Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

22-ТАРАУ

Төрт шәкірті адам аулайтын болады

Төрт шәкірті адам аулайтын болады

МАТАЙ 4:13—22 МАРҚА 1:16—20 ЛҰҚА 5:1—11

  • ИСА ШӘКІРТТЕРІН ҮНЕМІ ҚАСЫНДА ЖҮРУГЕ ШАҚЫРДЫ

  • БАЛЫҚ АУЛАУШЫЛАР АДАМ АУЛАУШЫ БОЛМАҚ

Назаретте Исаны өлтірмек болған соң, ол “Генесәрет көлі” деп те аталатын Ғалилея теңізінің маңында орналасқан Қапарнаум қаласына барды (Лұқа 5:1). Сонда теңіз жағасындағы Ғалилеяның халқы ғаламат нұрды көретіні жайлы Ишаяның пайғамбарлығы орындалды (Ишая 9:1, 2).

Иса Ғалилея өлкесінде де “Көк Патшалығы таяп қалғанын” жариялап жүрді (Матай 4:17). Сол жерде ол өзімен бірге сапар шеккен төрт шәкіртін кезіктірді. Олар Яһудеядан келген бойда балық аулау кәсіптеріне кірісіп кеткен болатын (Жохан 1:35—42). Ал енді Исаға үнемі еріп жүретін уақыт келді. Иса оларды өзінен кейін жердегі қызметті жалғастыруға дайындамақ.

Иса теңіз жағасымен жалғыз келе жатып, Шимон Петір мен оның бауыры Әндірді кездестірді. Олар басқалармен бірге балық аулайтын ауларын жуып отыр екен. Иса қастарына келіп, Петірдің қайығына мінді де, жағадан әрірек жүзуді өтінді. Сосын қайықта отырып, жағада жиналған халыққа Патшалық жайлы тәлім бере бастады.

Сосын Петірге: “Терең жерге жүзіп барып, суға ау салыңдар”,— деді. Ол: “Ұстаз, біз түні бойы еңбектеніп, түк ұстаған жоқпыз. Бірақ сіз айтқан соң, салып көрейін”,— деп жауап берді (Лұқа 5:4, 5).

Олар ауды суға салғанда, балықтың көп түскені сонша — ау жыртыла бастады. Сонда олар шұғыл түрде басқа қайықтағы серіктерін көмекке шақырды. Бірақ екі қайық та балыққа лық толып, суға бата бастады. Мұны көрген Петір Исаның аяғына жығылып: “Ием, қасыңызда болуға лайық емеспін, себебі мен күнәкар адаммын”,— деді. Иса оған: “Қорықпа! Бұдан былай адамдарды аулайтын боласың”,— деді (Лұқа 5:8, 10).

Содан кейін Иса Петір мен Әндірге: “Соңымнан еріңдер, мен сендерді адам аулаушы етемін”,— деді (Матай 4:19). Иса тағы екі балықшыны шақырды. Олар Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жохан. Бұлар да Исаға бірден ерді. Сонымен осы төртеуі — балық аулау кәсіптерін тастап, Исаға үнемі еріп жүретін алғашқы шәкірттер болды.