Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ТАРАУ

Шынайы ғибадат үшін құлшыныс танытты

Шынайы ғибадат үшін құлшыныс танытты

ЖОХАН 2:12—22

  • ИСА ҒИБАДАТХАНАНЫ ТАЗАРТТЫ

Қанадағы үйлену тойынан кейін Иса Қапарнаумға бет алды. Оған анасы мен бауырлары — Жақып, Жүсіп, Шимон мен Яһуда еріп жүрді.

Иса неге Қапарнаумға барды? Бұл қала Назарет пен Қанаға қарағанда әлдеқайда ыңғайлы жерде орналасқан, әрі үлкенірек болса керек. Сондай-ақ Исаның жаңа шәкірттерінің көбі Қапарнаумның өзінде не соның маңында тұратын. Иса оларға сол жерде тәлім бермек болды.

Қапарнаумда Иса көп керемет жасады. Бұл жайлы қала тұрғындары мен төңіректегі жұрттың көбі құлағдар болды. Бірақ яһуди болған Иса мен оның серіктері Иерусалимде б. з. 30 жылының Құтқарылу мейрамын тойлау үшін жолға шығуы тиіс.

Иерусалимдегі ғибадатханада болғандарында Исаның шәкірттері бұрын-соңды көрмеген бір әсерлі оқиғаның куәсі болды.

Құдай Заңы бойынша, исраилдіктер ғибадатханада құрбандыққа мал шалу керек. Сол жерде жүрген жұртқа азық-түлік те қажет. Иерусалимге алыстан келген халыққа құрбандыққа шалатын “мүйізді ірі қара, қой-ешкі” мен басқа да керек-жарақты қаладан сатып алуға Заң рұқсат берді (Мұсаның 5-жазбасы 14:24—26). Бірақ Иерусалимнің саудагерлері мал мен құсты ғибадатхананың ішіндегі үлкен аулада сататын болды. Олардың кейбіреуі тым қымбат баға сұрап, жұртты алдайтын.

Ғибадатханадағы осы жағдайды көргенде, Иса қатты ашуланды. Сөйтіп, ол ақша айырбастаушылардың тиындарын шашып, үстелдерін аударып тастап, сатушыларды қуды. Сосын Иса оларға: “Мыналарыңды бұл жерден алып кетіңдер! Әкемнің үйін базарға айналдыруды доғарыңдар!”— деді (Жохан 2:16).

Шәкірттер Исаның бұл әрекетін көргенде, естеріне Құдай Ұлына қатысты: “Бойымды сенің үйіңе деген құлшыныс кернейді”,— деген пайғамбарлық сөздер түсті. Алайда яһудилер: “Мұны істеуге қақың бар екенін қандай кереметпен дәлелдейсің?”— деп сұрады. Иса оларға: “Мына ғибадатхананы қиратыңдар, мен оны үш күнде қайта тұрғызамын”,— деп жауап берді (Жохан 2:17—19; Зәбүр 69:9).

Яһудилер Иса Иерусалимдегі ғибадатхананы айтып тұр деп ойлап: “Бұл ғибадатхана 46 жыл бойы салынған, ал сен оны үш күнде тұрғызбақпысың?”— деп сұрады (Жохан 2:20). Алайда Иса ғибадатхана деп өз тәнін айтқан еді. Үш жылдан кейін Иса қайта тірілгенде, бұл сөздер шәкірттерінің есіне түседі.