Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

99-ТАРАУ

Иса екі зағипты сауықтырды және Зақайға көмектесті

Иса екі зағипты сауықтырды және Зақайға көмектесті

МАТАЙ 20:29—34 МАРҚА 10:46—52 ЛҰҚА 18:35—19:10

  • ИЕРИХОНДА ЕКІ ЗАҒИП КІСІНІ САУЫҚТЫРДЫ

  • САЛЫҚ ЖИНАУШЫ ЗАҚАЙ ӨКІНІШ БІЛДІРДІ

Иса мен қасындағы жолаушылар Иерихонға келіп жетті. Бұл жерден Иерусалимге дейін бір күндік жол. Иерихон — екі бөліктен тұратын қала. Қаланың ескісі мен Римнің тұсында соғылған жаңасының арасы бір жарым шақырымдай. Иса қасына ерген қалың жұртпен қаланың бір бөлгінен шығып, екіншісіне бара жатты. Жол бойында екі зағип қайыр сұрап отырған болатын, бірінің есімі Бартімей. Олар жандарынан қалың жұрттың өтіп бара жатқанын естіді.

Жұрттың арасында Иса барын біліп, Бартімей мен оның серігі: “Ием, Дәуіт Ұлы, бізге рақым ете көріңіз!”— деп айқайлады (Матай 20:30). Жұрттың арасынан біреу оларға ұрсып, үндемеуді бұйырды. Бірақ екеуі одан бетер айқайлады. Шуды естігенде, Иса тоқтап, қасындағыларға әлгілерді алып келуді тапсырды. Олар қайыршылардың қасына барып, біреуіне: “Қорықпа, түрегел! Ол сені шақырып жатыр”,— деді (Марқа 10:49). Қуанған ол жамылғысын тастай сала, орнынан тұрды да, Исаға барды.

“Сендерге не істегенімді қалайсыңдар?”— деп сұрағанда, екеуі: “Ием, көзімізді аша көріңіз”,— деп өтінді (Матай 20:32, 33). Иса аяп кетіп, олардың көзіне қолын тигізді де, біреуіне: “Бара бер, сенімің арқылы айықтың”,— деді (Марқа 10:52). Сонда зағиптардың көзі ашылып, Құдайды мадақтай бастады. Осыны көрген жұрт та Құдайды дәріптеді. Зағип болған кісілер Исаның соңынан ерді.

Иса қала ішімен бара жатқанда, оның айналасына көп адам жиналды. Бәрі зағиптарды сауықтырған кісіні көргісі келеді. Жұрт Исаны жан-жағынан қаумалағаны сонша — кейбіреулер тіпті оның жалт еткен бейнесін де көре алмады. Солардың бірі — Зақай. Ол — Иерихон мен сол төңіректегі салықшылардың басшысы. Бойының аласалығынан Зақай не болып жатқанын көре алмады. Сол себепті алға жүгіріп барып, Иса өтетін жолдың бойындағы інжір ағашына (сикоморға) шығып алды. Сөйтіп, жоғарыдан бәрін бақылап тұрды. Иса сол жерге жақындағанда, Зақайдың ағашта отырғанын көріп: “Зақай, тез төмен түс! Бүгін сенің үйіңде тоқтауым керек”,— деді (Лұқа 19:5). Ол төмен түсіп, қадірлі қонағын күтіп алу үшін үйіне асықты.

Бірақ жұрт бұған наразы болды. Зақай салық жинап, арам пайдадан байып алғандықтан, жұрт оны күнәкар деп білетін. Сондықтан Иса мұндай адамның үйіне қонаққа бармау керек деп есептеді.

Иса Зақайдың үйіне кіргенде, адамдар: “Ол күнәкардың үйіне қонаққа барды”,— деп күңкілдеді. Бірақ Иса Зақайдың өкінуге жақын екенін байқады. Күткендей-ақ Зақай орнынан тұрып: “Ием, дүние-мүлкімнің жартысын кедей-кепшіктерге беремін. Жала жауып, тартып алғандарымды төрт есе артығымен қайтарамын”,— деді (Лұқа 19:7, 8).

Зақай шын өкінгенін керемет түрде дәлелдеді! Салық кітапшасынан кімнен қанша алғанын біле алатын болса керек, сондықтан ол алғанын төрт еселеп қайтаруға сөз берді. Ал бұл Мұса заңы талап еткеннен де көп (Мұсаның 2-жазбасы 22:1; Мұсаның 3-жазбасы 6:2—5). Бұған қоса Зақай дүние-мүлкінің жартысын кедейлерге үлестіріп беруді уәде етті.

Зақайдың осылай өкініш білдіргеніне риза болған Иса: “Бүгін мына кісі мен оның үй іші құтқарылды, өйткені ол да Ыбырайымның ұрпағы. Адам Ұлы жоғалғандарды іздеп, құтқаруға келді”,— деді (Лұқа 19:9, 10).

Жақында ғана Иса адасқан ұл жайлы астарлы әңгіменің көмегімен “жоғалу” деген жағдайды түсіндірген еді (Лұқа 15:11—24). Ал қазір “жоғалған” біреудің “табылғанын” өмірдегі мысалмен көрсетіп отыр. Дінбасылары мен олардың жақтастары Исаның Зақай сияқты адамдарға көңіл бөлгенін жақтырмай, күңкілдеді. Бұған қарамастан Иса Ыбырайымның “жоғалған” ұрпағын іздеуін тоқтатпады.