Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

12-ТАРАУ

Иса шомылдыру рәсімінен өтті

Иса шомылдыру рәсімінен өтті

МАТАЙ 3:13—17 МАРҚА 1:9—11 ЛҰҚА 3:21, 22 ЖОХАН 1:32—34

  • ИСА ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТТІ ЖӘНЕ МАЙЛАНДЫ

  • ЕХОБА ИСАНЫ ӨЗІНІҢ ҰЛЫ ЕКЕНІН ЖАРИЯЛАДЫ

Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның уағыздап жүргеніне 6 айдай уақыт өтті. Иса қазір шамамен 30 жаста. Ол Иордан өзенінің маңында жүрген Жақияға келді. Не үшін? Досына жолығу үшін бе? Әлде Жақияның қызметі қалай жүріп жатқанын көру үшін бе? Жоқ, Иса Жақияның қолынан шомылдыру рәсімінен өту үшін келді.

Сонда Жақия қарсылық білдіріп: “Сіздің маған келгеніңіз қалай, қайта, мен сіздің қолыңыздан шомылдыру рәсімінен өтуім керек қой?”— деді (Матай 3:14). Мұнысы түсінікті де, өйткені Жақия Исаның Құдайдың ерекше Ұлы екенін білді. Есіңізде ме, Исаға жүкті болған Мәриям кіріп келгенде, Елізабеттің құрсағында жатқан Жақия тыпырлап кетіп еді ғой. Бұл оқиғаны оған анасы Елізабет айтып бергені сөзсіз. Сондай-ақ Жақия періштенің Исаның туылатынын хабарлағанын және ол туылған түні періштелердің қойшыларға көрінгенін де естіген болу керек.

Жақия шомылдыру рәсімі күнәларына өкінетін адамдарға арналғанын, ал Исаның күнәкар емес екенін біледі. Бірақ оның қарсылығына қарамастан, Иса: “Қазір осылай болсын, өйткені Құдайдың бар қалауын жүзеге асырғанымыз абзал”,— деді (Матай 3:15).

Иса неге шомылдыру рәсімінен өтті? Ол шомылдыру рәсімінен күнәға өкінгенінің емес, Әкесінің еркін орындауға кіріскенінің белгісі ретінде өтті (Еврейлерге 10:5—7). Бұған дейін Иса ағаш ұстасы болып еңбек еткен. Енді, оның көктегі Әкесі тапсырған жердегі істі атқаратын уақыты келіп жетті. Жақия Исаның шомылдыру рәсімі кезінде ерекше жайт орын алады деп күтті ме?

Кейінірек Жақия былай деп айтты: “Суға шомылдыру рәсімін орындауға жіберген Құдай маған: —Киелі рухтың көктен түсіп, кімге қонғанын көрсең, міне, сол киелі рухпен шомылдырады,— деген еді” (Жохан 1:33). Демек, Жақия шомылдыру рәсімі кезінде Құдай рухының біреуге қонатынын білген. Сондықтан судан шыққан Исаға “Құдай рухының көгершін іспетті түсіп келе жатқанын” көргенде, Жақия таңғалмады.

Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, бұдан басқа да жайт орын алды. Атап айтқанда, Исаға “көк ашылды”. Бұл нені білдіреді? Иса шомылдыру рәсімінен өткен сәтте, оның жерге адам болып келмей тұрғандағы өмірі жадына қайтарылғанын білдірсе керек. Сондықтан Ехобаның рухани ұлы ретіндегі өмірі мен Құдайдың үйреткен шындықтары түгел оның есіне түсті.

Сондай-ақ Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, көктен: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын!”— деген дауыс естілді (Матай 3:17). Бұл кімнің даусы? Исаның даусы болуы мүмкін емес, өйткені ол Жақияның қасында тұрды. Бұл — Құдайдың даусы. Демек, Иса Құдай емес, Құдайдың Ұлы.

Көңіл қоярлық бір жайт, Иса Адам ата сияқты Құдайдың адами ұлы болды. Шәкірт Лұқа Исаның шомылдыру рәсімі жайлы айтқан соң, былай деген: “Иса қызметін бастағанда, шамамен 30 жаста еді. Жұрттың ойынша, Иса Жүсіптің... Елінің,.. Дәуіттің... Нұхтың... Адамның, ал Адам Құдайдың ұлы еді” (Лұқа 3:23—38).

Адам ата “Құдайдың ұлы” болғандай, Иса да Құдайдың Ұлы. Бірақ Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, Құдайдың рухани Ұлы болып, араларында ерекше қарым-қатынас орнады. Осылай Құдайдың шындығын үйретіп, өмірге жол көрсете алатын болды. Сондай-ақ ол күнәкар адамзат үшін адами өмірін құрбан ететін жолға қадам басты.