Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

82-ТАРАУ

Исаның Переядағы уағызы

Исаның Переядағы уағызы

ЛҰҚА 13:22—14:6

  • ТАР ЕСІКТЕН КІРУГЕ ТЫРМЫСУ КЕРЕК

  • ИСА ИЕРУСАЛИМДЕ ӨЛУІ ТИІС

Иса Яһудея мен Иерусалимде халыққа тәлім беріп, ауруларды сауықтырды. Кейін ол Иордан өзенінің арғы бетіне өтіп, Перея өлкесінің қалаларын аралады. Енді оның Иерусалимге қайтатын уақыты таяп қалды.

Переяда бір кісі Исадан: “Ием, құтқарылатындар аз болатыны рас па?”— деп сұрады. Өйткені ол дінбасыларының кейбірі құтқарылатындар аз болады десе, басқалары көп болады деп дауласатынын білетін. Иса қанша адамның құтқарылатынына емес, құтқарылу үшін не істеу керектігіне баса назар аударды. “Тар есіктен кіруге барынша тырысыңдар”,— деді Иса. Шынында да, құтқарылу үшін күш салу керек. Неге? “Өйткені сендерге мынаны айтамын: көп адам кіруге ұмтылатын болады, бірақ кіре алмайды”,— деп түсіндірді ол (Лұқа 13:23, 24).

Сосын құтқарылу үшін көп күш салу керектігін мысалмен түсіндіріп, Иса былай деді: “Үй иесі тұрып, есікті бекіткенде, сыртта қалып қойған сендер есікті қағып: — Ием, есікті аша көріңіз,— дейтін боласыңдар... Ал ол: — Мен сендерді танымаймын. Заңсыздық жасаушылар, бәрің де менен аулақ кетіңдер!— дейді” (Лұқа 13:25—27).

Мысалда кешігіп келіп, есіктің сыртында қалып қойған адамның мүшкіл халі сипатталған. Ол өзіне ыңғайлы уақытта келгенге ұқсайды. Қанша қолайсыз болса да, ол ертерек келу керек еді. Бұл мысал Иса тәлім беріп жүргенде, соның пайдасын көрмеген көп адамның жағдайын бейнелейді. Олар шынайы ғибадатты өмірлерінде басты орынға қою мүмкіндігін жіберіп алды. Яһудилерге Иса жіберілген болатын, бірақ халықтың басым бөлігі Құдайдың құтқару үшін жасаған шарасын қабыл алмады. Сондықтан олар сыртта қалып қойғанда, “зар еңіреп, қинала тістенетін” болады. Алайда “шығыс пен батыстан, солтүстік пен оңтүстіктен”, яғни барлық халықтан келген адамдар “Құдай Патшалығында дастарқан басына жайғасады” (Лұқа 13:28, 29).

Кейін Иса былай деді: “Біріншілердің [Ыбырайымның ұрпағымыз деп мақтанатын яһуди дінбасыларының] кейбірі соңғы, ал соңғылардың [басқа ұлт адамдары мен жәбір көрген яһудилердің] кейбірі бірінші болады” (Лұқа 13:30). Біріншілер “соңғы болады” дегені ризашылықты білмейтін адамдардың Құдай Патшалығына кірмейтінін білдіреді.

Сол уақытта парызшылдар келіп, Исаға: “Бұл жерден кет, Ирод [Антипас] сені өлтірмекші”,— деді. Мұндай сыбысты Ирод патшаның өзі Исаны сол аймақтан кетіру үшін таратқан болса керек. Өйткені кезінде Жақияны өлтірткеніндей, тағы бір пайғамбардың өліміне кінәлі болудан қорыққанға ұқсайды. Алайда Иса парызшылдарға: “Барыңдар да, ол түлкіге бүгін және ертең жындарды қуып шығаратынымды, ауруларды сауықтыратынымды, ал үшінші күні ісімді аяқтайтынымды айтыңдар”,— деді (Лұқа 13:31, 32). Иродты “түлкі” деп атауымен Иса оның қулығына меңзесе керек. Иса Иродтың не басқа біреудің дегенімен жүрмейді. Ол Әкесінің тапсырған ісін атқара бермек әрі оны адамның емес, Құдайдың еркімен жүзеге асырмақ.

Иса Иерусалимге қарай жол тартты. “Өйткені пайғамбардың Иерусалимнен басқа жерде өлтірілуі мүмкін емес”,— деді ол (Лұқа 13:33). Киелі кітаптың ешбір пайғамбарлығында Мәсіхтің сол қалада өлтірілетіні нақты айтылмаған. Онда неге Иса бұлай деді? Себебі Иерусалим — діни орталық. Жалған пайғамбар деп айыпталғандардың ісін қарастыратын Жоғарғы кеңестің 71 мүшесі сол қалада. Оның үстіне, Иерусалимде халық құрбандық шалатын. Сондықтан Иса өзінің басқа жерде өлтірілуі мүмкін емес екенін түсінді.

“Иерусалим, пайғамбарлардың көзін құртып, өзіне жіберілгендерді тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай!— деп қайғырды Иса. — Балапандарын қанатының астына жинайтын тауық сияқты, мен де сенің балаларыңды қанша рет жинамақшы болдым! Бірақ сендер мұны қаламадыңдар. Міне, сендердің үйлерің қаңырап бос қалдырылады” (Лұқа 13:34, 35). Халық Құдай Ұлынан бас тартты. Сондықтан мұның салдарынан қашып құтыла алмайды.

Иса әлі Иерусалимге жеткен жоқ. Демалыс күні, парызшылдардың бір басшысы Исаны қонаққа шақырды. Үйде отырғандардың бәрі Исаны мұқият бақылап, шемен ауруына (жиі аяқ-қолы ісініп кететін ауыр сырқат) ұшыраған бір кісіге не істер екен деп отыр. Сонда Иса парызшылдар мен Заңды жетік білетіндерден: “Демалыс күні адамды сауықтыруға бола ма, жоқ па?”— деп сұрады (Лұқа 14:3).

Ешкім ләм-мим демеді. Сонда Иса әлгі кісіні сауықтырды да, отырғандарға: “Егер біреуіңнің ұлың не өгізің Демалыс күні құдыққа түсіп кетсе, оны дереу шығарып алмас па едіңдер?”— деді (Лұқа 14:5). Бұл жолы да Исаның қисынды сөздеріне ешкім ештеңе айта алмады.