Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ТАРАУ

Құдай алдында ‘әділ әрекет ет’

Құдай алдында ‘әділ әрекет ет’

1—3. а) Неге біз Ехобаның алдында борыштымыз? ә) Сүйіспеншілікке толы Құтқарушымыз бізден не күтеді?

 БАТЫП бара жатқан кемеде қалып қойғаныңды елестетіп көрші. “Құрдымға кеттім” деп ойлай бергенің сол екен, құтқарушы келіп, сені өлім аузынан алып қалады. Ол: “Міне, енді қорқыныш жоқ!”— дегенде, қандай жеңілдік сезіндің десеңші! Сол кісінің алдында өзіңді борышты сезінеді емессің бе? Иә, сен оған өмірің үшін борыштысың.

2 Қандай да бір мағынада бұл мысал Ехобаның біз үшін не істегенін суреттейді. Оның алдында борышты екеніміз айдан анық. Ол күнә мен өлімнің құрсауынан құтылуға мүмкіндік беріп, біз үшін азаттық төлемін төледі ғой. Осы құнды құрбандыққа сенім білдірсек, күнәларымыз кешіріліп, мәңгі өмір сүруге үміттене алатынымызды білгеніміз зор жұбаныш береді (Жоханның 1-хаты 1:7; 4:9). 14-тараудан көргеніміздей, азаттық төлемі — Ехобаның сүйіспеншілігі мен әділдігінің ең керемет көрінісі. Ал біз өз тарапымыздан не істеуіміз керек?

3 Сүйіспеншілікке толы Құтқарушымыздың бізден не күтетінін қарастырғанымыз орынды болар. Ехоба Миха пайғамбар арқылы былай деген: “О, адам, саған жақсылықтың не екендігі айтылған. Ехоба сенен нені талап етеді: әділ әрекет етуді, мейірімділікті сүюді және Құдайдың алдында қарапайымдылықпен жүруді ғой?” (Миха 6:8, ЖД). Байқашы, Ехобаның бізден күтетін нәрселерінің бірі — “әділ әрекет ету”. Мұны іс жүзінде қалай істеуге болады?

“Нағыз әділетті” болуға ұмтыл

4. Ехобаның бізден өзінің әділ нормаларына сай өмір сүреді деп күтетінін қайдан білеміз?

4 Ехоба бізден өзінің жақсылық пен жамандыққа қатысты нормаларына сай өмір сүреді деп күтеді. Ал оның нормалары әділ, сондықтан оларды ұстанғанымыз — әділдікке ұмтылатындығымыздың белгісі. Ишая 1:17-де: “Жақсылық істеуді үйреніп, әділдікке ұмтылыңдар!”— делінген. Құдай Сөзі ‘әділдікті іздеуге’ шақырады (Софония 2:3, ЖД). Сондай-ақ “Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, нағыз әділетті” адам болуға талпындырады (Ефестіктерге 4:24, сілтемені қара). “Нағыз әділетті” адам зұлымдықтан, арам нәрселер мен азғындықтан аулақ жүреді, өйткені бұлар қасиеттіні арамдайды (Забур 10:5; Ефестіктерге 5:3—5).

5, 6. а) Ехобаның нормалары неге біз үшін ауыртпалық емес? ә) Киелі кітапта әділдікке ұмтылудың үздіксіз процесс екені қалай көрсетіледі?

5 Ехобаның әділ нормалары біз үшін ауыртпалық па? Жоқ. Жүрегіміз Ехобаға жақындауды қалап тұрса, оның талаптары ауыртпалық болмайды. Құдайымызды және онымен байланысы бар нәрсенің бәрін сүйеміз, сондықтан оған ұнамды өмір сүргіміз келеді (Жоханның 1-хаты 5:3). Ехобаның ‘әділ әрекетті сүйетінін’ есіңе алшы (Забур 11:7, ЖД; [10:7]). Егер Ехобаның әділдігіне шынымен еліктейтін болсақ, ол жақсы көргенді жақсы көріп, жек көргенді жек көруіміз керек (Забур 96:10).

6 Кемелсіз адамдарға әділдікке ұмтылу оңай емес. Біз, былайша айтқанда, күнәкар болмысымызды іс-әрекетімен қоса “шешіп тастап”, жаңа болмысты “киіп алуымыз” керек. Ал Киелі кітапқа сай, болмысымызды ‘жаңартып беретін’ — тура білім (Қолостықтарға 3:9, 10, сілтемені қара). Мұнда түпнұсқа тілінен “жаңару” деп аударылған сөз жаңа болмысқа ие болу барынша күш салуды талап ететін үздіксіз процесс екеніне нұсқайды. Алайда дұрыс әрекет етуге қанша тырысып бақсақ та, күнәкар болмысымыздың кесірінен ойымызбен, сөзімізбен не ісімізбен қателік жасап қоятын кездеріміз болып жатады (Римдіктерге 7:14—20; Жақып 3:2).

7. Әділдікке деген ұмтылысымыз әрдайым сәтті бола бермейтініне қалай қарауымыз керек?

7 Әділдікке деген ұмтылысымыз әрдайым сәтті бола бермейтініне қалай қарауымыз керек? Әрине, күнәнің аты — күнә. Бірақ аяғымызды шалыс басып қойғандықтан, енді Ехобаға қызмет етуге лайықсызбын деген ойдан аулақ болуымыз керек. Мейірімді Құдайымыз шын көңілден өкінген адамның Өзіне ұнамды бола алуы үшін қам жасаған. Осыған орай, елші Жоханның жұбаныш беретін сөздеріне көңіл бөлейікші. Ол: “Сендер күнә жасамасын деп осыны жазып отырмын”,— деген. Сосын, былай деп қосты: “Алайда, егер біреуің [мұра еткен кемелсіздіктің кесірінен] күнә жасап қойсаң, Әкенің алдында... Қорғаушымыз бар. Сол қорғаушымыз — Иса Мәсіх” (Жоханның 1-хаты 2:1). Иә, Исаның өз өмірін төлем құрбандығы ретінде беруі үшін Ехоба қам жасаған, әрі соның негізінде күнәға бейім екендігімізге қарамастан, қызметімізді қабыл алады. Бұл бізді қолымыздан келгенше Ехобаға ұнамды болуға талпындырады емес пе?

Ізгі хабар және Құдайдың әділдігі

8, 9. Қалайша ізгі хабардың жариялануы Ехобаның әділдігінің көрінісі болып табылады?

8 Егер Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауға барынша атсалысар болсақ, әділ әрекет етіп қана қоймаймыз, Құдайдың әділдігіне еліктейтінімізді де көрсетеміз. Ехобаның әділдігі мен ізгі хабардың арасында қандай байланыс бар?

9 Ехоба ескерту жасап алмай, осы зұлым дүниені жоймайды. Соңғы күндері не болатынын пайғамбарлық ете отырып, Иса: “Алдымен барлық ұлттарға ізгі хабар уағыздалуға тиіс”,— деген (Марқа 13:10, ЖД; Матай 24:3). Мұндағы “алдымен” деген сөз басқа оқиғалардың дүниежүзілік уағыздау ісінен кейін болатынына нұсқайды. Аталмыш оқиғаларға зұлымдардың жойылуын білдіретін және әділ жаңа дүниеге жол ашатын алдын ала айтылған ауыр азап та жатады (Матай 24:14, 21, 22). Сонда ешкімнің Ехоба зұлымдарға қатысты әділетсіз әрекет етті дей алмайтыны айдан анық. Ескертудің жариялануы арқылы ол қазір адамдардың өзіне бет бұрып, аман қалуларына жеткілікті мүмкіндік беруде (Жүніс 3:1—10).

10, 11. Қалай біздің уағыздағанымыз Құдайдың әділдігінің көрінісі болады?

10 Қалай біздің уағыздағанымыз Құдайдың әділдігінің көрінісі болады? Ең алдымен, бұл — өзгелердің құтқарылуына көмектесу үшін қолымыздан келетін жалғыз нәрсе. Батып бара жатқан кемеден құтқарылғаның туралы мысалды тағы қарастырып көрейікші. Құтқарушының қайығына мінген соң, әлі суда малтып жүрген өзге адамдарға көмектескің келеді емес пе? Тап сол сияқты әлі де осы зұлым дүниенің “суында” арпалысып жатқан адамдардың алдында біздің борышымыз бар. Рас, көп адам хабарымызды тыңдағысы келмей, теріс айналып жатады. Десе де Ехоба төзімділік танытып отырғанда, олардың “теріс жолдан қайтып”, аман қалуларына мүмкіндік беру — міндетіміз (Петірдің 2-хаты 3:9).

11 Кездестіргендердің бәріне ізгі хабарды айтуымызбен де әділдіктің тағы бір маңызды қырын көрсетеміз: біз ешкімді алаламаймыз. ‘Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамай, әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайтынын’ есіңе алшы (Елшілердің істері 10:34, 35). Егер оның әділдігіне еліктейтін болсақ, ешкімді алаламауымыз керек. Қайта, ешкімді нәсілі, қоғамдағы орны мен материалдық жағдайына қарай бөлектемей, ізгі хабарды бәріне жеткізгеніміз абзал. Осылайша өзімізді тыңдағандардың бәріне ізгі хабарды естуге және өз лебіздерін білдіруге мүмкіндік береміз (Римдіктерге 10:11—13).

Өзгелерге қатысты көзқарасымыз бен әрекеттеріміз

12, 13. а) Неге өзгелерге асығыс үкім айтпауымыз керек? б) Исаның “үкім айтпаңдар” және “айыптамаңдар” деген кеңесі нені білдіреді? (Сілтемені де қара)

12 Ехоба бізге қалай қараса, өзгелерге солай қарау арқылы да әділдік танытамыз. Өзгелердің қателіктерін сынап, ниеттерінің тазалығына күмәнданып үкім айту оп-оңай. Бірақ Ехобаның ниетіміз бен қателіктерімізді қатал сынға салғанын қайсымыз қалар едік? Ехоба бізге олай қарамайды. Забур жыршысы: “Егер Сен, Жаратқан, заңсыздықты байқап қалсаң [“заңсыздықтарды байқай берсең”, ЖД] — Жаратқан! бұған кім төтеп береді?”— деген (Забур 129:3). Әділ де мейірімді Құдайымыздың қателіктерімізді жіпке тізе бермейтініне қуанышты емеспіз бе? (Забур 102:8—10) Олай болса, біз өзгелерге қалай қарауымыз керек?

13 Егер Құдайдың әділдігі мейірімділікпен байланысты екенін терең түсінер болсақ, өзімізге қатысы жоқ жағдайларда үкім айтуға немесе өзгелердің болмашы қателіктерін сынауға асықпаймыз. Таудағы уағызында Иса мынадай ескерту айтқан: “Құдай өздеріңе үкім шығармас үшін сендер басқаларға үкім айтпаңдар!” (Матай 7:1) Ал Лұқаның сөзіне сай, Иса: “Айыптамаңдар, әйтпесе өздерің де айыпталасыңдар” a,— деп қосқан (Лұқа 6:37). Осылайша Иса кемелсіз адамның өзгелерге үкім шығаруға бейім екенін білетінін көрсеткен. Оны тыңдап отырғандардың арасында солай етуге әдеттеніп кеткендер болса, онысын доғаруға тиіс еді.

Жүрегі жаралы жандарды жігерлендірулерімен ақсақалдар Ехобаның әділдігін көрсетеді

14. Өзгелерге үкім айтуды доғаруға қандай себептер бар?

14 Неге біз өзгелерді айыптауды доғаруға тиіспіз? Мұның бір себебі — біздің билігіміз шектеулі. Шәкірт Жақып мынаны есімізге салады: “Өсиеттерді шығарушы да, соттаушы да — Біреу-ақ”. Ол — Ехоба. Сосын, ол: “Маңайыңдағыларды үкімдейтін соншама сен кімсің?”— деп тікелей сұрақ қойды (Жақып 4:12; Римдіктерге 14:1—4). Оның үстіне, күнәға бейім болғандықтан жаңсақ тұжырым жасап қоюымыз оп-оңай. Біздің түрлі бейімділіктеріміз — олардың ішінде алалаушылық, намысқорлық, көре алмаушылық, өзін дәріптеушілік — өзгелерді қалай қабылдайтынымызға әсер етуі мүмкін. Басқа да нәрселерде мүмкіндіктеріміз шектеулі, әрі солар жайлы ой жүгірткеніміз өзгеден кемшілік іздеуге асықпауға талпындыруы керек. Мысалы, біз өзгелердің жүрегінде не барын және олардың жағдайларын бүге-шігесіне дейін біле алмаймыз. Олай болса, бауырластарымыздың ниеттерінің тазалығына күмәнданатындай немесе Құдайға қызмет етуге деген ықыласына сын айтатындай біз кімбіз? Бауырластарымыздан кемшілік іздемей, қайта, Ехобаға еліктеп, бойларындағы жақсы нәрсені көре білгеніміз әлдеқайда артық емес пе!?

15. Құдайдың қызметшілерінің арасында қандай сөздер мен әрекеттерге орын жоқ және неге?

15 Ал отбасы мүшелері жөнінде не деуге болады? Бір өкініштісі, қазіргі дүниеде жанға жай беруі тиіс шаңырақ астында зілді айыптау сөздері айтылып жатады. Қызбалыққа салынған отағаларының, әйелдердің немесе ата-аналардың өз отбасы мүшелеріне қорлайтын сөздер жаудыратыны немесе күш көрсететіні туралы есту — үйреншікті нәрсе. Бірақ Құдайдың қызметшілерінің арасында дөрекі сөз, ащы мысқыл мен әлімжеттікке орын жоқ (Ефестіктерге 4:29, 31; 5:33; 6:4). Исаның “үкім айтпаңдар”, “айыптамаңдар” деген кеңесі отбасы мүшелеріне де қатысты қолданылуы керек. Әділ әрекет ету деген Ехоба бізге қалай қараса, өзгелерге солай қарауды білдіретінін есіңе алшы. Ал Ехоба ешқашан бізге дөрекілік көрсетіп не зұлымдық жасамайды. Қайта, оның өзін сүйетіндерге деген ‘жанашырлығы мен қайырымдылығы зор’ (Жақып 5:11). Неткен керемет үлгі!

Ақсақалдар әділдікпен қызмет етеді

16, 17. а) Ехоба ақсақалдардан не күтеді? ә) Күнәкар шынымен өкінбейтін болса, қандай шара қолданылады және неге?

16 Бәріміз де әділ әрекет етуге міндеттіміз, әсіресе қауым ақсақалдары солай етуге міндетті. Ишая өз пайғамбарлығында “әміршілерді”, немесе ақсақалдарды, қалай суреттегеніне қарашы: “Міне, патша әділ патшалық етеді. Ал әміршілер болса әділ әміршілер ретінде билік ететін болады” (Ишая 32:1, ЖД). Иә, Ехоба ақсақалдардан әділдікке сай қызмет етеді деп күтеді. Олар қалай әділ әрекет ете алады?

17 Әділдік қауымның таза сақталуын талап ететінін сол рухани толысқан ер кісілер жақсы біледі. Кейде ақсақалдарға ауыр күнә жасап қойғандардың істерін қарауға тура келеді. Мұндайда олар әділ Құдай мүмкіндігінше мейірімділік көрсетудің жолын іздейтінін есте ұстайды. Сондықтан күнәкарды өкінуге талпындыруға тырысады. Бірақ олардың күш салғанына қарамастан, ол шынымен өкініш білдірмесе ше? Онда Ехобаның Сөзінде жазылған әділ талапқа сай, қатаң шара қолдануға тура келеді: “Зұлымдық жасайтынды орталарыңнан шығарыңдар!” Бұл — оны қауымнан шығару керек деген сөз (Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13; Жоханның 2-хаты 9—11). Мұндай шара қолдану ақсақалдарды қуантпайды, бірақ олар қауымның өнегелілік және рухани тазалығын сақтау үшін солай ету керектігін түсінеді. Сөйте тұра, күнәкар бір күні ақылға келіп, қауымға қайта оралады деп үміттенеді (Лұқа 15:17, 18).

18. Өзгелерге Киелі кітапқа негізделген кеңес бергенде, ақсақалдар нені есте ұстаулары керек?

18 Сонымен қатар әділдікке сай әрекет ету кеңесті Киелі кітапқа негізделіп беруді де білдіреді. Әрине, ақсақалдар өзгелердің бойынан кемшілік іздемейді. Олар орынсыз ақылгөйсімейді де. Бірақ бауырластардың бірі ‘өзі аңдамай, шалыс қадам жасап қоюы’ мүмкін. Ондайда ақсақалдар әділ Құдайдың зұлым немесе сезімнен ада емес екенін естерінде ұстай отырып, ‘оны момындық рухын сақтап түзетуге тырысады’ (Ғалаттықтарға 6:1, ЖД). Сондықтан ақсақалдар күнәкарға ұрыспайды, дөрекі сөздер де айтпайды. Сүйіспеншілікпен берілген кеңесті қабылдау оңай. Тіпті адамның бағытының дұрыс емес екенін ашып айтып, тікелей сөгіс бергенде де ақсақалдар күнә жасап қойған бауырластың Ехобаның қойы екендігін естерінде ұстайды b (Лұқа 15:7). Кеңес айтуға не сөгіс беруге қозғау салған шынымен сүйіспеншілік болса, әрі солай екені көрініп тұрса, бұл шалыс қадам жасаған адамның түзелуіне ықпал етуі әбден мүмкін.

19. Ақсақалдар қандай шешімдер қабылдайды және оларды неге негізделіп қабылдайды?

19 Ақсақалдар жиі бауырластарына әсер ететін шешімдер қабылдап жатады. Мысалы, олар ара-тұра өзге бауырластар ақсақал не қызмет көмекшісі ретінде ұсынылуға лайықты не лайықты емес екендіктерін қарастырады. Мұндай кезде олар ешкімді алаламаудың қаншалықты маңызды екенін біледі. Олар жеке сезімдеріне сүйенбейді, Құдай Сөзіндегі осыған қатысты талаптарды басшылыққа алады. Сондықтан ешкімді ‘алаламайды, еш нәрсені де бір жақтылықпен істемейді’ (Тімотеге 1-хат 5:21).

20, 21. а) Ақсақалдар не істеуге күш салады және неге? ә) ‘Жаны күйзелгендерге’ қол ұшын беру үшін ақсақалдардың не істеулеріне болады?

20 Ақсақалдар басқа жағдайларда да Құдайдың әділдігін көрсетеді. Олардың “әділ” қызмет ететіндерін айтқаннан кейін, Ишая былай деді: “Әрқайсысы желден қорған, жауын-шашыннан пана, қуаң даладағы су ағындары іспетті, шөлді жердегі биік жартастың көлеңкесіндей болады” (Ишая 32:1, 2, ЖД). Осы сөздерге сай, ақсақалдар бауырластары үшін жұбаныш пен жігердің қайнар көзі болуға тырысады.

21 Бүгінде адамның ұнжырғасын түсіретін жайттар көп, сондықтан көп бауырластар жігер беретін сөздерге мұқтаж. Ақсақалдар, ‘жаны күйзелгендерге’ қалай қол ұшын берулеріңе болар еді? (Салониқалықтарға 1-хат 5:14, ЖД) Оларды жанашырлықпен тыңдаңдар (Жақып 1:19). Бәлкім, көңілдеріндегі ‘сары уайымды’ өздері сенім артатын адамға айтқысы келетін шығар (Нақыл сөздер 12:25). Ехоба үшін де, бауырластары үшін де олардың қалаулы, бағалы әрі сүйікті екендерін естеріне салыңдар (Петірдің 1-хаты 1:22; 5:6, 7). Сондай-ақ олармен бірге және солар үшін дұға етулеріңе болады. Ақсақалдың өздері үшін шын жүректен дұға етіп жатқанын естігендері зор жұбаныш болуы мүмкін (Жақып 5:14, 15). Ақсақалдар, сендердің жаны күйзелгендерге көмектесу үшін сүйіспеншілік танытып, күш салып жүргендерің әділ Құдайымыздың көзінен таса қалмайтынына сенімді болыңдар.

Ешкімді алаламай, ізгі хабарды барлық адамдарға уағыздауымызбен біз Құдайдың әділдігін көрсетеміз

22. Ехобаның әділдігіне біз қалай еліктей аламыз және мұның нәтижесі қандай болмақ?

22 Иә, Ехобаның әділдігіне еліктер болсақ, оған бұрынғыдан да жақындай түсеміз. Егер біз Құдайдың әділ нормаларын ұстанатын, ізгі хабарды жариялауға атсалысатын және өзгелерден кемшілік іздемей, бойларындағы жақсылықты көре білетін болсақ, оның әділдігін көрсетеміз. Ақсақалдар, қауымды таза сақтайтын, Жазбаларға негізделген рухани нығайтатын кеңестер беретін, шешім қабылдағанда ешкімді алаламайтын және жүрегі жаралы жандарды жұбататын болсаңдар, Құдайдың әділдігін көрсетесіңдер. Ехоба көктен төмен қарап, өзінің алдында ‘әділ әрекет ету’ үшін қолынан келгеннің бәрін істеп жүрген халқын көргенде, жүрегі қуанышқа кенелетін болса керек.

a “Үкім айтпаңдар” және “айыптамаңдар” деп аударылған сөздер “үкім айтуды бастамаңдар” және “айыптауды бастамаңдар” деген ойға нұсқайды. Алайда Исаның сөздері түпнұсқа тілінде нақ осы шақта, бұйрық райдағы болымсыз сөйлем ретінде берілген. Олардың бұлай берілуі басталып қойған, бірақ тоқтатылуы тиіс әрекетті білдіреді.

b Тімотеге 2-хат 4:2-де кейде ақсақалдардың ‘әшкерелеп, тыйым салып, жақсылыққа жігерлендіретіні’ айтылған. Мұнда “жігерлендіру” деп гректің па·ра·ка·ле́о деген сөзі аударылған. Ал оның сот істеріндегі қорғаушыны білдіруі мүмкін па·ра·ка·ле·тос деген грек сөзімен байланысы бар. Сондықтан әшкерелеген кездің өзінде де ақсақалдар рухани көмекке мұқтаждарға көмекші болулары керек.