Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

62-ТАРАУ

Иса кішіпейілділікке үйретті

Иса кішіпейілділікке үйретті

МАТАЙ 17:22—18:5 МАРҚА 9:30—37 ЛҰҚА 9:43—48

  • ИСА ТАҒЫ ДА ӨЗІНІҢ ӨЛЕТІНІН АЙТТЫ

  • БАЛЫҚТЫҢ АУЗЫНАН АЛҒАН ТИЫНДЫ САЛЫҚҚА ТӨЛЕДІ

  • ПАТШАЛЫҚТА ЕҢ ҰЛЫ КІМ БОЛАДЫ?

Таудағы көрініс пен жын билеген баланы сауықтырғаннан кейін, Иса Філіп Кесариясынан кетіп, Қапарнаумға бет алды. Ол ешкімге көрінбей, шәкірттерімен ғана жолға шықты (Марқа 9:30). Жол жөнекей оларды өзінің өліміне және одан кейін атқарылатын іске дайындауға мүмкіндік туды. Иса оларға: “Адам Ұлы жауларының қолына ұсталып беріледі. Олар оны өлтіреді, бірақ ол үшінші күні қайта тіріледі”,— деді (Матай 17:22, 23).

Бұл шәкірттер үшін жаңалық емес еді. Иса өзінің өлтірілетіні жайлы бұдан бұрын да айтқан болатын. Сол кезде Петір бұлай болатынына сенгісі келмеген (Матай 16:21, 22). Үш елші Исаның сырт көрінісінің өзгеріске түскенін көрген және “дүниеден кетуі” жайлы әңгімені естіген (Лұқа 9:31). Ал қазір шәкірттер Исаның мына сөзін естіп, “қатты жабырқап” қалды. Бірақ оның мәнін әлі де толық түсінбеді (Матай 17:23). Десе де сұрақ қоюға батылдары бармады.

Содан олар Қапарнаумға — Исаның қызмет еткен негізгі қаласына әрі көп елшінің өскен жеріне — келді. Сол жерде Петірдің қасына ғибадатхана салығын жинаушылар келді. Исаны салық төлемейді деп айыптау үшін болса керек, олар Петірден: “Ұстаздарың ғибадатхана салығын төлей ме?”— деп сұрады (Матай 17:24).

“Иә”,— деп жауап берді Петір. Кейін ол үйге кіргенде, болған жағдайды білетін Иса алдын орап: “Шимон, қалай ойлайсың, жер бетіндегі патшалар алым-салықты кімнен алады: өз ұлдарынан ба, әлде бөтендерден бе?”— деп сұрады. Петір: “Бөтендерден”,— деп жауап қатты. Сонда Иса: “Демек, ұлдары салықтан босатылған”,— деп тұжырымдады (Матай 17:25, 26).

Исаның Әкесі — бүкіл ғаламның Патшасы. Адамдар ғибадатханаға соған ғибадат ету үшін барады. Олай болса, Құдай Ұлы ғибадатхана салығын төлеуге міндетті емес. “Бірақ,— деді Иса,— шу шықпас үшін теңізге бар да, қармақ сал. Ілінген алғашқы балықтың аузын ашсаң, күміс тиын [статир немесе тетрадрахма] табасың. Соны алып, екеуміз үшін бере сал” (Матай 17:27).

Көп ұзамай шәкірттердің басы қосылды. Олар Исадан Патшалығында ең ұлы кім болатынын сұрағысы келді. Жақында ғана одан өлімі жайлы сұрауға бата алмаған олар, қазір өздерінің болашағы жайлы сұрақпен қасына баруға қорықпады. Иса олардың не жайлы ойлап тұрғанын білді. Тағы да сол — Қапарнаумға келе жатқанда дауласқан мәселе. Содан Иса: “Жолда не жайлы дауластыңдар?”— деп сұрады (Марқа 9:33). Араларында кім ұлы деп дауласқандықтан, шәкірттер ұялып, үндемей қалды. Ақыр соңында мазалап жүрген сұрақтарын Исаға қойып: “Көк Патшалығында ең ұлы кім болады?”— деді. (Матай 18:1).

Үш жылға жуық Исаның қасында жүріп, тәлімін алған шәкірттердің бұлай дауласқаны ақылға қонымсыз болып көрінуі мүмкін. Алайда олар кемелсіз пенделер. Сондай-ақ атақ-дәрежеге көп мән беретін діни ортада өскен. Оның үстіне, жақында ғана Иса Петірге Патшалықтың “кілттерін” уәде еткен болатын. Сол себептен Петір өзін басқалардан жоғары сезінді ме екен? Ал Жақып пен Жохан Исаның таудағы көрінісінің куәсі болған. Сондықтан олар өздерін басқалардан жоғары санаған шығар.

Даудың себебі қандай болмасын, Иса шәкірттерінің көзқарасын түзетпек болды. Ол кішкентай баланы шақырып алып, орталарына тұрғызды да: “Өзгеріп, кішкентай балалар сияқты болмасаңдар, Көк Патшалығына кірмейсіңдер! Ендеше, кім өзін осы бала сияқты кіші тұтса, Көк Патшалығында ең ұлы сол болады. Сондай-ақ кімде-кім менің атымнан осындай кішкентай балалардың бірін қабылдаса, мені де қабылдағаны”,— деді (Матай 18:3—5).

Тәлім берудің неткен керемет жолы! Иса шәкірттеріне ашуланбады, оларды мансапқұмар не ашкөз деп те айыптамады. Қайта, көрнекі мысалмен тәлім берді. Кішкентай балалар біреуден жоғары не дәрежелі болу дегенді білмейді. Сондықтан Иса шәкірттеріне осындай көзқарасты дамыту керектігін көрсетті. Сосын: “Араларыңда кім өзін кіші тұтса, сол — ұлыларың”,— деп сөзін түйіндеді (Лұқа 9:48).