Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-ТАРАУ

Уәде етілген нәресте

Уәде етілген нәресте

ЛҰҚА 2:21—39

  • ИСАНЫ СҮНДЕТТЕДІ, КЕЙІН ҒИБАДАТХАНАҒА АПАРДЫ

Жүсіп пен Мәриям Назаретке оралмай, Бетлехемде қалып қойды. Құдайдың Исраилге берген Заңына сай, олар сегіз күннен кейін Исаны сүндеттеді (Мұсаның 3-жазбасы 12:2, 3). Дәстүр бойынша, сүндеттелген күні ұл балаға есім беретін. Олар Жәбірейіл періштенің нұсқауын орындап, нәрестенің есімін Иса деп қойды.

Бір айдан аса уақыт өтті. Туылғанына 40 күн болған Исаны ата-анасы бірнеше шақырым жерде орналасқан Иерусалимдегі ғибадатханаға алып барды. Мұса Заңы бойынша, ұл босанған әйел 40 күннен кейін тазару үшін ғибадатханада құрбандық шалу керек (Мұсаның 3-жазбасы 12:4—8).

Мәриям Заңды орындап, құрбандыққа екі кішкентай құс шалды. Бұдан Жүсіп пен Мәриямның тұрмыс жағдайы қандай болғанын білеміз. Негізі, Заңда құрбандыққа жас қошқар мен құс әкелу керектігі айтылған. Бірақ әйелдің қошқар әкелуге шамасы жетпесе, екі көгершін не екі кептер де жеткілікті болған.

Жүсіп пен Мәриям ғибадатханада тұрғанда, қастарына бір қарт кісі келді. Оның есімі — Шимон. Ехоба оған уәде етілген Мәсіхті көрмей көз жұмбайтынын айтқан болатын. Сол күні Шимон ғибадатханаға киелі рухтың жетелеуімен келді. Ол Жүсіп пен Мәриямды тауып алып, нәрестені қолына алды.

Шимон Исаны көтеріп тұрып, Құдайға былай деп мадақ айтты: “Әлемнің Әміршісі, өзің алдын ала айтқандай, баланы көріп тұрмын, енді міне, құлың тыныштықпен көз жұма алады. Себебі өз көзіммен сен жіберген құтқарушыны, барлық халықтарға көрсету үшін дайындаған құтқарушыңды, көрдім. Ол — халықтарды басқан қараңғылықты сейілтетін нұр әрі өз халқың Исраилдің даңқы” (Лұқа 2:29—32).

Жүсіп пен Мәриям бұл сөздерді естіп, қайран қалды. Шимон оларға батасын берді. Сосын “бала Исраилде кейбіреулердің құлауына, ал өзге біреулердің тұруына себепші болатынын”, ал Мәриямның жаны үлкен семсер сұғып алғандай қатты ауыратынын айтты (Лұқа 2:34).

Сол күні ғибадатханада 84 жастағы пайғамбар әйел Анна да жүр еді. Ол үнемі ғибадатханада болатын. Анна Исаны көтерген Жүсіп пен Мәриямның қасына келді. Сосын Құдайға ризашылық білдірді және сонда тұрған адамдарға Иса туралы айта бастады.

Ғибадатханада орын алған жайттар Жүсіп пен Мәриямды қатты қуантса керек. Себебі соның арқасында ұлдарының Құдай уәде еткен Адам екеніне көздері жеткені сөзсіз.