Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

29-ТАРАУ

Демалыс күні жақсылық жасауға бола ма?

Демалыс күні жақсылық жасауға бола ма?

ЖОХАН 5:1—16

  • ИСА ЯҺУДЕЯДА УАҒЫЗДАДЫ

  • ХАУЫЗДЫҢ ЖАНЫНДА БІР КІСІНІ САУЫҚТЫРДЫ

Иса Ғалилеядағы уағыз сапарында көп іс атқарды. Алайда ол: “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды басқа қалаларда да жариялауым керек”,— дегенде, Ғалилеядан басқа да жерлерді ойда тұтты. Содан Иса “Яһудеяның мәжілісханаларында уағыз айтып жүрді” (Лұқа 4:43, 44). Мұнысы орынды болды. Өйткені қазір көктем, әрі Иерусалимдегі мейрамның қарсаңы.

Інжілде Исаның Яһудеядағы қызметі жайлы Ғалилеядағы қызметіне қарағанда азырақ жазылған. Яһудеяда адамдар ізгі хабарға жалпы алғанда немқұрайды қарады. Соған қарамастан, Иса сол өлкеде белсене уағыздап, жүрген жерінде игі істер жасай берді.

Көп ұзамай б. з. 31 жылының Құтқарылу мейрамын тойлау үшін, Иса Яһудеяның басты қаласы Иерусалимге бет алды. Адам ығы-жығы болып жататын Қой қақпасының маңында бағаналы бес дәлізі бар Бетзада деген үлкен хауыз болатын. Сол хауызға науқастар, соқырлар, ақсақтар келетін. Өйткені олар су қозғалғанда хауызға түскен адам сауығып кетеді деп сенген.

Қазір Демалыс күні. Иса хауыздың жанында 38 жылдан бері науқас бір кісіні кездестірді. Иса одан: “Сауыққың келе ме?”— деп сұрады. Ол: “Мырза, су қозғалғанда мені хауызға түсіретін ешкім жоқ. Мен жеткенше, басқа біреу түсіп қояды”,— деді (Жохан 5:6, 7).

Сонда Иса науқас адамды да, естігендерді де таңғалдыратын сөз айтып: “Түрегел, зембіліңді ал да, жүре бер”,— деді (Жохан 5:8). Науқас кісі Исаның айтқанын істегенде, ол сол заматта сауығып, зембілін алды да, жүріп кетті.

Сауыққан кісіні көргенде, яһудилер керемет іске қуанудың орнына, бірден: “Бүгін Демалыс күні, зембіл көтеріп жүргенің заңға қайшы”,— деп наразылық білдірді. Ал науқас болған адам оларға: “Мені сауықтырған кісі “зембіліңді ал да, жүре бер” деген”,— деп жауап берді (Жохан 5:10, 11). Біреу Демалыс күні адамды сауықтырса, яһудилер оны айыптайтын еді.

Яһудилер: “Саған “зембіліңді ал да, жүре бер” деген кім?”— деп сұрады. Неге? Өйткені Иса “көп адамның арасына білдірмей кіріп кеткен еді” (Жохан 5:12, 13). Иса сол жерден кетіп қалғандықтан, әлгі кісі өзін сауықтырған адамның кім екенін біле алмай қалған. Кейінірек ол Исаны ғибадатханада кезіктіріп, өзін хауызда сауықтырған адамның Иса екенін білді.

Сосын ол сұрақ қойған яһудилерді тауып алып, оларға өзін сауықтырған адамның Иса екенін айтты. Мұны біле салысымен яһудилер Исаға барды. Оның кереметтерді қалай жасап жүргенін білу үшін бе? Жоқ. Демалыс күні жақсылық жасағаны үшін айыптамақ болып барды. Кейін олар Исаны қудалай бастады.