Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Сарыуайым. “Біз жан-жақтан қыспақталудамыз”

Сарыуайым. “Біз жан-жақтан қыспақталудамыз”

Мен 25 жыл отасқан күйеуіммен ажырастым. Балаларым шындық жолынан кетіп қалды. Бірнеше ауыр науқасқа шалдықтым. Содан жан күйзелісіне түстім. Бүкіл өмірім ойран болып, бұдан әрі ештеңеге төзе алмайтындай күй кештім. Қауымға баруды да, уағыздауды да қойдым (Джун).

САРЫУАЙЫМНАН ешкім, тіпті Құдайдың қызметшілері де құтыла алмайды. Кезінде зәбүр жыршысы да сарыуайымға салынғаны жөнінде жазған (Зәбүр 94:19). Ал Иса заманның ақырында “тұрмыс уайымының” кесірінен Ехобаға қызмет ету аса қиын болатынын айтқан (Лұқа 21:34). Сен жайлы не деуге болады? Қаржы тапшылығы, отбасындағы қиындық не денсаулығың сыр бергені еңсеңді басып, сарыуайымға салды ма? Осындай жағдайда Ехоба көмектесе ала ма?

“Адам күшінен асқан күш”

Сарыуайымнан біз өздігімізден құтыла алмаймыз. Елші Пауыл: “Жан-жақтан қыспақталудамыз, бірақ қолымыз байланып қалған жоқ; абыржулымыз, бірақ тығырыққа тірелген жоқпыз... бізді құлатуда, бірақ жойылған жоқпыз”,— деген. Сонда мойымай, берік тұруға бізге не көмектеседі? Құдіреті шексіз Құдайымыз Ехобадан келген “адам күшінен асқан күш” көмектеседі (Қорынттықтарға 2-хат 4:7—9).

“Адам күшінен асқан күш” алған кездеріңді есіңе түсіріп көрші. Бәлкім, бір керемет баяндама тыңдап, Ехобаның айнымас сүйіспеншілігіне деген ризашылығың артқан шығар. Я болмаса өзгелерге жұмақ жайлы айтқаныңда, өзіңнің де Ехобаның уәделеріне деген сенімің нығайған болар. Біз қауымға барғанда, өзгелерге сеніміміз туралы айтқанда, сарыуайымға салынбауға көмектесетін күш-жігер аламыз әрі ой-санамызда тыныштық орнайды. Осының арқасында Ехобаға қуана қызмет етеміз.

“Дәмін тат та, Ехобаның ізгілігіне көз жеткіз”

Шыны керек, кейде саған өзіңнен тым көп нәрсе талап етілетіндей көрінуі мүмкін. Мысалы, Ехоба бізге Патшалықтың ісін бірінші орынға қоюымыз әрі рухани істерден қол үзбеуіміз керек екенін айтады (Матай 6:33; Лұқа 13:24). Ал сен қысым көргендіктен, денсаулығың болмағандықтан не отбасындағы қиындықтардан қажып жүрген шығарсың. Яки қауым үшін жұмсағың келетін уақытың мен күш-жігеріңнің бәрін жұмысың ұрлап жүрген болар. Қойылатын талап көп, ал оның бәрін орындайтын уақыт пен күштің аз болғаны еңсеңді басуы мүмкін. Бәлкім, саған “Ехоба менен тым көп нәрсе талап етпей ме?” деген ой да келетін шығар.

Ехоба сенің жағдайыңды түсінеді. Ол бізден қолымыздан келмейтін нәрсені талап етпейді. Жанымыз бен тәнімізге түскен ауыртпалықтан кейін ес жиып алуымызға уақыт қажет екені де оған мәлім (Зәбүр 103:13, 14).

Өзінің пайғамбары Ілиясты Ехобаның қалай қамқорлағанын қарастырып көрейікші. Бірде Ілияс сағы сынып, қорыққанынан шөл далаға қашып кетеді. Сонда Ехоба оны сөгіп, тапсырған ісін атқаруы үшін қайта оралуын талап етті ме? Жоқ. Қайта, ұйықтап жатқан пайғамбарын жаймен оятып, тамақ беру үшін екі рет періштесін жіберді. Соған қарамастан 40 күннен кейін де Ілияс бойындағы қобалжу мен қорқыныштан арылмаған еді. Бұл жолы Ехоба не істеді? Алдымен, пайғамбарын қорғай алатынын көрсетті. Сосын, “жұмсақ, ақырын шыққан дауыспен” жұбатты. Ақырында, Ілиястың жалғыз емес екенін, тағы да мыңдаған адал қызметшісі бар екенін айтты. Осыдан кейін көп ұзамай Ілияс қайтадан құлшына қызмет ете бастады (Патшалар 1-жазба 19:1—19). Осы оқиғада біз үшін алар тәлім бар ма? Ілияс абыржып, сарыуайымға салынғанда, Ехоба шыдамды да жанашыр болған. Ол өзгерген жоқ. Ехоба дәл осылай біздің де қамымызды ойлайды.

Ехоба үшін не істей алатының туралы ойлағанда, шыншыл бол. Бүгінгі жағдайыңды кешегімен салыстырма. Бұны түсіну үшін мынадай мысалды қарастырайық: жүгіруші бірнеше ай не жыл жүгірумен айналыспаса, бұрынғы күйін бірденнен қалпына келтіре алмайды. Бұрынғы күші мен төзімін қалпына келтіру үшін оған кішігірім мақсаттар қою керек. Мәсіхшілер жүгірушілерге ұқсайды. Олардың нақты мақсаты бар (Қорынттықтарға 1-хат 9:24—27). Олай болса, неге қазір қол жеткізе алатын мақсат қойып көрмеске? Мысалы, қауымға үзбей барып тұруды мақсат етуіңе болады. Сосын көмектесуін сұрап, Ехобаға дұға ет. Рухани күшіңді қалпына келтіргенде, “дәмін татып, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізесің” (Зәбүр 34:8). Мынаны ұмытпа: сүйіспеншілігіңді көрсету үшін істеген кез келген ісің, тіпті болмашы болып көрінсе де, Ехоба үшін бағалы (Лұқа 21:1—4).

Ехоба бізден қолымыздан келмейтін нәрсені талап етпейді

“Өзім күткен көмек”

Ехоба Джунның қайта оралуына қалай көмектесті? Джун былай дейді: “Мен көмек сұрап, Ехобаға дұға ете бердім. Бірде келінім мен тұратын қалада конгресс болғалы жатқанын айтты. Содан мен конгрестің бір күніне баруды шештім. Қайтадан Ехобаның халқының арасында болу неткен ғанибет! Мен үшін бұл конгресс өзім күткен көмек болды. Бүгінде қайтадан Ехобаға қуана-қуана қызмет етіп жүрмін. Өміріме мән-мағына кірді. Бауырластардың маған қажет екенін, сондай-ақ олардың көмегін қабылдауым керек екенін дәл осылай түсінген емеспін. Әлі де уақыт барда қайта оралғаныма сондай қуаныштымын!”