіндігіне еш тосқауыл жоқ. Мұндай күш — оның негізгі қасиеттерінің бірі.

5 Ехобаның күші қаншалықты зор екенін біз ешқашан толық түсіне алмаймыз, сондықтан ол бізге көмектесу үшін мысалдар қолданады. Өзіміз көргендей, күшінің бейнесі ретінде ол бұқаны алған (Езекиел 1:4—10). Бұл орынды да, өйткені үй жануары ретінде ұстайтын бұқаның өзі зор әрі күшті болып келеді. Киелі кітап жазылып жатқанда, Палестинада тұрған адамдар бұқадан күшті жануарды сирек көрген, тіпті ешқашан көрмеген болар. Бірақ олар бүгінде жойылып кеткен, анағұрлым айбарлы, жабайы бұқа тур жайында білген (Әйүп 39:9—12). Бірде Рим билеушісі Юли Цезарь олардың пілден сәл-ақ кіші болғанын айтқан. Ол: “[Турдың] күші де, жылдамдығы да зор”,— деп жазған. Осындай жаратылыстың қасында өзіңді қаншалықты кішкентай әрі әлсіз сезінетініңді ойлап көрші!

6. Неге тек Ехоба ‘құдіреті шексіз Жаратқан Ие’ деп аталады?

6 Сол сияқты құдіретті Құдай Ехобамен салыстырғанда адам титімдей әрі әлсіз. Ол үшін тіпті күшті халықтардың өзі таразыға қонған шаң іспетті (Ишая 40:15). Өзге жаратылыс сияқты емес, Ехоба — шексіз күш иесі, сондықтан тек сол ғана ‘құдіреті шексіз Жаратқан Ие’ a деп аталады (Қорынттықтарға 2-хат 6:18). Ехобаның “құдіреті сонша зор” (Ишая 40:26). Ол — сарқылмас күштің Қайнар көзі. Ол сырттан келетін қайрат-жігерге мұқтаж емес, өйткені “күш Құдайға тиесілі” (Забур 62:11, ЖД; [61:12]). Олай болса, Ехоба өз күшін қалай көрсетеді?

Ехобаның күшін көрсетуі

7. Ехобаның киелі рухы деген не және түпнұсқа тілдерінде ол нені білдіреді?

7 Ехобадан киелі рух толассыз келіп тұрады. Бұл — Құдайдың әрекеттегі күші. Сол себепті Жаратылыс 1:2-де (ЖД) ол Құдайдың “әрекет етуші күші” деп аталады. Көне еврей және грек тілдерінен “рух” деп аударылған сөзді, мәнмәтінге қарай “жел”, “тыныс”, “леп” деп аударуға да болады. Тіл мамандарының ойынша, бұл сөз түпнұсқа тілдерінде әрекеттегі көзге көрінбейтін күш дегенді білдіреді. Құдайдың рухы жел сияқты көзімізге көрінбейді, бірақ оның әсері анық әрі байқалып тұрады.

8. Киелі кітапта Құдайдың рухына қатысты қандай бейнелі сөздер қолданылады және неге бұл орынды?

8 Құдайдың киелі рухы шексіз бейімделе береді. Ехоба оны кез келген ниетін жүзеге асыру үшін қолдана алады. Сондықтан Киелі кітапта Ехобаның рухына қатысты Құдайдың “саусағы”, “қолы”, “құдіретті қолы” деген бейнелі сөздер орынды қолданылған (Мысырдан шығу 8:19, сілтемеге қара, Забур 8:4, Ишая 5:25). Адам қолымен әр түрлі күш салуды немесе шеберлікті талап ететін сан алуан жұмысты істей алатыны сияқты, Құдай да өте кішкентай атомды жарату, Қызыл теңізді қақ айыру немесе бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге басқа тілдерде сөйлеуге мүмкіндік беру сияқты кез келген ниетін жүзеге асыру үшін өз рухын қолдана алады.

9. Ехобаның күші билігі арқылы қалай көрінеді?

9 Ехоба өз күшін Әлемнің Әміршісі ретіндегі билігі арқылы да көрсетеді. Қол астыңда бұйрықтарыңды орындауды барынша қалап тұрған миллиардтаған саналы тұлғалардың бар екенін елестете аласың ба? Ехобаның осындай билігі бар. Оның Жазбаларда жиі жасақ не әскер деп аталатын адами қызметшілері бар (Мысырдан шығу 7:4; Забур 109:3, сілтемеге қара). Алайда періштеге қарағанда, адам әлсіз жаратылыс. Ассирия қолы Құдай халқына қарсы көтерілгенде, жалғыз періштенің өзі бір түннің ішінде 185 000 сарбазды қырып салған! (Патшалықтар 4-жазба 19:35) Құдайдың періштелерінің “құдіреті күшті” (Забур 102:19, 20).

10. а) Неге Құдіреті шексіз Құдай Әскерлер Басшысы Ехоба деп аталады? ә) Ехобаның жаратылыстарының ішіндегі ең мықтысы кім?

10 Құдайдың қанша періштесі бар? Даниял пайғамбар аян алып, көктегі Ехобаның тағының алдында 100 миллионнан аса рухани жаратылыстардың тұрғанын көрген, бірақ еш жерде бұл періштелердің толық саны екені айтылмаған (Даниял 7:10). Періштелердің саны жүздеген миллион болуы да мүмкін. Сондықтан Құдай Әскерлер Басшысы Ехоба деп аталады. Бұл лауазым оның көп әрі ұйымдасқан мықты періштелерден тұратын қолдың Әскербасы деген зор дәрежесіне нұсқайды. Ол бүкіл рухани жаратылыстарының үстінен ‘жаратылыс атаулыдан бұрын бар болған’ жалғыз Ұлын басшы етіп қойған (Қолостықтарға 1:15, сілтемеге қара). Иса — бас періште ретінде, яғни бүкіл періштелер, серафимдер мен керубтердің басшысы ретінде, Ехобаның жаратылыстарының ішіндегі ең мықтысы.

11, 12. а) Құдай күшін қалайша көрсетеді? ә) Иса Ехобаның күші жайлы не деген?

11 Ехоба тағы бір жолмен күшін көрсетеді. Еврейлерге 4:12-де: “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті”,— делінген. Бүгінде Киелі кітапта жазылған Құдай сөзінің, немесе рухтың жетелеуімен жазылған хабарының, керемет күшін көргенсің бе? Бұл бізді нығайтып, сенімімізді берік етіп, өмірімізде зор өзгерістер жасауымызға көмектеседі. Елші Пауыл бауырластарын азғындыққа салынып кеткен адамдардан сақ болуға шақырып, сосын: “Бұрын кейбіреулерің сондай болдыңдар”,— деп қосты (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Иә, “Құдай сөзі” олардың бойларында күшін көрсетіп, өзгерулеріне көмектескен.

12 Ехобаның күші шексіз зор, әрі ол оны керемет тиімді қолданатыны соншалық — оған ештеңе қарсы тұра алмайды. Иса: “Құдайдың қолынан бәрі де келеді”,— деген (Матай 19:26). Олай болса, Ехоба күшін қандай ниетке сай қолданатынын қарастырып көрелік.

Ниетке сай қолданылатын күш

13, 14. а) Неге Ехобаны дерексіз күш деуге болмайды? ә) Ехоба күшін не үшін қолданады?

13 Ехобаның рухы кез келген физикалық энергиядан әлдеқайда зор. Сондай-ақ Ехоба дерексіз күш немесе күштің жай қайнар көзі ғана емес. Ол — Тұлға, әрі күшін толықтай билеп отырады. Олай болса, күшін қолдануға оны не талпындырады?

14 Өзіміз көретіндей, Құдай өз күшін жарату, жою, қорғау және қалпына келтіру үшін — қысқасы, кемелді ниетіне сай қолданады (Ишая 46:10). Кейбір жағдайларда Ехоба күшін өз болмысының маңызды қырларын немесе белгілі нормаларын ашу үшін қолданады. Ал, ең бастысы, ол күшін өзінің еркін жүзеге асыру үшін — Мәсіхтің Патшалығы арқылы киелі есімін қастерлі етіп, оның билік ету жолы ең жақсы екенін көрсету — үшін жұмсайды. Ехобаның осы ниетінің жүзеге асуына ештеңе тосқауыл бола алмайды.

15. Ехоба қызметшілеріне қатысты өз күшін қалай қолданады және Ілияспен болған жағдайдан бұл қалай көрінеді?

15 Сонымен қатар Ехоба күшін әрқайсымыздың мүддеміз үшін қолданады. Шежірелер 2-жазба 16:9-да жазылған сөздерге көңіл бөлші: “Жаратқан Иенің көзі — Өзіне жүрегімен берілгендерді қолдау үшін — күллі жерді шолып тұрады”. Жоғарыда әңгімеленген Ілиястың басынан өткен жайт осының бір мысалы. Не үшін Ехоба оған өз күшін осылайша аса әсерлі етіп көрсетті? Залым патшайым Езабел Ілиясты өлтіремін деп ант ішкен болатын. Содан пайғамбар жан сауғалап қашып кетеді. Ол сонша күш салған еңбегінің бәрі еш кеткендей сезініп, бойын жалғыздық, үрей билеп, ұнжырғасы түседі. Салы суға кеткен қызметшісін жұбату үшін Ехоба күшінің қандай зор екенін керемет түрде Ілиястың есіне салады. Жел, жер сілкінісі мен өрт Әлемдегі ең күшті Тұлғаның Ілиястың жағында екенін көрсетеді. Құдіретті Құдайдың өзі оған жақ болса, ол Езабелден қорқу керек пе? (Патшалықтар 3-жазба 19:1—12) b

16. Неге Ехобаның зор күші жайлы ойланғанымыз жұбаныш береді?

16 Қазір Ехоба кереметтер жасамайды, сөйтсе де Ілиястың заманынан бері ол өзгерген жоқ (Қорынттықтарға 1-хат 13:8). Бүгінгі күні де ол өзін сүйетіндердің мүддесі үшін күшін қолдануды қатты қалайды. Рас, Құдай асқақ рухани әлемде мекендейді, бірақ ол бізден алыс емес. Оның күші шексіз, сондықтан қашықтық оған тосқауыл емес. Қайта, ‘Ехоба өзін шақырғандардың барлығына жақын’ (Забур 145:18, ЖД; [144:18]). Бірде Даниял пайғамбар Ехобадан көмек сұрап жалбарынғанда, ол дұғасын аяқтап болмай-ақ, алдына бір періште келіп тұра қалады! (Даниял 9:20—23) Өзін сүйетіндерге көмектесіп, нығайту үшін Ехобаға ештеңе кедергі бола алмайды (Забур 117:6).

Құдайдың күші оны ешкім жуымайтын, суық ете ме?

17. Ехобаның күші бойымызда қандай қорқыныш тудыруы керек, ал қандай қорқыныш тудырмауы керек?

17 Құдайдың күші бізде қорқыныш тудыруы керек пе? Иә деуге де, жоқ деуге де болады. “Иә” дейтін себебіміз бұл қасиет, алдыңғы тарауда қысқаша талқыланғандай, қадір тұту, терең қастерлеу және сыйлаудан туындайтын қорқыныш сезінуге көптеген негіз береді. Киелі кітапқа сай мұндай қорқыныш — “даналықтың бастауы” (Нақыл сөздер 9:10). Ал “жоқ” дейтін себебіміз Құдайдың күші одан жан ұшыра қорқуға немесе одан қашқақтауға негіз бермейді.

18. а) Неге көп адам билігі барларға сенім артпайды? ә) Күші Ехобаны бұзып жібермейтінін біз қайдан білеміз?

18 “Билік бұзады, ал барлық билік қолда болса, барынша бұзады”. Бұл сөздерді ағылшын тарихшысы лорд Эктон жазған. Тым көп адам мұны бұлтартпайтын шындық деп есептейтіндіктен болар, оның сөздері жиі қайталанып жатады. Тарих қайта-қайта дәлелдеп отырғандай, кемелсіз адам күшін жиі теріс қолданады (Екклесиаст 4:1; 8:9). Сол себепті көп адам билігі барларға сенім артпайды, әрі оларға жақындауға құлқы бармайды. Ал Ехобаның қолында бүкіл билік бар. Бұл оны бұза ма? Мүлдем бұзбайды! Өзіміз көргендей, ол киелі, яғни бұзылу деген оған мүлдем жат нәрсе. Ехоба қазіргі бұзылған дүниедегі кемелсіз адамдар сияқты емес. Ол ешқашан күшін теріс қолданбаған, қолданбайды да.

19, 20. а) Ехоба өз күшін әрқашан қандай қасиеттермен үйлесімділікте қолданады және неге бұл бізді нығайтады? ә) Ехобаның ұстамдылығын мысал арқылы қалай түсіндіріп берер едің және неге бұл сен үшін тартымды қасиет?

19 Күш — Ехобаның бойындағы жалғыз қасиет емес. Осының алдында біз оның әділ, дана және сүйіспеншілік екені туралы білдік. Бірақ Ехоба әр жағдайда бір ғана қасиетін танытып, әрі оларды ойланбай көрсете салады деп ойламауымыз керек. Керісінше, келесі тараулардан көретініміздей, Ехоба әрқашан өзінің күшін әділдік, даналық және сүйіспеншілік сияқты қасиеттерімен үйлестіріп қолданады. Қазіргі әлемнің билеушілерінде сирек кездесетін Ехобаға тән тағы бір қасиет, яғни ұстамдылық, жөнінде ойлап көрші.

20 Сен түр-тұрпатының өзі қорқыныш тудыратын сом денелі, күшті адамды кезіктірдің делік. Бірақ уақыт өте келе, оның жұмсақ кісі екенін байқайсың. Ол үнемі өз күшін өзгелерді, әсіресе қорғансыз, жаны нәзік адамдарды, қорғау үшін қолдануға даяр, тіпті соны қалап тұрады. Күшін ешқашан теріс қолданбайды. Себепсіз айып тағылғанына қарамастан, ол бәрібір берік, сөйтсе де өзін сабырлы, байыппен ұстайды, тіпті мейірімділік танытады. Сен: “Сол сияқты күшті болсам, тап сондай жұмсақтық пен ұстамдылық таныта алар ма едім?”— деп ойларсың. Сол адамды білген сайын оған жақындай түскің келмес пе еді? Ал құдіретті Ехобаға жақындауға бізде бұдан әлдеқайда көп себеп бар. Осы тараудың тақырыбы негізделген тармақты толық оқып көрші: “Ехоба ашулануға асықпайды, құдіреті де күшті” (Нағұм 1:3, ЖД). Ехоба адамдарға, тіпті зұлым адамдарға да, күшін көрсетуге асықпайды. Ол жұмсақ әрі қайырымды. Ол өзін көп рет ренжіткенде де ‘ашулануға асықпаған’ (Забур 77:37—41).

21. Неге Ехоба адамдарды өз еркін орындауға мәжбүрлемейді және бұдан ол жайлы не білеміз?

21 Ехобаның ұстамдылығын басқа қырынан қарастырып көрейік. Егер шексіз күшің болса, кейде өзгелерді өз дегеніңмен жүргізгің келер ме еді? Ехоба соншалықты күш иесі бола тұра, адамдарды өзіне қызмет етуге мәжбүрлемейді. Тіпті оған қызмет ету мәңгілік өмірге жетудің бірден-бір жолы болса да, Ехоба ешкімді күштемейді. Оның орнына, ол әр адамның жеке тұлға екендігін ескеріп, мейірімділікпен таңдау еркіндігін берген. Ехоба бұрыс талғаудың салдары қандай болатынын ескертіп, дұрыс талғаудың жемісі қандай болатыны туралы айтады. Ал бірақ шешім қабылдауды өзімізге қалдырады (Заңды қайталау 30:19, 20). Ехоба біздің оған ықтиярсыз немесе зор күшінен шошынғандықтан қызмет еткенімізді мүлдем қаламайды. Ол өзіне сүйіспеншілікпен қуана қызмет ететіндерді іздейді (Қорынттықтарға 2-хат 9:7).

22, 23. а) Өзгелерге күш пен билік беру Ехобаны қуанышқа бөлейтіні неден көрінеді? ә) Келесі тарауда не нәрсеге көңіл қоятын боламыз?

22 Енді Құдіретті Құдайдан неге қалтырай қорқудың қажеті жоқ екендігінің соңғы себебін қарастырайық. Әдетте билігі бар адамдар оны өзгелермен бөлісуден қорқады. Алайда Ехобаны адал қызметшілеріне өкілеттік беру қуанышқа бөлейді. Ол өз Ұлына бергендей, өзгелерге де билік береді (Матай 28:18). Ехоба басқалай жолмен де қызметшілеріне күш пен билік береді. Киелі кітапта былай түсіндірілген: “Ұлылық та, құдірет те, даңқ та, жеңіс те, сұлулық та, көк пен жердегінің бәрі де Жаратушы, Сенікі... Күш пен құдірет сенің қолыңда, бәрін ұлық ету және күшейту Сенің билігіңде” (Шежірелер 1-жазба 29:11, 12).

23 Иә, Ехоба саған күш беруді қалайды. Ол өзіне қызмет еткісі келетіндерге, тіпті “шексіз зор құдірет” береді (Қорынттықтарға 2-хат 4:7). Өз күшін осындай мейірімділікпен әрі жоғары моральдық принциптерге сай қолданатын құдіретті Құдайға жақындағың келер ме еді? Келесі тарауда Ехобаның жасампаз күшін қалай қолданатынына көңіл қоямыз.

a “Құдіреті шексіз Жаратқан Ие” деп аударылған грек сөзі сөзбе-сөз “Бәрінің үстінен Билеуші; күш атаулының Иесі” дегенді білдіреді.

b Киелі кітапта Ехоба “желде емес... жер сілкінуде емес... отта емес” делінген. Ехобаның қызметшілері ойдан шығарылған табиғат күшінің құдайларына табынатындар сияқты емес, әрі олар Ехобаны табиғат күші ретінде қабылдамайды. Құдай шексіз зор, ол өзі жаратқан нәрселердің бөлігі бола алмайды (Патшалықтар 3-жазба 8:27).