Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

Кінәлі сезіну. “Күнәмнан тазартып ағартшы”

Кінәлі сезіну. “Күнәмнан тазартып ағартшы”

Жаңа жұмысымның арқасында тұрмысымыз едәуір жақсарды, бірақ маған неше түрлі күмәнді істермен айналысуға тура келді. Мен мейрамдарды тойладым, саяси істерге қатыстым, тіпті шіркеуге де бара бастадым. Осылай 40 жыл бойы уағыздамай жүрген Ехоба куәгерлерінің бірі болдым. Уақыт өткен сайын маған Ехобаның кешіріміне ие болу мүмкін еместей көрінді. Мен өз-өзімді кешіре алмадым. Өйткені бұрыс жолға түспес бұрын, шындықты білдім ғой (Марта).

КІНӘЛІ СЕЗІНУ адам үшін ауыр жүк болуы мүмкін. Дәуіт патша: “Күнәларым басымнан асып кетті, Көтере алмас жүк болып еңсемді басты”,— деген (Зәбүр 38:4). Кейбір мәсіхшілер Ехобаның ешқашан кешірмейтініне сенімді болып, шектен тыс қайғыға батады (Қорынттықтарға 2-хат 2:7). Бұлай ойлау дұрыс па? Қанша ауыр күнә жасасаң да, Ехобаның кешіріміне ие бола алмайтындай алыстап кеттің бе? Жоқ, олай болмаса керек!

“Келіңдер, мәселені ортаға салып, шешейік”

Ехоба күнәсіна өкінген адамнан бас тартпайды, қайта, бірінші болып қадам жасайды. Иса адасқан ұл туралы астарлы әңгімесінде Ехобаны отбасын тастап, бейбастақ өмір кешкен баланың сүюші әкесіне теңеген. Уақыт өте келе әлгі баласы үйіне қайта оралуға бел буады. “Ұлы алыста келе жатқанда-ақ, әкесі оны көріп, аяп кетеді. Сөйтіп, алдынан жүгіріп шығып, бауырына басып, елжірей сүйеді” (Лұқа 15:11—20). Ехобаға қайта оралғың келгенмен, өзіңді одан әлі де алыс жүргендей сезінесің бе? Астарлы әңгімедегі әке іспетті, Ехоба да сені жақсы көреді. Ол сені қайтадан бауырына басқысы келеді.

Әлде сен күнәларым тым ауыр не тым көп, сондықтан Ехоба кешірмейді деп ойлайсың ба? Олай болса, Ишая 1:18-дегі Ехобаның сөздеріне көңіл қойшы: “Келіңдер, мәселені ортаға салып, шешейік. Күнәларың ал қызыл болса да, Аппақ қардай етемін”. Көріп отырғаныңдай, күнәларымыз ақ матаға түскен жуып кетіре алмайтындай қып-қызыл дақ сияқты болса да, Ехоба кешіреді.

Ол өзіңді кінәлі сезініп, қиналып жүргеніңді қаламайды. Ендеше Құдайдың кешіріміне ие болып, ар-ұжданың таза болу үшін не істеуің керек? Дәуіт патша жасаған екі қадамды қарастырып көрейік. Біріншіден, ол: “Ехобаға қылмыстарымды ашық айтамын”,— деген (Зәбүр 32:5). Есіңде болсын, Ехоба бірінші болып сені дұға етуге шақырып, “мәселені ортаға салып, шешейік” деп отыр. Оның шақыруынан бас тартпа. Ехобаның алдында күнәларыңды мойындап, жан дүниеңді аш. Осындай жағдайды өз басынан өткізген Дәуіт: “Күнәмнан тазартып ағартшы... Жаралы, күйзелген жүрекке, уа, Құдайым, сен теріс қарамайсың”,— деп сеніммен дұға еткен (Зәбүр 51:2, 17).

Екіншіден, Дәуіт Құдайдың тағайындаған өкілі Натан пайғамбардың көмегін қабыл алған (Самуилдің 2-жазбасы 12:13). Бүгінде қауымдарда тәжірибелі ақсақалдар бар. Олар күнәларына өкінгердердің Ехобамен қайта достасуына көмектесе алады. Ақсақалдарға жолықсаң, олар Жазбалардың көмегімен әрі шын жүректен дұға етулерімен көңіліңді орнықтырады, жағымсыз сезімдерден арылуға және рухани сауығуыңа қолғабыс етеді (Жақып 5:14—16).

Ехоба сенің ар-ұждан азабынан құтылғаныңды қалайды

“Қылмысы кешірілген адам бақытты”

Ехобаға күнәларыңды айту мен ақсақалдарға жолығу қиынның қиыны болып көрінетін шығар. Дәуіт те өзін солай сезінген. Сондықтан біраз уақыт күнәлары жайлы айтпай, үнсіз жүрген (Зәбүр 32:3). Бірақ кейіннен өкініп, дұрыс жолға түскенінің талай пайдасын көрген.

Дәуіттің көрген басты пайдасы қайтадан қуанышқа бөленуі еді. Ол: “Қылмысы кешірілген, күнәсі жабылған адам бақытты”,— деп жазды (Зәбүр 32:1). Сонымен қатар: “Сөйлеуге ерік бере көр, уа, Ехоба, Аузым өзіңді дәріптесін”,— деп дұға етті (Зәбүр 51:15). Күнәсін мойындағаны әрі Ехобаның кешіріміне деген ризашылығы Дәуітті өзгелерге Құдайы туралы айтуға талпындырды.

Ехоба сенің ар-ұждан азабынан құтылғаныңды қалайды. Сондай-ақ өзі және ниеті жайлы айтқаныңда, бұны кінәлі сезіммен емес, шын жүректен әрі зор қуанышпен істегеніңді қалайды (Зәбүр 65:1—4). Мынаны ұмытпа: ол күнәларыңның кешірілгенін асыға күтеді. Сонда сені Ехобаның өзі нығайтатын кез келеді (Елшілердің істері 3:19).

Мартаның жағдайында осылай болды. Ол былай дейді: “Балам маған “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар” журналдарын үзбей жіберіп тұрды. Мен бірте-бірте Ехобамен қайта таныса бастадым. Оған қайта оралу жолында ең қиыны барлық күнәларым үшін кешірім сұрау болды. Бірақ ақыры мен Құдайға дұға етіп, одан кешірім сұрадым. Ехобаға 40 жылдан кейін оралғаныма сену қиын. Менің жағдайым — көптеген жылдар өтсе де, адамның Құдайға қайта қызмет етіп, сүйіспеншілігіне бөлене алатынының дәлелі”.