Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

35-ТАРАУ

Исаның таудағы әйгілі уағызы

Исаның таудағы әйгілі уағызы

МАТАЙ 5:1—7:29 ЛҰҚА 6:17—49

  • ТАУДАҒЫ УАҒЫЗ

Иса түні бойы дұға етті, сосын 12 шәкіртін елші етіп таңдады. Сондықтан біраз шаршаған болу керек. Күн сәске мезгілі. Иса әлі де адамдарға көмектескісі келеді. Содан ол Ғалилеядағы бір таудың беткейіне келді. Бұл жер оның қызметі кезінде тоқтайтын қаласы — Қапарнаумнан алыс болмаса керек.

Исаға алыс жерлерден көп адам келді. Олардың кейбірі солтүстіктен, басқалары Иерусалим мен Яһудеяның түрлі аймақтарынан еді. Теңіз жағалауындағы Тир мен Сидоннан келгендер де бар. Олар Исаны неге іздеді? Оны “тыңдағысы және ауруларынан айыққысы” келді. Иса олардың қалауын орындап, “бәрін де сауықтырып жатты”. Қандай керемет! Иса ауру адамдардың бәрін сауықтырды. Сондай-ақ “жын қинаған”, яғни Шайтанның зұлым періштелері қинаған, адамдарға да көмектесті (Лұқа 6:17—19).

Кейін Иса бір жазық жерге барып отырды. Жұрт айнала жайғасты. Шәкірттері, әсіресе 12 елшісі, Исаға жақын отырса керек. Бәрі де осындай керемет істер жасай алатын ұстазды тыңдауға асық. Содан Иса уағызын айта бастады. Айтқандары тыңдаушыларға пайдалы болғаны сөзсіз. Сол уақыттан бері Таудағы уағыз талай адамға, бізге де, пайдасын тигізіп келеді! Себебі Иса терең рухани ұғымдарды қарапайым әрі анық етіп жеткізді. Адамдарға түсінікті әрі таныс мысалдарды қолданды. Соның арқасында Құдайға ұнамды болып өмір сүргісі келетіндердің бәріне айтылғандарды түсіну оңай болды. Таудағы уағыздың негізгі ойлары қандай?

КІМДЕР ШЫНАЙЫ БАҚЫТТЫ?

Адамдардың бәрі бақытты болуды қалайды. Мұны білген Иса сөзін кімнің шынайы бақытты екенін айтудан бастады. Мұнымен тыңдаушыларының назарын жаулап алғаны сөзсіз. Дегенмен олар кейбір сөздерінің мәнін түсінбеген болу керек.

Ол былай деді: “Құдайды танып-білгісі келетіндер бақытты, өйткені Көк Патшалығы соларға тиесілі. Қайғырғандар бақытты, өйткені олар жұбаныш табады... Әділдікті аңсағандар бақытты, өйткені олар толықтай қанағаттандырылады... Әділдік үшін қудаланып жүргендер бақытты, өйткені Көк Патшалығы соларға тиесілі. Маған бола жұрт сендерді қорлап, қудаласа,.. бақыттысыңдар. Қуанып, шаттаныңдар” (Матай 5:3—12).

Иса “бақыт” деп нені айтты? Адамның көңіл көтергендегі қуанышын не шат-шадыман күйін емес, әрине. Шынайы бақыт — әлдеқайда терең сезім. Сондықтан бақытты адамның көңілі тоқ, өмірі мағыналы, жан дүниесі қанағат сезінеді.

Исаның айтуынша, Құдайды танып-білгісі келетіндер, күнәкар болғандарына қайғырғандар және Құдайға жақындап, оған қызмет ететіндер шынайы бақытты. Құдайдың еркін орындағандары үшін жұртқа жеккөрінішті болса да, тіпті қудаланса да, олар бақытты. Өйткені Құдайға ұнамды екендерін және мәңгілік өмір сыйына ие болатындарын біледі.

Көпшілік жалғанды жалпағынан басып жүрген адам бақытты деп ойлайды. Исаны тыңдап отырғандардың көбісі де осылай ойлаған шығар. Бірақ Иса бұған кереғар ой айтып, былай деді: “Байлар, сендер қасіретке қаласыңдар, өйткені рақаттың дәмін толық таттыңдар. Қазір тоқ жүргендер, сендер қасіретке қаласыңдар, өйткені ашығатын боласыңдар. Қазір күліп жүргендер, сендер қасіретке қаласыңдар, өйткені қайғырып, зар еңірейтін боласыңдар. Егер барлық жұрттан мақтау естіп жүрсеңдер, қасіретке қаласыңдар, өйткені олардың ата-бабалары да жалған пайғамбарларға солай еткен” (Лұқа 6:24—26).

Байлар, күліп жүргендер немесе мақтау сөз естіп жүргендер неліктен қасіретке қалады? Өйткені осыларға ие болғанда немесе ие болуды аңсағанда, адам Құдайға қызмет етуге немқұрайды қарап, шынайы бақыттан айырылып қалуы мүмкін. Иса жоқшылық не аштық адамды бақытты етеді деген жоқ. Дегенмен жиі мұқтаждық көрген адамдар Исаның уағызын тыңдап, шынайы бақытты тауып жатады.

Иса шәкірттеріне қатыстырып: “Сендер жердің тұзысыңдар”,— деді (Матай 5:13). Әрине, олар тура мағынадағы тұз емес. Тұздың бұзылудан сақтайтын қасиеті бар. Құдай ғибадатханасындағы құрбандық ошағының жанында тұз үйіліп жататын. Өйткені тұзбен ұсынатын тартулар болған. Сондай-ақ тұз бұзылмауды немесе шірімеуді білдірген (Мұсаның 3-жазбасы 2:13; Езекиел 43:23, 24). Иса шәкірттерін “жердің тұзы” деуімен олардың адамдарға тигізетін әсеріне меңзеді. Шәкірттер адамдарға рухани және құлықтылық жағынан бұзылмауға көмектесе алатын. Өйткені олардың айтып жүрген хабары тыңдаған адамның өмірін сақтайды.

Сондай-ақ Иса шәкірттеріне: “Сендер дүниенің жарығысыңдар”,— деді. Әдетте шамды ыдыспен бүркемейді. Қайта, жарығы түссін деп шамдалға қояды. Сондықтан Иса оларға: “Сендердегі жарық адамдар алдында жарқырап тұрсын. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді мадақтасын”,— деді (Матай 5:14—16).

ІЗБАСАРЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЖОҒАРЫ НОРМАЛАР

Яһудилердің дінбасылары Исаны Мұса арқылы берілген Құдай Заңын бұзушы деп есептеп, оған қастандық ойластыруда. Сондықтан Иса: “Мені Мұса Заңын не пайғамбарлардың сөздерін жоққа шығаруға келді деп ойламаңдар. Мен оларды жоққа шығару үшін емес, қайта, орындау үшін келдім”,— деп ашық айтты (Матай 5:17).

Шынында да, Иса Құдай Заңына зор құрметпен қарады, әрі басқаларды да осыған шақырды. Сондықтан ол былай деді: “Ондағы заңдардың ең кішкентай дегенін бұзып, басқаларды да соған үйрететін адам Көк Патшалығында ең кішкентай болып есептеледі”. Иса мұндай адам Патшалыққа мүлдем кірмейді дегісі келді. Сосын ол: “Ал заңдарды орындап, соларды басқаларға да үйрететін адам Көк Патшалығында ұлы болып есептеледі”,— деді (Матай 5:19).

Иса Құдай Заңын бұзуға әкелетін ойдың өзін айыптады. “Кісі өлтірме!” деген заңды естеріне салған соң, ол: “Бауырласына ашулануын қоймайтын адам сот алдында жауап береді”,— деп қосты (Матай 5:21, 22). Адам біреуге деген ашуын баспаса, мұның салдары жаман болады, тіпті кісі өлтіруге әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан Иса татулық үшін адам қандай әрекет жасауға дайын болу керектігін түсіндірді. Ол: “Егер құрбандық ошағына сый-тартуыңды алып келгенде, бауырласыңның саған реніші бар екені сол жерде есіңе түссе, сыйыңды сонда қалдыр да, барып, алдымен онымен татулас. Содан кейін ғана қайтып келіп, сый-тартуыңды ұсын”,— деді (Матай 5:23, 24).

Иса Заңдағы тағы бір бұйрыққа көңіл бөліп, былай деді: “Сендер “Неке адалдығын бұзба!” дегенді естігенсіңдер. Ал мен сендерге былай деймін: кімде-кім бір әйелге құмарта қараса, өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны” (Матай 5:27, 28). Иса бір сәтке келіп-кететін азғын ойды айтып тұрған жоқ. Ол “құмарта қараудың” қаншалықты қауіпті екеніне баса назар аударды. Егер адам азғын оймен біреуге қарай берсе, жүректе құмарлық оянады. Ал құмарлық, орайы келгенде, азғындық жасауға итермелеуі мүмкін. Бұдан аулақ болу үшін адам не істеуі керек? Үзілді-кесілді әрекет етуі қажет. “Егер оң көзің күнәға азғырса, оны ойып алып, лақтырып таста... Егер оң қолың күнәға азғырса, оны шауып алып, лақтырып таста”,— деді Иса (Матай 5:29, 30).

Адамның іріңдеген аяғы не қолы өміріне қауіп төндірсе, оны кесіп тастауға дейін барады. Олай болса, азғын ой мен оның салдарынан аулақ болу үшін, кез келген нәрсені, тіпті көз бен қол сияқты құнды нәрселерді де, “лақтырып тастау” әлдеқайда маңызды. Иса мұны түсіндіріп: “Бүкіл денеңнің жаһаннамға (біржолата жойылуды бейнелейтін Иерусалимнің сыртындағы қоқыс өртейтін жерге) түскенінен гөрі бір мүшеңнен айырылғаның артық”,— деді.

Біреу ұрғанда не қорлағанда, қалай әрекет ету керектігіне қатысты да Иса кеңес берді. “Зұлым адамға қарсыласпа. Біреу оң жағыңнан салып жіберсе, оған сол жағыңды да тос”,— деді ол (Матай 5:39). Мұнымен Иса адам өзіне не отбасына қауіп төнгенде қорғанбау керек деген жоқ. Шапалақпен біреуді ауыр жарақаттау не өлтіру үшін емес, қорлау үшін ұрады. Демек, Исаның айтпақ болғаны, біреу төбелесуге не жанжалдасуға арандату үшін, шапалақпен салып жіберсе не қорлық сөз айтса, есесін қайтармау керек.

Исаның бұл кеңесі Құдайдың адамдарға сүйіспеншілік таныту заңымен үйлеседі. Сондықтан ол тыңдаушыларына: “Жауларыңды ұдайы жақсы көріңдер және өздеріңді қудалағандар үшін дұға ете беріңдер”,— деді. Сосын бұған салмақты себеп келтіріп, былай деді: “Осылайша көктегі Әкелеріңнің балалары боласыңдар, себебі ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін төккізіп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбыр жаудырады” (Матай 5:44, 45).

Иса осы уағызын қорытындылап: “Көктегі Әкелерің кемелді, сондықтан сендер де кемелді болыңдар”,— деді (Матай 5:48). Бұл жерде Исаның адам ешбір міні не кемістігі жоқ мағынасында кемелді бола алады демегені анық. Егер біз Құдайға еліктейтін болсақ, тіпті жауларымызға да сүйіспеншілік таныта аламыз. Осыған орай Иса: “Көктегі Әкелерің қандай мейірімді болса, сендер де сондай мейірімді болыңдар”,— деді (Лұқа 6:36).

ҚҰДАЙҒА ДҰҒА ЕТУ ЖӘНЕ СЕНІМ АРТУ

Иса уағызын жалғастырып, тыңдаушыларына: “Әділ істеріңді жұрт көзіне түсу үшін істеуден сақ болыңдар!”— деп ескертті. Сосын ол жұрт көзіне құдайшыл болып көрінетіндерді айыптап: “Қайыр-садақа бергенде, кернейлетіп жар салмаңдар, өйткені екіжүзділер... осылай істейді”,— деді (Матай 6:1, 2). Сонымен қайыр-садақаны оңашада берген жақсы.

Әрі қарай Иса былай деді: “Дұға еткенде де екіжүзділер сияқты болмаңдар. Олар жұрт көзіне түсу үшін мәжілісханаларда және үлкен көше қиылыстарында тұра қалып дұға еткенді жақсы көреді... Ал сендер дұға еткенде, өз бөлмелеріңе кіріп, есігін жабыңдар да, көрінбейтін жердегі Әкелеріңе дұға етіңдер” (Матай 6:5, 6). Иса көпшілік алдында дұға етуді айыптаған жоқ, өйткені өзі де солай еткен. Ол тыңдаушыларға жақсы әсер қалдыру үшін не мақтау сөз есту үшін дұға етудің дұрыс еместігін айтып тұр.

Жиналған жұртқа Иса: “Дұға еткенде, басқа ұлт адамдары іспетті бір нәрсені қайталай бермеңдер”,— деп кеңес берді (Матай 6:7). Ол дұғада қайта-қайта бір нәрсені сұрау дұрыс емес деген жоқ. Жаттанды сөздер қайталана беретін, әрі шын жүректен айтылмайтын дұғаларды айыптады. Бұдан соң Иса жеті өтініштен тұратын дұғаның үлгісін көрсетті. Алғашқы үш өтініш — Құдай есімінің киелі тұтылуы, Патшалығының келуі және еркінің орындалуы жайлы. Бұл өтініштер Құдайдың билік ету құқығын мойындауға және оның мақсаттарын түсінуге қатысты. Осылардан кейін ғана жеке өтініштер айтылған. Олар күнделікті ас-ауқат, күнәлар үшін кешірім, шамадан тыс азғырылмау мен Зұлымнан қорғаныш сұрау жайлы.

Дүние-мүлік біз үшін қаншалықты маңызды болу керек? Иса қасындағы жұртқа былай деді: “Өздеріңе қазынаны жерде жинауды доғарыңдар! Жерде оны күйе жеп, тот басады немесе ұрылар бұзып кіріп, ұрлап әкетеді”. Шынында да, дүние-мүлік бүгін бар, ертең жоқ. Оның үстіне, Құдай алдында жақсатқа ие болуға еш көмектеспейді. Сондықтан Иса: “Қазынаны көкте жинаңдар!”— деді. Мұны Құдайға қызмет етуді өмірімізде бірінші орынға қоюмен көрсетеміз. Құдайдың ықыласынан және оның мәңгі өмір сыйынан бізді ешкім айыра алмайды. Демек, Исаның: “Қазыналарың қайда болса, жүректерің де сонда болады”,— дегені рас (Матай 6:19—21).

Иса осы ойды аша түсетін мынадай мысал келтірді: “Дененің шамы — көз. Сондықтан көздеріңді бір-ақ нәрсеге тіксеңдер, бүкіл денелерің жарық болады. Жаман нәрсеге қарасаңдар, бүкіл денелерің қараңғы болады” (Матай 6:22, 23). Бейнелі көзіміз дұрыс көрсе, денемізге жарық түскендей болады. Бұл үшін көзді тек бір нәрсеге тігуіміз керек. Әйтпесе өмірлік құндылықтарды дұрыс ажырата алмай қалуымыз мүмкін. Ал егер дүние-мүлік Құдайға қызмет етудің орнын басса, онда ол жаман нәрсе болады да, “бүкіл денемізді қараңғылық” басады. Нәтижесінде, күдікті де арам істер жасай бастауымыз мүмкін.

Бұдан соң Иса әсерлі мысал келтіріп: “Ешкім екі қожайынға бірдей құл бола алмайды. Олай еткен күнде біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді, немесе біріне адал болып, екіншісіне немкетті қарайды. Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар”,— деді (Матай 6:24).

Исаны тыңдап отырғандардың кейбірі күнделікті қажеттіліктерге қалай қарау керектігін білгісі келген болар. Сондықтан Құдайға қызмет етуді бірінші орынға қоятын болса, оларға ештеңені уайымдаудың қажеті жоқ екенін түсіндіріп: “Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді, орып, қамбаға жинамайды, әйтсе де көктегі Әкелерің оларды асырайды”,— деді (Матай 6:26).

Ал даладағы лалагүлдеріне келсек, “тіпті Сүлеймен патша бар сән-салтанатында солардың біріндей киінбеген”. Мұнымен Иса не дегісі келді? “Бүгін бар, ертең отқа тасталатын дала гүлін Құдай осылай киіндірсе, сендерді де киіндіреді емес пе?!”— деді ол (Матай 6:28, 30). Сосын Иса өте дана кеңес беріп: “Не ішіп-жейміз? Не киеміз?” деп ешқашан уайымдамаңдар... Бұлардың бәрі сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. Ендеше, Құдай Патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қойыңдар, сонда сендерге мұның бәрі қосылып беріледі”,— деді (Матай 6:31—33).

ӨМІРГЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ЖОЛ

Елшілер мен басқа да ақжүрек адамдар Құдайға ұнамды өмір сүруді қалайды, бірақ бұл оңай емес. Мұның бір себебі — парызшылдардың көбі адамдарды сынап-мінеп, қатал соттайтын. Сондықтан Иса тыңдаушыларына: “Өздерің айыпталмас үшін, өзгелерді айыптауды доғарыңдар. Өйткені өзгелерді қалай айыптасаңдар, өздерің де солай айыпталасыңдар”,— деді (Матай 7:1, 2).

Тым сыншыл парызшылдарға ерудің қауіпті екенін түсіндіріп, Иса мынадай мысал келтірді: “Соқырды соқыр жетелей ала ма? Екеуі де орға құлап түспей ме?” Олай болса, басқа адамдарға қалай қарау керек? Сын көзбен емес, өйткені бұл — өте жағымсыз әрекет. Мұны аша түсу үшін Иса былай деді: “Өз көзіңдегі бөренені көрместен, қалайша оған: “Кәне, көзіңдегі жаңқаны алып тастайын”,— дей аласың? Екіжүзді! Алдымен өз көзіңдегі бөренені алып таста, сонда бауырласыңның көзіндегі жаңқаны қалай алу керектігін анық көресің” (Лұқа 6:39—42).

Сонда шәкірттер адамдардың ісіне мүлдем баға бермеу керек пе? Жоқ, кейде беру керек. Өйткені Исаның өзі: “Қасиеттіні иттерге тастамаңдар, інжу-маржандарыңды шошқалардың алдына лақтырмаңдар”,— деген (Матай 7:6). Құдай Сөзіндегі шындық маржандай құнды. Егер біреу құнды шындықтарды бағаламаса, шәкірттер мұндай адамдарды тастап, шындықты қабылдайтын адамдарды іздеулері керек.

Сосын Иса дұға тақырыбын қайта қозғады. Құдайға өтініш айтқанда табандылықтың маңыздылығына назар аударып: “Сұрай беріңдер, сонда сендерге беріледі”,— деді. Құдайдың дұғаларға жауап беруге дайын екенін көрсету үшін, Иса мынадай мысал келтірді: “Араларыңдағы қандай адам нан сұраған баласына тас берер еді?.. Демек, сендер күнәкар бола тұра, балаларыңа жақсы сый беруді білсеңдер, көктегі Әкелеріңнің өзінен сұрағандарға жақсы нәрсе беретіні еш шүбәсіз!” (Матай 7:7—11).

Бұдан кейін Иса: “Барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер”,— деп көпке танымал жүріс-тұрыс ережесін орнатты. Адамдармен қарым-қатынасымызға жақсы әсер ететін бұл кеңесті көңілімізге түйіп, іс жүзінде қолдануымыз керек емес пе?! Әрине, бұлай ету оңай болмауы мүмкін. Мұның себебі Исаның келесі нұсқауынан көрінеді. Ол: “Тар қақпа арқылы кіріңдер, себебі жойылуға апаратын қақпа кең, жол да даңғыл, онымен жүретіндер көп. Ал өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Оны табатындар аз”,— деді (Матай 7:12—14).

Исаның шәкірттерін өмір жолынан тайдырғысы келетін адамдар бар. Сондықтан Иса оларды: “Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шын мәнінде олар аш қасқырлар”,— деп ескертті (Матай 7:15). Жалған пайғамбарларды қалай анықтауға болады? Иса жаман ағаш пен жақсы ағаш жемісінен көрінетінін айтты. Дәл солай, жалған пайғамбарларды да ілімдері мен іс-әрекеттерінен тануға болады. Расында да, Исаның шын шәкірті — тек шәкіртімін дейтін емес, онысын ісімен көрсететін адам. Себебі кейбіреулер Исаны Ием деп атағанымен, Құдайдың еркін орындамайтын. Мұндайларға Иса қалай қарады? Иса оларға: “Сендерді ешқашан таныған емеспін! Менен аулақ кетіңдер, заңсыздық жасаушылар”,— деді (Матай 7:23).

Иса бұл уағызын қорытындылап: “Сондықтан осы айтқандарымды естіп, оларды орындайтын әркім өз үйін жартасқа салған ақылды адамға ұқсайды. Жаңбыр құйып, сел жүріп, үйді дауыл соққылағанда, ол құлаған жоқ. Өйткені үйдің іргетасы жартасқа қаланған болатын”,— деді (Матай 7:24, 25). Үй неге құламады? Адам “жерді жартасқа дейін терең етіп қазып, [үйдің] іргетасын соған қалаған” болатын (Лұқа 6:48). Демек, Исаның сөзін тыңдау жеткіліксіз. Оларды орындауға барынша күш салуымыз керек.

Исаның “осы айтқандарын естісе де, орындамайтындар” жайлы не деуге болады? Олар “үйін құм үстіне салған ақылсыз адамға ұқсайды” (Матай 7:26). Жаңбыр құйып, сел жүріп, дауыл соққанда, үйі қирап қалады.

Исаны тыңдаған жұрт оның қалай тәлім бергеніне қайран қалды. Өйткені ол дінбасылары сияқты емес, билігі бар адамдай сөйледі. Сондықтан Исаны тыңдаған көп адам оған шәкірт болғанға ұқсайды.