Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

98-ТАРАУ

Елшілер ұлы болуға тағы да ұмтылды

Елшілер ұлы болуға тағы да ұмтылды

МАТАЙ 20:17—28 МАРҚА 10:32—45 ЛҰҚА 18:31—34

  • ИСА ӨЛЕТІНІН ТАҒЫ ДА АЙТТЫ

  • ҰЛЫ БОЛҒЫСЫ КЕЛГЕН ШӘКІРТТЕРІН ТҮЗЕТТІ

Иса шәкірттерімен Переяның оңтүстігіне келіп жетті. Олар Иордан өзенінен Иерихонның тұсынан өтіп, Иерусалимге бет алды. Қасындағы адамдар да б. з. 33 жылының Құтқарылу мейрамын тойлауға келе жатыр.

Иса шәкірттерінің алдына түсіп, Құтқарылу мейрамына уақтылы жетуді ойлап келеді. Бірақ шәкірттерінде біршама қорқыныш бар. Алдыңғы жолы Иса Переядан Яһудеяға оралмақ болғанда, Тома басқа шәкірттерге: “Біз де Иемізбен барып, онымен бірге өлейік”,— деген болатын (Жохан 11:16, 47—53). Демек, Иерусалимге бару қауіпті екенін олар білді. Сондықтан қорқыныштарын түсінуге болады.

Иса шәкірттерін алдағы жайттарға дайындау үшін, былайырақ шығарып: “Міне, Иерусалимге өрлеп келеміз. Сол жерде Адам Ұлы жоғарғы діни қызметкерлер мен дін мұғалімдерінің қолына ұсталып беріледі. Олар оны өлімге кесіп, басқа ұлт адамдарының қолына тапсырады. Ал олар болса оны мазақ етіп, қамшымен сабап, бағанаға іліп өлтіреді, бірақ ол үшінші күні қайта тіріледі”,— деді (Матай 20:18, 19).

Осымен Иса шәкірттеріне өзінің өлімі мен қайта тірілуі жайлы үшінші рет айтып тұр (Матай 16:21; 17:22, 23). Бірақ бұл жолы ол өзінің бағанада өлетініне меңзеді. Шәкірттер бұл сөздердің мәнін түсінбеді. Олар Исраил патшалығы қайта орнайды деп ойлап, Исамен патшалықтың сән-салтанатын көргісі келгенге ұқсайды.

Жолаушылардың арасында Жақып пен Жоханның аналары да (Салома болса керек) келе жатыр. Иса бұл екі елшісін “күн күркірінің ұлдары” деп атайтын, соған қарағанда олар қызуқанды болған (Марқа 3:17; Лұқа 9:54). Бұл екеуі біраз уақыттан бері Мәсіхтің Патшалығында беделді орынға ие болғысы келіп жүрген. Мұны аналары білетін. Содан ол Исаның қасына барып, аяғына жығылды да, ұлдары үшін өтініш білдірді. Иса: “Не қалайсыз?”— деп сұрағанда, ол: “Патшалығыңда екі ұлымның бірін оң, екіншісін сол жағыңа отырғызсаң екен”,— деді (Матай 20:20, 21).

Шын мәнінде, бұл Жақып пен Жоханның өтініші еді. Әлгінде ғана Иса адамдар өзін мазақ ететінін және қорлайтынын айтқан. Соған нұсқап: “Не сұрап тұрғандарыңды өздерің білмейсіңдер. Мен ішетін тостағаннан іше аласыңдар ма?”— деді. Шәкірттері: “Іше аламыз”,— деп жауап берді (Матай 20:22). Бұлай деп айтқанымен, олар сөздің мәнін түсінбесе керек.

Сонда да Иса шәкірттеріне: “Мен ішетін тостағаннан ішесіңдер, бірақ менің оң не сол жағыма кім отыратынын мен шешпеймін. Бұл орындарды Әкем кімге дайындаса, солар отырады”,— деді (Матай 20:23).

Жақып пен Жоханның өтініш айтқанын естігенде, қалған 10 елші қатты ашуланды. Араларында кім ұлы деп алдыңғы жолы дауласқанда, осы екеуі ойларын ашық айтқан болуы мүмкін (Лұқа 9:46—48). Қандай болған күнде де, қазіргі жағдай Исаның кішіпейіл болуға қатысты кеңесіне 12 елшінің ден қоймағанын көрсетті. Олар әлі де ұлы болғысы келеді.

Туындаған келіспеушілікті шешіп, жағымсыз сезімінен арылту үшін, Иса елшілерін шақырып алды. Сосын оларға сүйіспеншілікпен мынадай кеңес берді: “Билеуші деп саналатындар халықтарды билеп-төстейтінін, ұлықтары да оларға қатаң әмір жүргізетінін білесіңдер. Ал сендердің араларыңда бұлай болмау керек, қайта, кім ұлы болғысы келсе, сол сендерге қызметші болуы тиіс. Кім бастыларың болғысы келсе, сол бәріне құл болу керек” (Марқа 10:42—44).

Иса өз үлгісіне еліктеу керектігін түсіндіріп, шәкірттеріне былай деді: “Адам Ұлы да өзіне қызмет еткізуге емес, өзі қызмет етіп, көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келді” (Матай 20:28). Шамамен үш жылдан бері Иса басқалар үшін қызмет етіп келеді. Ол тіпті адамзат үшін жанын қиюға дейін бармақ. Шәкірттері Иса сияқты көзқарас танытып, басқалардың өздеріне қызмет еткенін емес, басқаларға қызмет етуді қалаулары керек және ұлылыққа ұмтылмай, өздерін кіші тұтулары қажет.