Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

59-ТАРАУ

Адам Ұлы деген кім?

Адам Ұлы деген кім?

МАТАЙ 16:13—27 МАРҚА 8:22—38 ЛҰҚА 9:18—26

  • ИСА ЗАҒИП КІСІНІ САУЫҚТЫРДЫ

  • ПЕТІРГЕ ПАТШАЛЫҚТЫҢ КІЛТТЕРІ БЕРІЛДІ

  • ИСА ӨЛЕТІНІН ЖӘНЕ ТІРІЛЕТІНІН АЛДЫН АЛА АЙТТЫ

Иса шәкірттерімен Бетсайдаға келіп тоқтады. Адамдар бір зағип кісіні әкеліп, оған қолын тигізіп сауықтыруын өтінді.

Иса зағип кісіні қолынан ұстап, ауылдың сыртына алып шықты. Сосын көзіне түкірді де, одан: “Бірдеңе көріп тұрсың ба?”— деп сұрады. Ол: “Адамдарды көріп тұрмын. Олар жүріп бара жатқан ағаштарға ұқсайды”,— деп жауап қатты (Марқа 8:23, 24). Иса зағиптың көзіне қолын қойғанда, ол бәрін анық көретін болды. Кейін Иса оны үйіне жіберіп жатып, ауылға кірмеуін ескертті.

Бұдан соң Иса мен оның шәкірттері солтүстіктегі Філіп Кесариясына бет алды. Оларға шамамен 40 шақырымдай жоғары өрлеп, ұзақ жол жүру керек. Ауыл теңіз деңгейінен 350 метр биіктікте орналасқан. Оның солтүстік-шығысында шыңын қар басқан Хермон тауы көрінеді. Жолға екі күннен аса уақыт кетсе керек.

Жолшыбай Иса дұға ету үшін оңаша жерге барды. Өлетін кезіне тоғыз-он айдай уақыт қалғандықтан, ол шәкірттерінің қамын ойлауда. Жақында ғана көп адам оның соңынан ермей, кетіп қалған. Басқа шәкірттері күмәнданып, үміттері ақталмағандай сезімде жүрсе керек. Өйткені олар Исаның патша болудан неліктен бас тартқанын және өзінің кім екенін дәлелдеп, бәрінің күмәнін сейілтетіндей белгіні неге көрсетпейтінін түсінбеген болуы мүмкін.

Шәкірттер Исаның дұға етіп отырған жеріне келгенде, ол: “Жұрт Адам Ұлын кім деп жүр?”— деп сұрады. Олар: “Біреулер шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия, өзге біреулер Ілияс, тағы біреулер Еремия немесе өзге пайғамбарлардың бірі деп жүр”,— деп жауап берді. Расында да, адамдар Исаны қайта тірілген пайғамбарлардың бірі шығар деп ойлады. Сонда Иса шәкірттерінің ойын білгісі келіп: “Ал сендер мені кім дейсіңдер?”— деп сұрады. Петір бірден: “Сіз Мәсіхсіз, тірі Құдайдың Ұлысыз”,— деп жауап берді (Матай 16:13—16).

Бұл шындықты Петірге Құдай ашқандықтан, Иса оның бақытты екенін айтты. Кейін Петірге тағы былай деді: “Сен Петірсің. Мен осы жартасқа өз қауымымды тұрғызамын. Оны ажалдың құдіреті де жеңе алмайтын болады”. Осылай Иса қауымды өзі тұрғызатынын және оның мүшелері жердегі өмірлерінің соңына дейін адалдық сақтаса, ажалдың құдіреті де оларды жеңе алмайтынын көрсетті. Сосын ол Петірге: “Мен саған Көк Патшалығының кілттерін беремін”,— деп уәде етті (Матай 16:18, 19).

Иса Петірді басқа елшілерден жоғары қоймады, әрі оны қауымның іргетасы да етпеді. Қауым соғылатын іргетас — Исаның өзі (Қорынттықтарға 1-хат 3:11; Ефестіктерге 2:20). Алайда Иса Петірге үш кілт бермек еді. Бұл кілттер жол ашу мәртебесін, яғни белгілі бір топ адамдарына Патшалыққа кіруге мүмкіндік беруді білдіреді.

Петір бірінші кілтті б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамы кезінде қолданып, күнәларына өкінген яһудилер мен яһуди дініне кіргендерге құтқарылу үшін не істеу керектігін айтады. Екінші кілтті Құдай сөзін қабыл алған самариялықтарға Құдай Патшалығына кіруге мүмкіндік беру үшін қолданады. Ал үшінші кілтті Петір б. з. 36 жылы сүндеттелмеген басқа ұлт өкілі Корнел мен тағы өзгелер үшін қолданады (Елшілердің істері 2:37, 38; 8:14—17; 10:44—48).

Иса өзінің Иерусалимде азап шегіп, өлетінін алдын ала айтқанда, елшілерінің еңселері түсіп кетті. Исаның қайта тіріліп, көкке оралатынын түсінбеген Петір оны былайырақ алып шығып: “Ием, өзіңізді аяңыз. Мұндай нәрсе басыңызға түсе көрмесін!”— деп қарсылық білдіре бастады. Бірақ Иса одан теріс бұрылып: “Менен аулақ кет, Шайтан! Сен жолыма тосқауыл қойып жатырсың, өйткені Құдайдың емес, адамның ойын айтып тұрсың!”— деді (Матай 16:22, 23).

Сосын Иса өзіне ерген басқа да адамдарды қасына шақырып алды да, ізбасар болудың оңай емес екенін түсіндіріп, былай деді: “Кім менің соңымнан ергісі келсе, өзінен бас тартып, азап бағанасын алып, ұдайы соңымнан еріп жүрсін. Себебі кім жанын сақтағысы келсе, одан айырылады, ал кім мен үшін және ізгі хабар үшін жанынан айырылса, оны сақтап қалады” (Марқа 8:34, 35).

Расында да, Исаның көңілінен шығу үшін ізбасарларына батылдық пен жанқиярлық таныту керек. Мұны Иса былай деп түсіндірді: “Кімде-кім осы азғын әрі күнәкар ұрпақ арасында менің шәкіртім болуға және менің сөзіме сенуге ұялса, Адам Ұлы да киелі періштелермен бірге Әкесінің салтанатты ұлылығымен келгенде, сол адам үшін ұялатын болады” (Марқа 8:38). Иә, Иса келгенде, “әркімге ісіне қарай қарымтасын береді” (Матай 16:27).