46-ТАРАУ
Исаның етегіне қолын тигізіп сауықты
МАТАЙ 9:18—22 МАРҚА 5:21—34 ЛҰҚА 8:40—48
-
ӘЙЕЛ ИСАНЫҢ ЕТЕГІНЕ ҚОЛЫН ТИГІЗІП САУЫҚТЫ
Исаның Декаполистен қайтқаны жайлы хабар Ғалилея теңізінің солтүстік-батыс жағалауында тұратын яһудилердің арасына тез тарады. Көбісі жақында ғана Исаның жел мен толқынды басқанын және жын билеген адамдарды сауықтырғанын естісе керек. Сондықтан қалың жұрт Исаны қарсы алу үшін теңіз жағасына жиналды. Бұл Қапарнаумның маңында болса керек (Марқа 5:21). Иса жағалауға аяқ басқанда, өзін асыға күтіп тұрған жұртты көрді.
Исаны тағат таппай күтіп тұрғандардың бірі — Жайыр есімді мәжілісхана жетекшісі. Ол Исаның аяғына жығылып: “Қызым хал үстінде жатыр. Аман қалуы үшін барып, үстіне қолыңызды қойып, айықтыра көріңіз”,— деп өтініп тұрып алды (Марқа 5:23). Он екі жасар перзенті, жар дегенде жалғызы үшін жалынған әкеге Иса қалай жауап берді? (Лұқа 8:42).
Жайырдың үйіне бара жатқан жолда көңіл толқытатын тағы бір оқиға болды. Исаға еріп көп адам келе жатты. Олар бір керемет көріп қаламыз ба деген үмітте. Алайда топтың ішінде жанына батқан дертін ғана ойлап келе жатқан бір әйел бар.
Яһудилік бұл әйелдің қан кетіп ауырғанына 12 жыл болған. Ол қаншама дәрігерге көрініп, айтқан емдерін жасау үшін, қолындағы бар ақшасын жұмсады. Бірақ ешбір ем көмектескен жоқ. Қайта, “халі бұрынғысынан да нашарлай түскен болатын” (Марқа 5:26).
Аурудан әбден әлсірегені аздай, бейшара әйел қатты қысылып, ыңғайсызданатын. Өйткені қандай күйде жүргенін адамдарға ашық айта алмайтын. Оның үстіне, Мұса Заңы бойынша қан кеткен әйел діни тұрғыдан таза емес болып есептелген. Оған не оның киіміне қолын тигізген әркім жуынып, кешке дейін таза емес болған (Мұсаның 3-жазбасы 15:25—27).
Әйел “Иса жайлы естіп”, оны іздеп келген еді. Таза емес болғандықтан, адамдардың арасынан мүмкіндігінше байқаусыз өтсе керек. Ол іштей: “Ең болмағанда, жамылғысына қолымды тигізсем, айығып кетемін”,— деумен болды. Содан Исаның жамылғысының шашағына қолын тигізіп еді, сол замат қан тоқтағанын сезді. Осылай ол “жанына батқан дертінен айықты” (Марқа 5:27—29).
Сонда Иса: “Кім маған қолын тигізді?”— деп сұрады. Мұны естігенде байғұс әйел қандай сезімде болды деп ойлайсыз? Петір Исаға: “Жұрттың жан-жақтан қыспақтап жатқанын көре тұра: — Маған кім қолын тигізді?— дегеніңіз қалай?”— деді. Бұған Иса: “Біреу маған қолын тигізді, өйткені бойымнан күш шыққанын сездім”,— деп жауап берді (Лұқа 8:45, 46). Шынында да, әйел сауығу үшін Исаның бойынан біраз күш шыққан еді.
Байқаусыз қала алмайтынын сезген әйел қорыққанынан дірілдеп, Исаның алдына келді де, аяғына жығылды. Бәрінің көзінше өзінің сырқатын және қазір ғана сауыққанын айтуына тура келді. Иса оны: “Қызым, сеніміңнің арқасында айықтың. Уайымдамай қайта бер, жаныңа батқан дерттен сауықтың”,— деп жұбатты (Марқа 5:34).
Осы оқиғадан көретініміздей, Құдайдың жер бетіне билік етуге таңдаған патшасы — мейірімді де жанашыр. Сондай-ақ ол адамдардың қамын ойлап қана қоймайды, оларға көмектесуге құдіреті де жетеді.