Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

БЕСІНШІ БӨЛІМ

“Жаныңның бағушысы әрі қорғаушысына қайта орал”

“Жаныңның бағушысы әрі қорғаушысына қайта орал”

Осы кітапшада айтылған қиындықтар мен сипатталған сезімдер саған таныс па? Олай болса, сен жалғыз емессің. Құдайдың көптеген адал қызметшілері, ежелде де, қазір де осындай қиындықтарға кезіккен. Ехоба оларға көмектескендей, саған да көмектесе алады.

Ехобаға қайта оралғаныңда, ол сені құшақ жая қарсы алады

ҚАЙТА ОРАЛҒАНЫҢДА, Ехобаның құшақ жая қарсы алатынына сенімді бол. Ол саған сарыуайымнан арылуыңа, жаралы сезіміңнің сауығуына және ар-ұжданыңды тазартып, жантыныштығын табуыңа көмектеседі. Сонда бауырластармен бірге Ехобаға қызмет етуге деген ықыласың қайта жанданады. Сол кезде елші Петірдің бірінші ғасырдағы кей мәсіхшілерге айтқан сөздері саған да айтылғандай болады: “Сендер адасқан қой секілді едіңдер, ал енді жандарыңның бағушысы әрі қорғаушысына қайта оралдыңдар” (Петірдің 1-хаты 2:25).

Сенің Ехобаға қайта оралғаныңнан артық ештеңе жоқ! Себебі осылай оның жүрегін қуанышқа бөлейсің (Нақыл сөздер 27:11). Өзің білетіндей, Ехобаның сезімі бар, сондықтан әрекеттеріміз оны бейжай қалдырмайды. Әрине, ол бізді өзін жақсы көруге не өзіне қызмет етуге мәжбүрлемейді (Мұсаның 5-жазбасы 30:19, 20). Осыған қатысты бір ғалым: “Адамның жүрегін сыртынан ашу мүмкін емес. Ол тек ішінен ашылады”,— деген. Ехобаға жүрегімізді ашқымыз келсе, оған сүйіспеншілікпен қызмет етеміз. Ал бұндай адалдығымыз ол үшін құнды сый болады, әрі жүрегін қуанышқа толтырады. Біз үшін оған барымызды беріп қызмет етуден асқан бақыт жоқ! Ал Ехоба бұған әбден лайық! (Елшілердің істері 20:35; Аян 4:11).

Бұған қоса, Ехобаға қайта қызмет ете бастағаныңда, рухани мұқтаждығың қанағаттандырылады (Матай 5:3 сілтеме). Қалай? Бүгінде көп адамды “Өмірдің мәні неде?” деген сұрақ қызықтырады. Олар осы сынды көкейкесті сұрақтарына жауап тапқысы келеді. Себебі Ехоба адам баласын осындай мұқтаждықпен және оған қызмет етуден қанағат табатындай етіп жаратқан. Сондықтан Ехобаға сүйіспеншілікпен қызмет еткеніміз бізді зор қанағатқа бөлейді (Зәбүр 63:1—5).

Біз мынаны білсең екен дейміз: Ехоба сенің қайта оралғаныңды қалайды. Бұған қалай көз жеткізуіңе болады? Ойлап қарашы: осы кітапшаны дайындау барысында, біз талай дұға айттық, ізденістер жүргізіп, көптеген жайттарды ескеруге тырыстық. Сосын бір ақсақал не басқа бауырлас назарыңды осы кітапшаға аударды. Ал сен оны оқыдың, әрі бейжай қалмадың. Осының бәрінен Ехобаның сені ұмытпағаны көрінеді емес пе? Ол сені мейіріммен өзіне жақындатып тартып жатыр (Жохан 6:44).

Адасып жүрген қызметшілерін Ехобаның ешқашан ұмытпайтынын білгеніміз жанымызға жұбаныш береді. Донна деген бауырлас бұны растап, былай деді: “Мен бірте-бірте шындық жолынан ауытқып кеттім. Сөйтсе де Зәбүр 139:23, 24-тегі: — Уа, Құдай, терең үңіліп, жүрегімде не бар екенін көрші. Мені тексеріп, мазалайтын ойларымды білші. Көңілімде қауіпті жолға апаратын ойлар жоқ па, соны көрші, Мені мәңгілік жолымен жетелеші,— деген сөздер жайлы жиі ойланатынмын. Мен осы дүниеге жатпайтынымды білетінмін, шындап келгенде, оған жатқан да емеспін. Сондай-ақ менің орным Ехобаның ұйымында екенін де білетінмін. Уақыт өте келе мынаны түсіне бастадым: Ехоба мені ешқашан тастаған емес, керісінше, мен қайта оралатын жолды табуым керек еді. Сол жолды тапқаныма сондай қуаныштымын!”

“Уақыт өте келе мынаны түсіне бастадым: Ехоба мені ешқашан тастаған емес, керісінше, мен қайта оралатын жолды табуым керек еді”.

Біз шын жүректен дұға етіп, “Ехоба сыйлайтын қуанышқа” сенің де қайта бөленгеніңді тілейміз (Нехемия 8:10). Ехобаға қайта оралғаныңа ешқашан өкінбейсің!