Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

95-ТАРАУ

Исаның некеге және кішіпейілділікке қатысты тәлімі

Исаның некеге және кішіпейілділікке қатысты тәлімі

МАТАЙ 19:1—15 МАРҚА 10:1—16 ЛҰҚА 18:15—17

  • АЖЫРАСУҒА ҚҰДАЙ ҚАЛАЙ ҚАРАЙТЫНЫН ТҮСІНДІРДІ

  • САЛТБАСТЫЛЫҚ СЫЙЫ

  • КІШКЕНТАЙ БАЛА СИЯҚТЫ БОЛУ ҚАЖЕТ

Ғалилеядан шыққан Иса мен оның шәкірттері Иордан өзенінің арғы бетіне өтіп, Перея арқылы оңтүстікке қарай бет алды. Алдыңғы жолы Переяда ол парызшылдарға ажырасуға қатысты Құдайдың заңын айтқан болатын (Лұқа 16:18). Қазір олар Исаны сынау үшін бұл тақырыпты тағы қозғады.

Мұса пайғамбардың жазбасында күйеуі әйелінің “ұнамсыз қылығы” үшін онымен ажыраса алатыны жазылған (Мұсаның 5-жазбасы 24:1). Бірақ ажырасуға болатын жағдайларға қатысты жұрттың ойы әртүрлі. Кейбіреулер болмашы себеппен де ажырасуға рұқсат деп есептейтін. Сондықтан парызшылдар Исадан: “Күйеуінің әйелімен кез келген себеппен ажырасқаны дұрыс па?”— деп сұрады (Матай 19:3).

Иса бұл мәселеге адами тұрғыдан емес, некеге бастау берген Құдайдың көзқарасымен қарау керектігін түсіндіріп, былай деді: “Жаратушының о баста адам баласын бірін еркек, бірін әйел етіп жаратқанын оқымап па едіңдер? Жоқ әлде оның былай дегенін оқыған жоқсыңдар ма: “Сондықтан еркек әке-шешесін қалдырып, әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады”. Енді олар екеу емес, біртұтас. Олай болса, Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” (Матай 19:4—6). Құдай Адам ата мен Хауа ананы некелестіргенде, ажырасуға қатысты ешқандай нұсқау бермеген.

Парызшылдар Исаның сөзімен келіспей: “Ендеше, Мұса неге күйеудің талақ қағазын беріп, әйелімен ажырасуына рұқсат еткен?”— деп дауласты (Матай 19:7). Иса оларға: “Мұса жүректерің қатуланып кеткендіктен әйелдеріңмен ажырасуға рұқсат еткен. Бірақ әуел баста бұлай болмаған”,— деп жауап берді (Матай 19:8). “Әуел баста” деп ол Мұса пайғамбардың заманын емес, Құдай Едем бағында некеге бастама берген кезді айтып тұр.

Сосын Иса маңызды бір шындыққа көңіл бөліп: “Мен сендерге былай деймін: кім әйелімен азғындықтан [грекше “порниа”] басқа себеппен ажырасып, өзге біреуге үйленсе, неке адалдығын бұзады”,— деді (Матай 19:9). Киелі жазбаларда ажырасуға тек азғындық жасалған жағдайда ғана рұқсат екені айтылған.

Сонда шәкірттері: “Егер неке деген осындай болу керек болса, онда үйленбеген артық”,— деді (Матай 19:10). Демек, үйленуді ойланып жүргендер некенің өмірлік одақ екенін ескерулері керек!

Иса салтбасты болудың түрлі себебін түсіндірді. Кейбіреулер некеге жарамайтын болып туылады, басқа біреулерін адамдар солай етеді. Ал кейбіреулер жыныстық қалауын тежеп отырады. Мұны олар Патшалық ісіне көбірек қатысу үшін істейді. Сондықтан Иса: “Кім осылай [салтбасты болып] өмір сүре алатын болса, солай етсін”,— деді (Матай 19:12).

Бір уақытта адамдар балаларын Исаның қасына әкеле бастады. Алайда шәкірттер, Исаны мазаламасын деп ойласа керек, жұртқа ұрса жөнелді. Мұны көрген Иса наразы болып, оларға: “Балалардың маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар. Өйткені Құдай Патшалығы осындайлар үшін. Сендерге шындығын айтамын, кім Құдай Патшалығын кішкентай бала сияқты қабылдамаса, оған кірмейді”,— деді (Марқа 10:14, 15; Лұқа 18:15).

Қандай керемет сөздер! Құдай Патшалығын қабылдау үшін, біз бала сияқты кішіпейіл және үйренуге дайын болуымыз керек. Сосын Иса кішкентайларды мейірлене құшағына алып, батасын берді. “Құдай Патшалығын кішкентай бала сияқты қабылдайтын” адамдарды да Иса дәл осылай жақсы көреді (Лұқа 18:17).