Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

96-ТАРАУ

Исаның бай жігітке берген жауабы

Исаның бай жігітке берген жауабы

МАТАЙ 19:16—30 МАРҚА 10:17—31 ЛҰҚА 18:18—30

  • БАЙ ЖІГІТ МӘҢГІЛІК ӨМІР ЖАЙЛЫ СҰРАДЫ

Иерусалимге бет алған Иса Перея арқылы келе жатыр. Жолда бір бай жігіт Исаның қасына жүгіріп келіп, аяғына жығылды. Жігіт мәжілісхананың беделді жетекшілерінің бірі не Жоғарғы кеңестің мүшесі болса керек. “Ізгі Ұстаз,— деді жігіт, — мәңгілік өмірді мұра ету үшін не істеуім керек?” (Лұқа 8:41; 18:18; 24:20).

Иса оған: “Неге мені ізгі дейсің? Құдайдан басқа ешкім де ізгі емес”,— деп жауап қатты. Жігіт “ізгі” сөзін яһудилердің ұстаздарына еліктеп лауазым етіп қолданды. Әрине, Иса ізгі деуге лайық. Дегенмен, бұл лауазым тек Құдайға ғана тиесілі.

“Мәңгілік өмірге ие болғың келсе, Құдай заңдарын орындап жүр”,— деп жауап берді Иса. Сонда жігіт: “Қайсыларын?”— деп сұрағанда, Иса Он заңның бесеуін келтіріп: “Кісі өлтірме, неке адалдығын бұзба, ұрлық жасама, жалған куәлік берме, әке-шешеңді құрметте”,— деді. Сосын: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”,— деп ең маңызды заңды айтты (Матай 19:17—19).

“Бұлардың бәрін орындап жүрмін”,— деп жауап берді де, жігіт: “Маған тағы не істеу керек?”— деп сұрады (Матай 19:20). Ол мәңгілік өмірге лайық болу үшін қандай да бір жақсылықты жасамай жүргендей сезінсе керек. Бәлкім, ерлік жасау қажет деп ойлаған шығар. Иса оның шын ниетін байқап, оны “жақсы көріп кетті” (Марқа 10:21). Алайда жігітке кедергі болып жүрген бір жайт бар еді.

Жас жігіт дүние-мүлікті жақсы көретін. Сондықтан Иса: “Саған бір нәрсе жетіспейді: бар да, қолыңда бардың бәрін сатып, түскен ақшаны кедей-кепшіктерге бер, сонда қазынаң көкте болады. Ал өзің келіп, менің ізбасарым бол”,— деді. Расында да, ол ақшасын кедейлерге қайыр-садақа ретінде үлестіріп беріп, өзі Исаның шәкірті бола алатын. Бірақ оның көңілі түсіп, Исаның қасынан кетіп қалды. Қандай өкінішті! Қолындағы аса көп дүние-мүлікті жақсы көргені сонша — бұл оған шынайы қазынаны бағалауға кедергі жасады (Марқа 10:21, 22). Сондықтан Иса былай деді: “Ақшалы адамдардың Құдай Патшалығына кіруі өте қиын болады!” (Лұқа 18:24).

Сосын: “Байдың Құдай Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңайырақ”,— деді Иса. Бұл сөздерді естіген шәкірттер таңғалысып: “Онда кім құтқарыла алады?”— деп сұрады. Құтқарылу соншалықты қиын ба? Иса оларға қарап: “Адамның қолынан келмейтін нәрселер Құдайдың қолынан келеді”,— деп жауап берді (Лұқа 18:25—27).

Петір шәкірттердің бай жігіттікінен өзгеше шешім қабылдағанына нұсқап: “Міне, біз бәрін тастап, соңыңыздан ердік. Бұл үшін не аламыз?”— деп сұрады. Иса дұрыс шешімнің нәтижесі қандай болатынын көрсетіп: “Сендерге шындығын айтамын, бәрі жаңаратын уақытта, Адам Ұлы салтанатты тағына отырғанда, менің соңымнан ерген сендер 12 таққа отырып, Исраилдің 12 руын соттайтын боласыңдар”,— деді (Матай 19:27, 28).

Бұл сөздермен Исаның болашақты, яғни жер беті Едем бағындай қайта қалпына келетін кезді айтқаны анық. Петір мен басқа шәкірттер Исамен бірге жұмақ орнаған жерге билік жүргізетін болады. Бұл талай құрбандыққа барған олардың лайықты сыйлары болмақ!

Шәкірттердің болашақта ғана емес, қазір де алатын сыйы бар. Бұл жайлы Иса былай деді: “Сендерге шындығын айтамын, Құдай Патшалығы үшін әйелін, бауырларын, ата-анасын, бала-шағасын не үй-жайын қалдырған әркім қазіргі уақытта бұларды көп есе артығымен алып, ал келер заманда мәңгілік өмірге ие болады” (Лұқа 18:29, 30).

Демек, шәкірттер отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдықтан да күшті сезімге бөленіп, бір сенімдегі бауырластармен тығыз қарым-қатынаста бола алады. Бай жігіт болса бұл сыйдан да, Құдайдың көктегі Патшалығында өмір сүру сыйынан да құр қала жаздап тұр.

Сосын Иса: “Бірақ көптеген біріншілер соңғы, ал соңғылар бірінші болады”,— деді (Матай 19:30). Мұнымен ол не айтқысы келді?

Әлгі бай жігіт яһуди жетекшілері сияқты “біріншілердің” қатарында еді. Құдай заңдарын ұстанып өмір сүргендіктен, одан көп нәрсе күтуге болатын. Бірақ ол дүние-мүлкін бәрінен де жоғары қойып кетті. Қарапайым халық болса Исаның тәлімі ақиқат екенін әрі өмірге жетелейтін жол екенін көріп, оны бағалай білді. “Соңғылар” болған олар, енді, “бірінші” болмақ. Себебі болашақта Исамен бірге таққа отырып, жұмаққа айналған жерге билік ету мүмкіндігіне ие болды.