Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

56-ТАРАУ

Адамды шын мәнінде арамдайтын не?

Адамды шын мәнінде арамдайтын не?

МАТАЙ 15:1—20 МАРҚА 7:1—23 ЖОХАН 7:1

  • ИСА ОЙДАН ШЫҒАРЫЛҒАН ДӘСТҮРЛЕРДІ АЙЫПТАДЫ

Б. з. 32 жылының Құтқарылу мейрамының алдында Иса Ғалилеяда көп тәлім берді. Кейін ол Құдай Заңының талабы бойынша Құтқарылу мейрамын тойлау үшін Иерусалимге барса керек. Алайда мұны сақтықпен жасады, өйткені яһудилер оны өлтіргісі келіп жүр (Жохан 7:1). Сосын ол Ғалилея өлкесіне қайтып оралды.

Қазір Иса Қапарнаумда болса керек. Оны іздеп Иерусалимнен парызшылдар мен дін мұғалімдері келді. Олардың ұзақ жол жүруіне не себеп болды? Исаны діни дәстүрді бұзды деп айыптауға сылтау тапқысы келді. Сөйтіп, олар Исаға: “Неге шәкірттерің ата-баба дәстүрін бұзады? Мысалы, олар тамақтанарда қол жумайды”,— деді (Матай 15:2). Құдай өз халқына “қолдарын шынтағына дейін жуу” дәстүрін орнатпаған еді (Марқа 7:3). Ал парызшылдар бұл дәстүрді орындамау ауыр күнә деп есептеді.

Иса дінбасыларының таққан айыбына тікелей жауап бермеді. Қайта, Құдай Заңын біле тұра бұзғандары үшін өздерін айыптады. Ол: “Ал сендер неге өз дәстүрлеріңе бола Құдай заңын бұзасыңдар?”— деп сұрады. “Мысалы, Құдай “Әке-шешеңді құрметте!” және “Әкесіне не шешесіне тіл тигізген адам өлтірілсін!” деген ғой. Ал сендер: — Егер әлдебіреу әкесіне не шешесіне “менен көрмек игіліктеріңізді Құдайға тарту ретінде бағыштап қойдым” десе, оған әкесіне сый-құрмет көрсетудің қажеті жоқ,— дейсіңдер” (Матай 15:3—6; Мұсаның 2-жазбасы 20:12; 21:17).

Парызшылдар Құдайға тарту ретінде бағышталған ақшаны, мүлікті және басқа да нәрселерді ғибадатханаға тиесілі деп есептеді. Сондықтан оларды басқа мақсатта қолдануға тыйым салды. Ал шын мәнінде бағышталған сыйлар иесінің қолында қала беретін. Мысалы, әлдекім ақшасын, мүлкін Құдайға немесе ғибадатханаға тарту ретінде бағышталған “құрбан” десе, оларға ғибадатхананың меншігіндей қарайтын. Сөйте тұра оларды өзі қолдана беретін. Ал көмекке мұқтаж қартайған ата-анасына келгенде, оларды қолдануға болмайды деп есептеп, перзенттік міндетін орындаудан бас тартатын (Марқа 7:11).

Иса Құдай Заңының осылай бұрмаланғанына орынды түрде ашуланды. Ол былай деді: “Өз дәстүрлеріңе бола Құдай сөзінің қадірін түсіресіңдер. Екіжүзділер, сендер жайлы Ишая пайғамбар былай деп дұрыс айтқан: “Бұл халық мені тілдерімен ғана дәріптейді, бірақ жүректері менен алшақ. Олар маған босқа ғибадат етіп жүр, себебі адамдар шығарған ілімдерге үйретеді”. Исаның таққан ауыр айыбына парызшылдар ештеңе айта алмады. Сосын Иса жұртты қасына шақырып алып: “Мына сөздеріме құлақ салып, мәнін ұғып алыңдар: адамды аузына енген нәрсе емес, аузынан шыққан нәрсе арамдайды”,— деді (Матай 15:6—11; Ишая 29:13).

Кейінірек үйге кіргенде, шәкірттер Исадан: “Айтқандарыңызға парызшылдардың ренжігенін байқадыңыз ба?”— деп сұрады. Сонда ол: “Көктегі Әкем екпеген әрбір өсімдік түбімен жұлынып тасталады. Оларды елемеңдер. Олар соқыр жетекшілер. Егер соқырды соқыр жетелесе, екеуі де орға құлайды”,— деп жауап берді (Матай 15:12—14).

Петір шәкірттердің атынан адамды не арамдайтынын түсіндіріп беруін сұрағанда, Иса таңғалған болса керек. Сондықтан былай деп жауап берді: “Әлде ауызға енген барлық нәрсе асқазанға жетіп, сосын денеден шығып кететінін білмейсіңдер ме? Ал адамның аузынан шығатындары жүректен шығады. Адамды арамдайтын, міне, солар! Мысалы, жүректен жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, жалған куәлік, қорлық сөздер шығады. Адамды осылар арамдайды. Қол жумай тамақ жеу арамдамайды” (Матай 15:17—20).

Иса тән тазалығының немесе ас даярлағанда не ішерде қол жуудың дұрыстығына күмән келтірген жоқ. Бұл сөздерімен ол дінбасылардың екіжүзділігін айыптады. Өйткені олар адамдардың ойдан шығарған дәстүрлеріне бола Құдайдың әділ заңдарын елеусіз қалдыратын. Адамды шын мәнінде арамдайтын жүректен бастау алатын зұлым істер еді.