Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ТАРАУ

Иса Нікөдемге тәлім берді

Иса Нікөдемге тәлім берді

ЖОХАН 2:23—3:21

  • ИСА НІКӨДЕММЕН СӨЙЛЕСТІ

  • “ҚАЙТА ТУЫЛУ” ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

Б. з. 30 жылы Иерусалимде Құтқарылу мейрамын тойлауға келгенде, Иса кереметтер жасады. Нәтижесінде, көп адам оған сенді. Парызшыл әрі яһудилердің Жоғарғы кеңес мүшесі Нікөдем де қатты әсер алды. Содан ол көбірек білу үшін, түн жамылып Исаға келді. Осыған қарағанда, ол яһуди басшыларының алдындағы беделіне нұқсан келтіруден қорықса керек.

“Ұстаз,— деді Нікөдем, — сіздің Құдайдан келген тәлімгер екеніңізді білеміз, себебі сіз жасайтын кереметтерді Құдайдың қолдауынсыз ешкім жасай алмайды”. Сонда Иса оған Құдай Патшалығына кіру үшін адам “қайта туылу” қажет екенін айтты (Жохан 3:2, 3).

Сонда есейген адам қалайша қайта туылмақ? Мұны Нікөдем де түсінбей: “Шешесінің құрсағына еніп, екінші рет туылуы мүмкін бе?”— деп сұрады (Жохан 3:4).

Иса тура мағынадағы қайта туылуды айтқан жоқ. Сондықтан ол: “Саған нағыз шындықты айтамын, кімде-кім судан және киелі рухтан туылмаса, Құдай Патшалығына кіре алмайды”,— деп түсіндірді (Жохан 3:5). Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, оған киелі рух қонғанда, ол “судан және киелі рухтан” туылған болатын. Сол кезде көктен: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын”,— деген дауыс шыққан еді (Матай 3:16, 17). Осылайша Құдай Исаның рухани ұлы ретінде туылғанын және оның көктегі Патшалыққа кіру үмітіне ие болғанын хабарлады. Б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамында киелі рух шомылдыру рәсімінен өткен басқа адамдарға қонып, олар да Құдайдың балалары ретінде киелі рухтан қайта туылды (Елшілердің істері 2:1—4).

Бірақ Нікөдемге Исаның Патшалық жайлы айтқандарын түсіну қиын болды. Сондықтан Иса Құдайдың адами Ұлы ретіндегі ерекше қызметі жайлы әрі қарай түсіндіріп: “Шөл далада Мұсаның жыланды жоғары көтеріп қойғанындай, Адам Ұлы да жоғары көтеріліп қойылуы тиіс. Сонда оған сенген әркім мәңгілік өмірге ие болады”,— деді (Жохан 3:14, 15).

Ежелде исраилдіктерді улы жылан шағып алғанда, аман қалу үшін, олар мыс жыланға қарау керек еді (Мұсаның 4-жазбасы 21:9). Тап солай, адамзат өлімге душар ететін күйден арылып, мәңгі өмір сүру үшін, Құдай Ұлына сенулері керек. Ехобаның осы шарасына баса назар аударып, Иса Нікөдемге: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады”,— деді (Жохан 3:16). Осылайша Иса қызметінің алтыншы айында өзінің адамзатты құтқаруға жіберілгенін ашық білдірді.

Сосын Иса Нікөдемге “Құдай өз Ұлын дүниені соттауға жібермегенін” айтты. Демек, Иса адамзатты өлімге кесу үшін соттауға жіберілген жоқ. Керісінше, ол “дүниені құтқару үшін” жіберілді (Жохан 3:17).

Нікөдем Исаға түн жамылып келген. Сол себепті Исаның тәлімін келесі сөздермен аяқтағаны көңіл қоярлық: “Сот мынаған негізделеді: дүниеге жарық [яғни Исаның өмірі мен тәлімі] келді, бірақ адамдар жарықтан гөрі түнекті жақсы көрді, себебі олардың істері зұлым еді. Зұлымдық істейтін адам жарықты жек көреді, әрі істері әшкереленбеу үшін оған жоламайды. Ал әділ әрекет ететін адам істерінің Құдай еркіне сай екені паш етілу үшін жарыққа келеді” (Жохан 3:19—21).

Парызшыл әрі Исраилдің тәлімгері Нікөдем Исаның Құдай ниетіндегі рөлі жайлы естіген осы сөздердің үстінен енді өзі ой жүгіртуі керек.