54-ТАРАУ
Иса — “өмір беретін нан”
-
ИСА — “КӨКТЕН ТҮСКЕН НАН”
Ғалилея теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында Иса керемет жасап мыңдаған адамды сауықтырды. Сосын адамдар оны патша етпек болғанда, қашып кетті. Сол күні түнде Иса буырқанған теңіздің үстімен жүріп, Петірді құтқарды. Петір су бетімен келе жатқанда, бір сәт күмәнға бой алдырып, батып кете жаздады. Сондай-ақ Иса сұрапыл дауылды басып, шәкірттерін кеме апатынан құтқарды.
Иса Ғалилея теңізінің батысындағы Қапарнаумның маңына қайта келді. Керемет түрде үлестірілген нан мен балықты жеген адамдар Исаны тауып алып: “Ұстаз, бұл жерге қашан келдіңіз?”— деп сұрады. Иса өзін нан үшін іздеген бұл адамдарды кінәлады. Сосын оларды “бұзылатын тамақ үшін емес, мәңгілік өмір беретін бұзылмайтын тамақ үшін еңбек етуге” талпындырды. Сонда олар: “Құдайға ұнамды болу үшін не істеуіміз керек?”— деп сұрады (Жохан 6:25—28).
Исаны тыңдап тұрған жұрт әңгіме Мұса Заңындағы талаптар жөнінде деп ойласа керек. Бірақ Иса маңыздырақ талапқа көңіл бөліп: “Құдай жібергенге сеніңдер, оған осы ұнамды”,— деді. Алайда олар соншама кереметтерін көре тұра Исаға сенбеді. Қайта, одан тағы керемет көрсетуін талап етіп: “Кәне, не істейсіз? Жазбаларда “ол оларға аспаннан жейтін нан берді” деп жазылғандай, ата-бабаларымыз шөл далада манна жеген”,— деді (Жохан 6:29—31; Зәбүр 78:24).
Иса кереметтердің шын мәнінде кімнің арқасында жасалатынына назар аударып: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, Мұса сендерге аспаннан шынайы нан берген жоқ, бірақ мұны қазір сендерге Әкем беріп отыр. Себебі кім көктен түсіп, дүниеге өмір берсе, сол — Құдайдың наны”,— деді. Исаның не айтқысы келгенін ұқпаған олар: “Ием, бізге әрдайым осы нанды беріп тұрыңызшы”,— деді (Жохан 6:32—34). Иса қандай “нан” жөнінде айтып тұр?
Иса былай деді: “Өмір беретін нан — менмін. Маған келген адам ешқашан аш болмайды, сондай-ақ маған сенген адам ешқашан шөлдемейді. Бірақ сендерге айтқанымдай, мені көрсеңдер де, сенбейсіңдер... Мен көктен өзімнің емес, мені жібергеннің еркін орындауға келдім. Ал мені жібергеннің еркі — оның маған бергендерінің ешқайсысын да жоғалтпай, ақырғы күні оларды қайта тірілтуім. Иә, Әкемнің еркі — Ұлын көріп, оған сенген әркімге мәңгілік өмір сыйлау” (Жохан 6:35—40).
Яһудилер Исаға ашуланып, “көктен түскен нан — менмін” дегеніне күңкілдей бастады (Жохан 6:41). Олар үшін Иса — жай ғана Ғалилеяның Назарет қаласында тұратын қарапайым отбасынан шыққан адам. Сондықтан: “Бұл Жүсіптің ұлы Иса емес пе? Оның әкесін де, шешесін де білеміз ғой”,— десті (Жохан 6:42).
“Өзара күңкілдесуді доғарыңдар!— деді Иса. — Мені жіберген Әкем жақындатып тартса ғана, адам маған келе алады. Ал мен оны ақырғы күні қайта тірілтемін. Пайғамбарлар жазбаларында “олардың бәрі Ехобадан тәлім алады” делінген. Әкемді тыңдап, одан үйренген әркім маған келеді. Құдайдан келген менен басқа ешкім Әкені көрген емес. Оны тек мен ғана көргенмін. Сендерге нағыз шындықты айтамын, кім маған сенсе, сол мәңгілік өмірге ие болады. Балаларыңның бәрі Ехобадан тәлім алады. Олардың тыныштығы ұшан-теңіз болады” (Жохан 6:43—47; Ишая 54:13).
Иса Нікөдеммен сөйлескенде, мәңгілік өмір жайлы және оның Адам Ұлына сенумен байланысты екені жайлы айтып, былай деген: “Оған [Құдайдың жалғыз Ұлына] сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жохан 3:15, 16). Ал қазір адамдарды мәңгілік өмірге жеткізудегі өзінің маңызды рөлі жайлы Иса қалың жұрттың алдында айтып тұр. Мәңгі өмірге манна да, Ғалилеяда көпшілік жейтін нан да жеткізе алмайды. Сонда не жеткізеді? Бұның жауабы ретінде Иса сөзін қайталап: “Өмір беретін нан — менмін”,— деді (Жохан 6:48).
Нан туралы осы әңгіме мұнымен бітпей, Қапарнаумдағы мәжілісханада жалғасып, шарықтау шегіне жетті.