Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

40-ТАРАУ

Кешірімді болуға үйретті

Кешірімді болуға үйретті

ЛҰҚА 7:36—50

  • КҮНӘКАР ӘЙЕЛ ИСАНЫҢ АЯҒЫНА ИІСМАЙ ЖАҚТЫ

  • ҚАРЫЗ БЕРУШІНІҢ МЫСАЛЫМЕН КЕШІРІМДІЛІККЕ ҮЙРЕТТІ

Исаның тәлімі мен істерін адамдар пейілдеріне қарай әртүрлі қабылдады. Бұл Ғалилеядағы Шимон есімді бір парызшылдың үйінде айқын болды. Ол таңғажайып істер жасап жүрген адамды жақынырақ танығысы келсе керек, Исаны үйіне қонаққа шақырды. Иса шақыруды сондағы адамдарға уағыз айтудың мүмкіндігі деп қарастырғандықтан қабыл алғанға ұқсайды. Бұған дейін де ол салық жинаушылар мен күнәкарлардың шақыруын осы мақсатпен қабыл алған болатын.

Алайда үй иесі Исаны шын көңілімен қарсы алмады. Палестинаның топырақ жолымен жүрген адам сандал кигендіктен табаны қызып, аяғы шаң-шаң болып кететін. Сондықтан келген қонаққа қонақжайлылық көрсетіп, аяғын салқын сумен жуатын болған. Алайда Исаға мұндай қонақжайлылық көрсетілмеді. Оны тіпті әдеттері бойынша сүйіп те қарсы алмады. Сондай-ақ Исаға жылы ықыластың белгісі ретінде шашқа иісмай жағу дәстүрі де жасалынбады. Исаға құрмет көрсеткен адам болды ма?

Қонақтар дастарқан басына жантайып, ас ішуге кірісті. Сол уақытта ішке бір әйел кіріп келді. Ол “қалада күнәкар ретінде танымал” еді (Лұқа 7:37). Кемелсіз адамдардың бәрі де күнәкар. Алайда бұл әйел жезөкше болса керек. Ол Исаның тәлімдерін және “еңселерін ауыр жүк басқандар, барлығың да маған келіңдер” деп шақырғанын естіген болуы мүмкін (Матай 11:28, 29). Исаның айтқандары мен істеген кереметтері әсер еткендіктен, оны іздеп келгенге ұқсайды.

Әйел дастарқан басында жантайған Исаның аяқ жағына барып, тізерлеп отырды. Исаның аяғына тамған көз жасын әйел шашымен сүрте бастады. Сосын аяғын жаймен сүйіп, әкелген иісмайын жақты. Мұны жақтырмай бақылап тұрған Шимон ішінен: “Егер ол шынымен пайғамбар болса, өзіне кімнің және қандай әйелдің қол тигізіп жатқанын білер еді. Ол — күнәкар әйел ғой”,— деді (Лұқа 7:39).

Шимонның не ойлап тұрғанын білген Иса: “Шимон, саған айтар сөзім бар”,— деді. “Ұстаз, айта беріңіз”,— деді ол. Сонда Иса былай деді: “Қарыз беруші бір адамның екі кісіде ақшасы болыпты. Олардың біреуі 500, ал екіншісі 50 динар қарыз екен. Олардың қарызын қайтаратын ештеңелері болмаған соң, әлгі кісі екеуінің де қарызын кеңпейілмен кешіреді. Айтшы, солардың қайсысы оны көбірек жақсы көреді?” Бұған Шимон: “Көбірек қарызы кешірілген кісі деп ойлаймын”,— деп айта салса керек (Лұқа 7:40—43).

Бұл жауапты Иса құптады. Сосын әйелге қарап тұрып, Шимонға былай деді: “Мына әйелді көріп тұрсың ба? Мен үйіңе кіргенде, сен аяғымды жуатын су бермедің. Ал ол аяғымды көз жасымен жуып, шашымен сүртті. Сен мені сүйіп қарсы алмадың, ол болса мен келгеннен бері аяғымды тоқтамастан сүйіп отыр”. Әйел өзінің азғын өмір салтына шын жүректен өкінетінін Иса көріп тұр. Сондықтан ол: “Саған айтамын, оның күнәсі қанша көп болса да, кешірілді. Сол үшін ол көбірек жақсы көреді. Ал кімге аз кешірілсе, сол аз жақсы көреді”,— деп сөзін аяқтады (Лұқа 7:44—47).

Иса азғындықты ақтағысы келмеді. Қайта, ауыр күнә жасаған, бірақ онысына өкініп, жеңілдік іздеп келген адамның күйіне түсінушілікпен қарап, жанашырлық танытып отыр. Кейін Иса: “Күнәларың кешірілді... Сенімің арқылы құтқарылдың. Амандықпен қайта бер”,— дегенде, әйел қандай жеңілдік сезінді десеңізші (Лұқа 7:48, 50).