Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

78-ТАРАУ

Адал басқарушы, дайын бол!

Адал басқарушы, дайын бол!

ЛҰҚА 12:35—59

  • АДАЛ ҮЙ БАСҚАРУШЫ ДАЙЫН ТҰРУЫ КЕРЕК

  • ИСА АДАМДАРДЫ БӨЛУ ҮШІН КЕЛДІ

Иса көктегі Патшалыққа тек “кішкене отар” ғана кіретінін түсіндірді (Лұқа 12:32). Бірақ бұл зор мәртебе болғандықтан, оған жеңіл-желпі қарамау керек. Патшалықтың мүшесі болғысы келетіндер үшін ой қалыптың дұрыс болғаны аса маңызды. Иса әрі қарай осыған ерекше көңіл бөлді.

Иса қайтып келгенде, шәкірттері оны қарсы алуға дайын болулары керек. Сондықтан Иса былай деді: “Белдерің буулы, шамдарың жағулы болсын. Қожайынының үйлену тойынан оралуын күтіп жүрген құлдар сияқты болыңдар. Олар қожайыны келіп, есік қаққанда, дереу ашуға дайын тұрады. Қожайыны келгенде, сергек жүрген құлдар бақытты!” (Лұқа 12:35—37).

Исаның мысалынан шәкірттер рухани күйдің қандай болу керектігін бірден түсінді. Құлдар қожайынның келуін күтіп, оны қарсы алуға дайын болды. “Қожайыны екінші күзетте [шамамен түнгі тоғыз бен он екі аралығында], тіпті үшінші күзетте [шамамен түнгі он екі мен үш аралығында] келіп, құлдардың сергек жүргенін көрсе, олар бақытты!”— деді Иса (Лұқа 12:38).

Бұл ұқыпты да елгезек құл не қызметші болу үшін берілген кеңес қана емес екені анық. Өйткені Иса мысалды өзіне, яғни Адам Ұлына қатыстырып, шәкірттерге: “Сендер де дайын болыңдар, өйткені Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді”,— деді (Лұқа 12:40). Болашақта Иса қайтып келеді. Сонда ол ізбасарларының — атап айтқанда “кішкене отардың” — дайын болғанын қалайды.

Петір Исаның не айтқысы келгенін нақтырақ түсінгісі келіп: “Ием, бұл мысалды бізге ғана айтып тұрсыз ба, әлде жұрттың бәріне ме?”— деп сұрады. Иса сұраққа тікелей жауап бермей, алдыңғысымен байланыстырып тағы бір мысал айтты: “Қожайыны басқа қызметшілеріне қажетті ас-суын уақтылы беріп тұруға тағайындайтын адал да ақылды басқарушы кім? Қожайыны қайтып келгенде, оның солай істеп жүргенін көрсе, сол құл бақытты! Сендерге шынымен айтамын, ол оны бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындайды” (Лұқа 12:41—44).

Алдыңғы мысалдағы “қожайынның” Исаға, яғни Адам Ұлына, нұсқайтыны анық. Демек, “адал басқарушы” Патшалықты мұра ететін және “кішкене отардың” құрамына кіретін адамдар деу қисынды (Лұқа 12:32). Кейінгі мысалында Иса кішкене отардың кейбір мүшелері “басқа қызметшілерді” қажеттімен қамтамасыз ететінін, яғни “ас-суды уақтылы беріп тұратынын” айтты. Петір мен басқа шәкірттерге тәлім беріп, рухани ас-сумен қамтамасыз етіп жатқан Исаның өзі еді. Сондықтан олар әңгіме Адам Ұлының қайтып келетін кезі жайлы екенін түсінді. Сол уақытта Исаның ізбасарларына, яғни Қожайынның “басқа қызметшілеріне”, рухани ас-су беру шарасы ұйымдастырылатын болады.

Иса шәкірттеріне сергектік сақтаулары және рухани күйлеріне мұқият болулары керектігіне тағы бір себеп келтірді. Құл босаңсып, тіпті басқа құлдарға қиянат жасап кетуі мүмкін еді. Сондықтан Иса былай деді: “Алайда әлгі құл іштей “қожайыным кешігіп жатыр” деп, өзге құлдар мен күңдерді ұрып-соғып, ішіп-жеп, мас болып жүрсе, онда қожайыны ол күтпеген күні, білмеген сағатта келіп, оны аяусыз жазалап, адал болмағандардың кебін кигізеді” (Лұқа 12:45, 46).

Сосын Иса өзінің “жер бетіне от қоюға келгенін” айтты. Демек, ол көтерген мәселелер адамдардың арасында қызу пікірталас тудырып, нәтижесінде жалған ілімдер мен дәстүрлер әшкереленеді. Тіпті бір-біріне жақын болу керек адамдар бөлініп, “әкесі ұлына, ұлы әкесіне, шешесі қызына, қызы шешесіне, енесі келініне, келіні енесіне қарсы болады” (Лұқа 12:49, 53).

Бұл сөздерді Иса негізінен шәкірттеріне арнады. Сосын ол назарын халыққа бұрды. Көпшілік қасарысып, Исаның Мәсіх екенінің дәлелдерін әлі де мойындамайды. Сондықтан ол былай деді: “Батыстан көтерілген бұлтты көргенде, сендер дереу “дауыл тұрып, жаңбыр жауады” дейсіңдер, солай болады да. Ал оңтүстіктен жел соқса, “аптап ыстық болады” дейсіңдер, бұл да солай болады. Екіжүзділер, жер мен аспан құбылыстарын түсіне білесіңдер, ал қазіргі уақытта болып жатқан жайттарды неліктен ұқпайсыңдар?” (Лұқа 12:54—56). Олардың Мәсіхті қабыл алуға дайын болмағаны анық.