Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

26-ТАРАУ

“Күнәларың кешірілді”

“Күнәларың кешірілді”

МАТАЙ 9:1—8 МАРҚА 2:1—12 ЛҰҚА 5:17—26

  • ИСА САЛ КІСІНІҢ КҮНӘЛАРЫН КЕШІРІП, САУЫҚТЫРДЫ

Иса туралы хабар алыс-жақын жерлерге тарады. Көп адам Исадан тәлім алу үшін және керемет істерін көру үшін, тіпті алыс аймақтардан да келіп жатты. Иса бірнеше күннен кейін қызметі кезінде тоқтайтын жері — Қапарнаумға келді. Бұл хабар бүкіл қалаға және Ғалилея теңізінің маңына тез тарап кетті. Содан Иса тоқтаған үйге көп адам жиналды. Араларында Ғалилея, Яһудея және Иерусалимнен келген парызшылдар мен Мұса Заңының ұстаздары болды.

“Адамдар сол жерге көптеп жиналып, тіпті есік алдында тұратын орын қалмады. Ол жиналғандарға Құдай сөзін айта бастады” (Марқа 2:2). Сол жерде бір ерекше жайт орын алды. Бұл жайт Иса адамзаттың қасіретіне себеп болған нәрсені жойып, жұмақтағы өмірге таңдалған барлық адамның денсаулығын қалпына келтіретінін түсінуге көмектеседі.

Иса жиналғандарға тәлім беріп отырғанда, төрт кісі сал досын көтеріп әкелді. Олар Исаның оны сауықтырғанын қалады. Алайда адамның көптігінен науқасты “Исаның алдына апара алмады” (Марқа 2:4). Қандай өкінішті! Бірақ олар үйдің төбесіне шығып, шатырын ашты да, Иса отырған тұсты ойды. Сосын науқасты зембілмен үйдің ішіне түсірді.

Иса сөзін бөлгеніне ашуланды ма? Жоқ. Қайта, олардың сеніміне қатты таңғалды. Сосын сал кісіге: “Күнәларың кешірілді”,— деді (Матай 9:2). Иса шынымен де күнәларды кешіре ала ма? Бұған дін мұғалімдері мен парызшылдар күмән келтіріп, іштерінен: “Бұл кісі неге бұлай дейді? Құдайды қорлап тұр ғой. Күнәларды Құдайдан басқа кім кешіре алады?”— деп ойлады (Марқа 2:7).

Мұны білген Иса: “Неге бұлай ойлап отырсыңдар? Сал адамға не деп айту оңай: “күнәларың кешірілді” деу ме, әлде “орныңнан тұрып, зембіліңді ал да, жүре бер” деу ме?”— деді (Марқа 2:8, 9). Уақыты келгенде өмірін құрбан етуінің арқасында Иса әлгі адамның күнәларын кешіре алады.

Сосын Иса жиналған жұртқа және айыптаушыларына күнәні кешіруге билігі бар екенін көрсетті. Ол сал адамға бұрылып: “Саған айтамын, орныңнан тұр да, зембіліңді алып, үйіңе бар”,— деді. Ол сол заматта орнынан тұрды. Кейін жұрттың көз алдында зембілін алып, шығып кетті. Бұған бәрі таңғалып: “Біз ешқашан мұндайды көрген емеспіз!”— деп Құдайды мадақтады (Марқа 2:11, 12).

Ескерерлік бір жайт, Иса күнәні аурумен байланысты жағдайда атап өтті. Демек, аурудан сауығу күнәнің кешірілуімен байланысты. Киелі кітапта жазылғандай, Адам ата күнә жасағандықтан, бәріміз де күнәнің салдарын, атап айтқанда, ауру мен өлімді мұра еттік. Алайда Құдай Патшалығы билік еткенде, Иса Құдайды жақсы көргендердің және оған қызмет ететіндердің күнәларын кешіреді. Сонда ауру-сырқау мәңгіге жоқ болады (Римдіктерге 5:12, 18, 19).