76-ТАРАУ
Парызшылдармен қонақасында
-
ҚОНАҚАСЫНДА ИСА ЕКІЖҮЗДІ ПАРЫЗШЫЛДАРДЫ АЙЫПТАДЫ
Яһудеяда жүрген Исаны бір парызшыл қонаққа шақырды. Бұл кешкі емес, түскі ас болса керек (Лұқа 11:37, 38). Ас ішер алдында парызшылдар қолдарын шынтаққа дейін жуды. Иса бұл дәстүрді жасаған жоқ (Матай 15:1, 2). Қолды шынтаққа дейін жуу Құдай Заңына қайшы емес, бірақ Құдайдың талабы да емес.
Исаның бұл дәстүрді жасамағанына парызшылдар таңғалды. Мұны байқаған Иса: “Парызшылдар, сендер ыдыс-аяқтың сыртын тазалайсыңдар, бірақ ішкі дүниелерің ашкөздік пен зұлымдыққа толы. Түйсіксіздер! Сыртын жаратқан ішін де жаратты емес пе?”— деді (Лұқа 11:39, 40).
Мәселе тамақты қол жумай жеуде емес, діни екіжүзділікте еді. Өйткені парызшылдар мен басқа яһудилер қол жуу рәсімін жасағанмен, жүректерін зұлымдықтан тазартпайтын. Сол себепті Иса келесідей кеңес берді: “Ішкі дүниелеріңде бар нәрседен қайыр-садақа беріңдер. Сонда барлық жағынан таза боласыңдар” (Лұқа 11:41). Бұл шынында да солай! Қайыр-садақа жұртты әділдігімен таңғалдыру үшін емес, сүйіспеншілікке толы жүрек талпындырғандықтан берілу керек.
Парызшылдар қайыр-садақаны да, сый-тартуды да беретін. Бірақ Иса мына жайтқа көңіл бөлді: “Жалбыз, рута және осы сияқты басқа да шөптердің оннан бір бөлігін бересіңдер, бірақ әділдік пен Құдайға деген сүйіспеншілікті елемейсіңдер. Біріншісін де істеп, екіншісін де елеусіз қалдырмауларың тиіс еді” (Лұқа 11:42). Құдай Заңы бойынша халық танаптағы кез келген өнімнің оннан бір бөлігін сый-тарту ретінде беру керек (Мұсаның 5-жазбасы 14:22). Бұған жалбыз, рута сияқты басқа да дәмдеуіш шөптер кіретін. Парызшылдар осындай шөптерді беруге келгенде, тиянақтылық танытатын. Бірақ әділ әрекет ету, Құдайдың жолында қарапайым болу сияқты Заңның әлдеқайда маңызды талаптарын орындамайтын (Миха 6:8).
Иса сөзін жалғап былай деді: “Парызшылдар, сендер қасіретке қаласыңдар! Себебі мәжілісханаларда алдыңғы орындарда отырғанды, базар алаңдарында жұрттың өздеріңе құрмет көрсетіп сәлем бергенін жақсы көресіңдер. Сендер қасіретке қаласыңдар! Өйткені белгісі жоқ молаларға ұқсайсыңдар, адамдар оларды байқамай, үстін басып өтеді” (Лұқа 11:43, 44). Расында да, адамдар осындай молаларға сүрініп, діни тұрғыдан арамдалып қалуы мүмкін еді. Иса осы жайт арқылы парызшылдардың арам пиғылдары көзге көріне бермейтініне баса назар аударды (Матай 23:27).
Мұса Заңын жетік білетін бір кісі: “Ұстаз, бұл сөздеріңізбен бізді де ренжітіп жатырсыз”,— деді. Алайда ол өздерінің халыққа көмектеспей жүргенін түсіну керек еді. Сол себепті Иса былай деді: “Мұса Заңын жетік білетіндер, сендер де қасіретке қаласыңдар! Өйткені адамдарға тым ауыр жүк артасыңдар, ал өздерің оған саусақтарыңды да тигізбейсіңдер! Сендер қасіретке қаласыңдар, өйткені пайғамбарларға арнап мола саласыңдар, бірақ оларды өлтірген — өз ата-бабаларың” (Лұқа 11:45—47).
Исаның ауыр жүк деп отырғаны — ауызша дәстүрлер мен парызшылдардың Заңға берген түсініктемелері. Дінбасылары халықтың өмірін жеңілдетудің орнына, ойдан шығарылған ережелерді ұстануды талап етулерімен иықтарына ауыр жүк артты. Кезінде ата-бабалары Әбілден бергі Құдай пайғамбарларын өлтірген. Бұлар болса сол пайғамбарларды қадірлегенсіп, оларға мола салғанымен, ата-бабаларының көзқарасын танытып, іс-әрекеттерін қайталап жүр. Тіпті олар Құдайдың ең басты Пайғамбарын өлтірудің амалын іздеуде. Сондықтан Иса осы ұрпақты Құдай жауапқа тартатынын айтты. Бұл сот 38 жыл өткен соң, б. з. 70 жылы жүзеге асты.
Сосын Иса: “Мұса Заңын жетік білетіндер, сендер қасіретке қаласыңдар! Өйткені білімнің кілтін тартып алдыңдар. Өздерің де кірмедіңдер, кіргісі келетіндерге де кедергі жасайсыңдар!”— деді (Лұқа 11:52). Діни жетекшілер Құдай Сөзін түсіндіріп берудің орнына, халықты оны білу, түсіну мүмкіндігінен айырып отыр.
Осыдан кейін парызшылдар мен дін мұғалімдері не істеді? Олар кетпек болған Исаны жан-жақтан қыспақтап, сұрақ жаудыра бастады. Әрине, көбірек білгілері келгендіктен емес, Исаны сөзден ұстап, тұтқындағысы келгендіктен.