41-ТАРАУ
Кереметтер кімнің құдіретімен жасалды?
МАТАЙ 12:22—32 МАРҚА 3:19—30 ЛҰҚА 8:1—3
-
ИСАНЫҢ ЕКІНШІ УАҒЫЗ САПАРЫ
-
ЖЫНДАРДЫ ҚУЫП ШЫҒАРДЫ ЖӘНЕ КЕШІРІЛМЕЙТІН КҮНӘ ЖАЙЛЫ ЕСКЕРТТІ
Шимон есімді парызшылдың үйінде кешірімді болуды үйреткеннен кейін, Иса тағы да уағыздау сапарымен Ғалилеяға жол тартты. Бұл оның қызметінің екінші жылы. Иса жалғыз емес, оған он екі шәкірті мен “жындарынан арылған әрі ауруларынан айыққан” біраз әйел еріп жүрді (Лұқа 8:2). Олардың арасында мағдалалық Мәриям, Сузанна және Ирод Антипастың үй басқарушысы Хузаның әйелі Жоханна да бар.
Иса жайлы естіген адамдар көбейген сайын, оның істері туралы көзқарастар әртүрлі болып, дау-дамай күшейе түсті. Иса жын билеген соқыр әрі мылқау адамды айықтырғанда, бұл жағдай айқын көрінді. Әлгі кісі жыннан арылғанда, қайтадан көретін, сөйлей алатын болды. Бұған жұрт қайран қалысып: “Дәуіт Ұлы осы шығар?”— десті (Матай 12:23).
Иса тоқтаған үйдің маңайына жиналған жұрттың көптігі сонша — оның шәкірттерімен ас ішуге мұршасы болмады. Жұрттың бәрі бірдей Исаны “Дәуіт Ұлы” деп есептемеді. Сонау Иерусалимнен келген дін мұғалімдері мен парызшылдар Исадан тәлім алуды да, оны қолдауды да қаламады. Қайта, олар жұртқа “оның бойын Белзебүл билеп алған”, “жындардың әміршісімен” байланысы бар деп айтып жүрді (Марқа 3:22). Халықты дүрліктірген бұл сөздерді естіген туыстары Исаны әкетпек болды. Олар неге бұлай істегісі келді?
Исаның туған інілері оның Құдай Ұлы екеніне әлі де сенбейтін (Жохан 7:5). Халық арасында осыншама шу шығуына Исаның себепші болып отырғанына олар аң-таң. Өйткені Назаретте бірге өскен Исаның болмысына мұндай нәрсе жат еді. Сондықтан олар Исаны “ақылынан адасыпты” деп ойлады (Марқа 3:21).
Алайда оның істері нені дәлелдейді? Иса жаңа ғана адамның бойынан жынды қуып шықты. Содан ол көретін және сөйлей алатын болды. Бұл жайтты ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан дін мұғалімдері мен парызшылдар Исаның беделін түсірмек болып: “Ол жындарды жындардың әміршісі Белзебүлдің күшімен қуып шығарады”,— деп жалған айып тақты (Матай 12:24).
Иса дін мұғалімдері мен парызшылдардың арам пиғылын біліп, былай деді: “Жікке бөлінген әрбір патшалық күйрейді, жікке бөлінген әрбір қала не отбасы да ойран болады. Тап солай, егер Шайтан Шайтанды қуып шығарса, онда өзара жікке бөлінгені. Олай болса, оның патшалығы қалайша жойылмай, берік тұра алады?” (Матай 12:25, 26).
Бұл қисынмен кім дауласа алады?! Парызшылдар кейбір яһудилердің де жындарды қуып шығаратынын білетін (Елшілердің істері 19:13). Сондықтан Иса олардан: “Егер мен жындарды Белзебүлдің күшімен қуып шығаратын болсам, онда сендердің шәкірттерің оларды кімнің күшімен шығарады?”— деп сұрады. Осылай тағылған айыптың өздеріне де қатысты екенін көрсетті. Сосын Иса: “Ал мен жындарды Құдайдың рухымен қуып шығаратын болсам, онда Құдай Патшалығының сендерге келіп қалғаны”,— деді (Матай 12:27, 28).
Исаның жындарды қуып шығарғаны Шайтаннан үстем екенін дәлелдейді. Сол үшін Иса мынадай мысал келтірді: “Күштінің үйіне кіріп мүлкін тонағысы келген адам оның өзін байлап тастамайынша, қалай тонамақ? Байлап тастағаннан кейін ғана, оның үйін тонайды ғой. Кім менің жағымда болмаса, сол маған қарсы. Кім менімен бірге жинамаса, сол шашады” (Матай 12:29, 30). Дін мұғалімдері мен парызшылдар Исаға қарсы шығуларымен Шайтанның жақтастары екенін дәлелдеп отыр. Олар Ехобаның өзі қолдау көрсетіп отырған Ұлынан адамдарды алшақтатуда немесе “шашуда”.
Иса Шайтанның жақтастарын ескертіп: “Адам қандай күнә жасамасын, қандай қорлайтын сөз айтпасын — барлығы кешіріледі. Алайда кімде-кім киелі рухқа қарсы қорлайтын сөздер айтса, оған ешқашан кешірім болмайды, оның күнәсі мәңгі мойнында қалады”,— деді (Марқа 3:28, 29). Құдай рухымен жасалып жатқан істерді Шайтандікі деп олар өз бастарына қандай пәле тілеп отыр десеңізші!