Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

32-ТАРАУ

Демалыс күні не істеуге болады?

Демалыс күні не істеуге болады?

МАТАЙ 12:9—14 МАРҚА 3:1—6 ЛҰҚА 6:6—11

  • ИСА ДЕМАЛЫС КҮНІ ҚОЛЫ СЕМІП ҚАЛҒАН КІСІНІ САУЫҚТЫРДЫ

Иса Ғалилеяда болса керек. Ол тағы бір Демалыс күні мәжілісханаға келді. Сол жерде қолы семіп қалған бір кісіні кезіктірді (Лұқа 6:6). Дін мұғалімдері мен парызшылдар Исаны жіті бақылап тұрды. Неге? Олардың ниеті: “Демалыс күні адамды сауықтыруға бола ма?”— деп сұрақ қойғандарынан көрінді (Матай 12:10).

Яһуди дінбасылары Демалыс күні адам өміріне қауіп төнсе ғана оны емдеуге болады деп есептеді. Ал өмірге қауіп төнбесе, емдеуге тыйым салды. Мысалы, шығып кеткен буынды салуға, сіңірі созылған жерді таңуға болмайтын. Демек, дін мұғалімдері мен парызшылдар әлгі сұрақты науқасқа жандары ашығандықтан қойған жоқ. Олар Исаны айыптауға сылтау іздеді.

Олардың арам ойлары Исаға белгілі. Демалыс күніне қатысты талаптарының шектен шыққанын әрі Жазбаларға негізделмегенін біліп тұр (Мұсаның 2-жазбасы 20:8—10). Бұған дейін де олар Исаны игі істері үшін орынсыз айыптаған болатын. Енді Иса осы мәселенің бетін ашу үшін, қолы семген кісіге: “Түрегеліп, ортаға кел”,— деді (Марқа 3:3).

Сосын Иса дін мұғалімдері мен парызшылдарға бұрылып: “Егер біреуіңнің жалғыз қойың болып, Демалыс күні шұңқырға түсіп кетсе, оны шығарып алмас па едіңдер?”— деді (Матай 12:11). Қой адамның дүниесі болғандықтан, оны келесі күнге дейін шұңқырда қалдырмас еді. Өйткені қой өліп қалса, адам шығын көреді. Оның үстіне, Жазбаларда: “Әділ тіпті малының қамын ойлайды”,— делінген (Нақыл сөздер 12:10).

Кейін Иса: “Ал адам қойдан әлдеқайда артық қой! Демек, Демалыс күні жақсылық жасауға болады”,— деді (Матай 12:12). Демалыс күні адамды сауықтыруымен Иса заңды бұзған жоқ. Исаның қисынына әрі жанашырлық байқалатын тұжырымына дінбасылары еш қарсылық білдіре алмай, үнсіз қалды.

Иса олардың жүректері шеменденіп кеткеніне қынжылып, айналасына ашулана қарады. Сосын әлгі кісіге: “Қолыңды соз!”— деді (Матай 12:13). Ол қолын созғанда, қолы сап-сау қалпына келді. Оның қуанышында шек болмағаны сөзсіз. Алайда Исаны айыптауға себеп таппай тұрғандарға бұл керемет қалай әсер етті?

Парызшылдар адамның сауыққанына қуанудың орнына, сыртқа шығып кетіп, “Исаның көзін құрту үшін бірден Иродтың жақтастарымен кеңесуге кірісті” (Марқа 3:6). Иродтың жақтастарының қатарында саддукейлер деп аталатын діни топтың мүшелері де болғанға ұқсайды. Саддукейлер мен парызшылдар қарсылас топтар бола тұра, Исаға қарсы жұмыла әрекет етпекші.