Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

8-ТАРАУ

Олар зұлым билеушіден қашты

Олар зұлым билеушіден қашты

МАТАЙ 2:13—23

  • ИСАНЫҢ ОТБАСЫ МЫСЫРҒА ҚАШТЫ

  • ЖҮСІП ОТБАСЫМЕН НАЗАРЕТКЕ ҚОНЫС ТЕПТІ

Жүсіп ұйықтап жатқан Мәриямды тездетіп оятты. Өйткені Ехоба Құдайдың періштесі түсіне кіріп, Жүсіпке: “Тұр, бала мен анасын алып, Мысырға қаш! Өзім айтқанға дейін сол жерде қала бер. Себебі Ирод баланы іздеп тауып, өлтірмекші”,— деген еді (Матай 2:13).

Жүсіп Мәриям мен ұлын алып, түн ішінде жолға шықты. Олардың кідірместен кеткендері дұрыс болды. Себебі Ирод жұлдызжорамалшылардың өзін алдап кеткенін біліп қойған еді. Олар хабар бермей, елдеріне кетіп қалғанына Ирод қатты ашуланды. Исаны өлтіру ниетінен қайтпай, Бетлехем мен оның төңірегіндегі екі жасқа дейінгі ұл балаларды түгел өлтіруге бұйрық берді. Бұл жас шамасын ол Шығыстан келген жұлдызжорамалшылардан сұрастырып білген уақытқа сай есептеген.

Балаларды жаппай қыру — жантүршіктіретін қылмыс! Сол кезде қанша баланың қаза болғанын білмейміз. Бірақ қаншама ананың перзентін жоқтап, зар жылағаны анық. Мұнымен Құдайдың Еремия пайғамбар арқылы алдын ала айтқан сөздері орындалды (Еремия 31:15).

Бұл уақытта Жүсіп отбасымен Мысырға қашып барып, сол жерде тұрып жатты. Бір күні түнде Ехоба Құдайдың періштесі Жүсіпке тағы да көрініп, оған: “Тұр, бала мен анасын алып, Исраил жеріне қайт! Өйткені баланың жанын алғысы келгендер өлді”,— деді (Матай 2:20). Содан Жүсіп отбасын алып, еліне қайтпақ болды. Осылайша Киелі кітаптағы: “Ұлымды Мысырдан шақырып алдым”,— делінген тағы бір пайғамбарлық орындалды (Ошия 11:1).

Алғашында Жүсіп отбасымен Яһудеядағы Бетлехем қаласының маңына қоныстанғысы келген болса керек. Өйткені олар Мысырға дейін сол жерде тұрған еді. Алайда Жүсіп Яһудеяда Иродтың қатыгез ұлы Архелай билік етіп жатқанын біліп, ол жаққа баруға қорықты. Оның үстіне, Құдай оған тағы да түсінде қауіп жайлы ескертті. Сондықтан Жүсіп отбасымен солтүстікке, Яһудилердің діни орталығы Иерусалимнен алыс жаққа көшті. Олар Ғалилея аймағындағы Назарет қаласына қоныс тепті. Иса сол аймақта өсіп, ержетті. Осылайша: “Ол назареттік деп аталатын болады”,— делінген басқа бір пайғамбарлық орындалды (Матай 2:23).