Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

52-ТАРАУ

Бес нан және екі балықпен мыңдаған адамды тойдырды

Бес нан және екі балықпен мыңдаған адамды тойдырды

Ғалилеяны аралап, уағыздау сапарынан келген 12 елші аса қуанышты. Олар Исаға “жасаған істері мен берген тәлімдері” туралы түгел айтып берді. Елшілер қатты шаршаған болу керек. Келім-кетімнің көптігінен тіпті тамақтанып алуға уақыттары жоқ. Сондықтан Иса оларға: “Жүріңдер, менімен бірге оңаша жерге барып, аздап тынығып алыңдар”,— деді (Марқа 6:30, 31).

Олар Қапарнаумнан болса керек, қайыққа отырып, Бетсайдадан ары, Иордан өзенінің шығыс жағындағы елсіз жерге жүзіп кетті. Олардың қайда бара жатқанын көрген және естіген қалың жұрт жағалаумен сол жаққа қарай жүгірді. Иса жағаға жеткенде, жұрт сол жерге жиналып қалған еді.

Иса қайықтан түскенде, халықты көріп, аяп кетті. Өйткені олар бағушысы жоқ қойлардай еді. Сөйтіп, оларға Патшалық туралы “көп нәрсе үйрете бастады” (Марқа 6:34). Сондай-ақ “араларындағы науқастарды сауықтырды” (Лұқа 9:11). Біраз уақыт өткенде, шәкірттер Исаға келіп: “Бұл — елсіз жер, кеш те түсіп қалды. Халықты таратып жіберіңіз. Ауылдарға барып, өздеріне тамақ сатып алсын”,— деді (Матай 14:15).

“Оларға ешқайда кетудің қажеті жоқ. Тамақты сендер беріңдер”,— деді Иса (Матай 14:16). Ол өзінің не істейтінін шешіп қойса да, Філіпті сынағысы келіп: “Бұларға беретін нанды қайдан сатып аламыз?”— деп сұрады. Філіптен сұрауының себебі ол Бетсайдаға жақын маңда тұратын. Нан сатып алған күнде де, мәселе шешілмес еді. Өйткені сол жерде шамамен 5000 ер адам бар. Ал әйелдер мен балаларды қосқанда, екі есе көп. Сонда Філіп: “200 динарға [1 динар 1 күндік жалақыға тең] нан сатып алып, әркімге кішкенеден бергеннің өзінде де жетпес еді”,— деп жауап берді (Жохан 6:5—7).

Адамдардың бәрін тойдыру мүмкін еместігін көрсету үшін, Әндір: “Осында бір баланың бес арпа наны мен екі кішкене балығы бар. Бірақ бұл осыншама кісіге не болады?”— деді (Жохан 6:9).

Бұл б. з. 32 жылының Құтқарылу мейрамының қарсаңы, көктем кезі болатын. Қырдың беті көк майса. Иса шәкірттеріне халықты 50-ден және 100-ден топ-топқа бөліп, көгалға жайғастыруды бұйырды. Өзі бес нан мен екі балықты алып, Құдайға ризашылық білдірді. Сосын нандарды сындырып, балықтарды бөліп, шәкірттеріне берді. Шәкірттер болса тамақты халыққа үлестірді. Содан бәрі тойғанша жеді!

Кейін Иса шәкірттеріне: “Ысырап болмас үшін, жегеннен артылғанды жинап алыңдар”,— деп тапсырды (Жохан 6:12). Олар қалған тамақты жинағанда, 12 себет болды!