Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

33-ТАРАУ

Ишаяның пайғамбарлығы орындалды

Ишаяның пайғамбарлығы орындалды

МАТАЙ 12:15—21 МАРҚА 3:7—12

  • ЖҰРТ ИСАҒА ЕНТЕЛЕП, ОНЫ ЫҒЫСТЫРДЫ

  • ИШАЯ ПАЙҒАМБАРЛЫҒЫН ОРЫНДАДЫ

Парызшылдар мен Иродтың жақтастары өзіне қастандық ойластырып жатқанын білгенде, Иса шәкірттерімен Ғалилея теңізі жаққа кетіп қалды. Оның соңынан қалың жұрт ілесті. Ғалилеядан, Тир мен Сидон қалаларынан, Иордан өзенінің шығыс жағынан, Иерусалимнен және солтүстіктегі Идумеядан да жұрт ағылып келіп жатты. Иса келгендердің көбін сауықтырды. Содан ауыр дертке шалдыққандардың көбі Исаның қол тигізгенін күтпей, өздері “қол тигізбек болып ентелеп жатты” (Марқа 3:9, 10).

Жиналған жұрттың көптігі сонша — Иса шәкірттеріне бір кішкене қайықты дайын ұстауды тапсырды. Ол адамдардың арасында қысылып қалмас үшін, жағадан әрірек жүзіп бармақ еді. Сондай-ақ қайықта отырып жұртқа тәлім беруге және арғы жағаға өтіп, көбірек адамға көмектесуге де болатын.

Шәкірт Матай Исаның қызметінен “Ишая пайғамбар арқылы айтылған сөздердің” орындалып жатқанын байқады (Матай 12:17). Бұл қандай пайғамбарлық?

“Міне, менің таңдап алған қызметшім! Мен оны жақсы көремін әрі оған ризамын! Оған рухымды қондырамын. Ол халықтарға әділдіктің не екенін түсіндіретін болады. Ол айтыспайды, айқайламайды, үлкен көшелерде де ешкім оның даусын естімейді. Әділдікті жеңіске жеткізбейінше, майысқан қамысты сындырмайды, қоңырси жанған білтені де сөндірмейді. Оның есіміне халықтар үміт артатын болады” (Матай 12:18—21; Ишая 42:1—4).

Иса — Құдайдың сүйікті қызметшісі. Ол адамдарға нағыз әділдіктің не екенін ашты. Мұны жалған діни әдет-ғұрыптар көмескілеп тастаған еді. Парызшылдар Құдай Заңын өз түсініктеріне негіздеп, бұрыс қолданғандықтан, Демалыс күні тіпті ауру адамға көмектеспейтін болған! Ал Иса Құдайдың дұрыс көзқарасын көрсетуімен және өзінің Құдай рухымен әрекет ететінін паш етуімен халықты жалған әдет-ғұрыптардың ауыртпалығынан босатты. Сол үшін де дінбасылары оны өлтіргісі келді. Қандай өкінішті!

Пайғамбарлықтағы “ол айтыспайды, айқайламайды, үлкен көшелерде де ешкім оның даусын естімейді” деген сөздер нені білдіреді? Иса сауықтырған адамдарына — қуып шығарған жын-перілерге де — “өзінің кім екенін айтуға” тыйым салды (Марқа 3:12). Өйткені ол халықтың өзі жайлы көшелерде жарнамалап айтылған сөздерден және бұрмаланған хабардан естіп-білгенін қаламады.

Сондай-ақ Иса жұбаныш беретін хабарды қамыс сияқты майысып, еңселері түскен адамдарға жеткізді. Олар сығырайған білтеге ұқсап, өмірдегі соңғы жалыны өшкелі тұрғандай еді. Иса майысқан қамысты сындырмады, қоңырси жанған білтені де сөндірмеді. Қайта, жұмсақтықпен әрі сүйіспеншілікпен момын жандардың бойын жазып сергітті. Шынында да, халықтар Исаға үміт арта алады!