Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

20-ТАРАУ

Қана қаласындағы екінші керемет

Қана қаласындағы екінші керемет

МАРҚА 1:14, 15 ЛҰҚА 4:14, 15 ЖОХАН 4:43—54

  • “ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ ЖАҚЫНДАП ҚАЛҒАНЫН” УАҒЫЗДАДЫ

  • ИСА ЖІГІТТІ АЛЫС ЖЕРДЕ ТҰРЫП-АҚ САУЫҚТЫРДЫ

Иса Самарияда екі күндей болып, өскен жеріне бет алды. Яһудеяда ауқымды уағыз ісін атқарған ол Ғалилеяға демалу үшін емес, қызмет аясын кеңейту үшін келе жатыр. Бірақ “пайғамбарды өз ел-жұрты қадірлемейді” деген сөзіне сай, өзін онда құшақ жая қарсы алады деп күтпеді (Жохан 4:44). Ал шәкірттері Исаның қасында қалмай, өз отбасылары мен шаруаларына оралды.

Иса қандай хабарды уағыздады? “Құдай Патшалығы жақындап қалды. Күнәларыңа өкініп, ізгі хабарға сеніңдер”,— деп жүрді (Марқа 1:15). Мұны ғалилеялықтар қалай қабылдады? Көп адам Исаны тыңдап, оны құрметтеді. Оларға Исаның хабары ғана емес, Иерусалимде жасаған кереметтері де әсер еткен. Өйткені бірнеше ай бұрын Құтқарылу мейрамын тойлауға барғандардың кейбірі кереметтерді өз көздерімен көрген болатын (Жохан 2:23).

Иса Ғалилеядағы қызметін қай жерде бастады? Қана қаласында болу керек. Алдыңғы жолы ол осы қалада суды шарапқа айналдырған болатын. Ал бұл жолы Иса бір жас жігіттің қатты сырқаттанып, өлім аузында жатқанын білді. Жігіт Ирод Антипас патшаның (Жақияның басын алған патшаның) сарайындағы қызметкердің баласы еді. Қапарнаумда тұратын бұл қызметкер Исаның Қанаға келгенін естіген бойда жолға шыққан. Исаны тауып алғанда, қатты қайғырған әке: “Мырза, балам өлмей тұрғанда, менімен жүріңізші”,— деп өтінді (Жохан 4:49).

Иса: “Үйіңізге қайта беріңіз, балаңыз аман-есен”,— деп жауап бергенде, әлгі қызметкер қайран қалған шығар (Жохан 4:50). Ол Исаның сөзіне сеніп, бірден үйіне қайтты. Жолда жақсы хабар айтуға асығып келе жатқан құлдарына кезікті. Оның ұлы құлантаза сауығып кеткен екен! Сосын баласының қай уақытта тәуір болғанын сұрағанда, олар: “Кеше жетінші сағатта қызуы басылды”,— деп жауап берді (Жохан 4:52).

Сонда қызметкер бұл уақыт Исаның “балаңыз аман-есен” деген кезі екенін түсінді. Содан бақуатты тұрған бұл кісінің бүкіл үй іші Мәсіхтің шәкірті болды.

Осылайша Иса Қана қаласында екі керемет жасады. Біріншісі, үйлену тойында суды шарапқа айналдырды. Ал екіншісі, 26 шақырымдай жердегі жас жігітті сауықтырды. Ол басқа да кереметтер жасады. Дегенмен бұл кереметтерді Иса Ғалилеяға оралғанда жасағандықтан, ерекше айтылып кеткен. Иса Құдай қолдаған пайғамбар екені анық, алайда бұл пайғамбарды өз ел-жұрты қаншалықты қадірлейді екен?

Бұл Иса Назареттегі үйіне бет алғанда айқын болды. Оны не күтіп тұрды?