Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

121-ТАРАУ

“Батыл болыңдар! Мен осы дүниені жеңіп шықтым!”

“Батыл болыңдар! Мен осы дүниені жеңіп шықтым!”

ЖОХАН 16:1—33

  • КӨП ҰЗАМАЙ ЕЛШІЛЕР ИСАНЫ КӨРМЕЙТІН БОЛАДЫ

  • ЕЛШІЛЕРДІҢ ҚАЙҒЫСЫ ҚУАНЫШҚА ҰЛАСАДЫ

Иса мен оның елшілері Құтқарылу мейрамының асынан кейін жоғарғы бөлмеден шыққалы тұр. Оларға өте маңызды кеңестер берген Иса: “Бұларды сендер шалыс қадам жасамасын деп айтып отырмын”,— деді. Неге мұны уақтылы айтылған ескерту деуге болады? Өйткені Иса: “Жұрт сендерді мәжілісханадан шығарып жібереді. Сондай-ақ сендерді өлтіретін әркім Құдайға қасиетті қызмет атқарып жатырмын деп ойлайтын уақыт келеді”,— деді (Жохан 16:1, 2).

Елшілер үшін бұл жағымсыз хабар болса керек. Осының алдында Иса оларға осы дүниеге жеккөрінішті болатындарын айтқан. Бірақ қарсыластары оларды өлтіретінін ашық айтқан жоқ еді. Неге? “Бастапқыда бұларды айтқан жоқпын, себебі өздеріңмен бірге болдым”,— деп түсіндірді Иса (Жохан 16:4). Ал қазір араларынан кететіндіктен, шәкірттеріне алдын ала ескертіп отыр. Бұл оларды сүрінуден сақтандырар еді.

Әрі қарай Иса былай деді: “Енді өзімді жібергенге кетіп барамын, бірақ ешқайсысың менен: — Қайда барасың?— деп сұрамайсың”. Бірнеше сағат бұрын елшілер Исадан қайда баратынын сұраған болатын (Жохан 13:36; 14:5; 16:5). Ал қазір Исаның қудалау жайлы айтқан сөзінен сескенген олар өз бастарын ойлап, қайғыға батып тұр. Сондықтан Исаның болашақтағы салтанатты ұлылығы туралы немесе бұл оның шынайы ізбасарлары үшін нені білдіретіні жайлы маңызды жайттарды сұрамады. Мұны байқап, Иса: “Осыларды айтқандықтан жүректерің қайғыға толды”,— деді (Жохан 16:6).

“Мен сендердің игіліктерің үшін кетіп барамын. Егер кетпесем, көмекші келмейді, ал кетсем, оны сендерге жіберемін”,— деп түсіндірді Иса (Жохан 16:7). Иса өліп, көкке барса ғана жер-жердегі шәкірттеріне көмекші болатын киелі рухты жібере алады.

Киелі рух “осы дүниеге күнәнің, әділдіктің және Құдай сотының не екенін анық көрсетеді” (Жохан 16:8). Расында да, Құдай Ұлына сенбеген осы дүниенің күнәсі әшкереленеді. Исаның көкке көтерілуі оның әділ екенін дәлелдейді және “осы дүниенің билеушісі” Шайтанның неліктен жазаға лайық екенін анық көрсетеді (Жохан 16:11).

“Сендерге айтарым әлі де көп, бірақ қазір оларды түсіне алмайсыңдар”,— деп сөзін жалғады Иса. Кейінірек оларға киелі рухты төккенде, бұл оларға “шындықты толық” түсінуге көмектеседі. Сонда олар сол шындыққа сай өмір сүре алатын болады (Жохан 16:12, 13).

Иса: “Аз уақыттан кейін мені көрмейсіңдер, тағы аз уақыттан кейін қайта көресіңдер”,— дегенде, елшілер абдырап қалды. Сосын бұл сөздердің мәнін бір-бірінен сұрай бастады. Елшілердің не сұрағысы келгенін аңғарған Иса: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, сендер жылап, зар еңірейсіңдер, ал осы дүние қуанады. Сендер қайғырасыңдар, бірақ қайғыларың қуанышқа айналады”,— деп түсіндірді (Жохан 16:16, 20). Көп ұзамай Иса өлімге кесіледі, сонда дінбасылары қуанады, ал шәкірттер қайғырады. Алайда Иса қайта тірілгенде, олардың қайғысы қуанышқа айналады! Иса оларға Құдайдың киелі рухын төккенде, қуаныштары қуанышқа ұласады.

Иса елшілердің күйін толғатқан әйелдің күйімен салыстырып, былай деді: “Әйел босанарда қиналып қайғырады, себебі уақыты келіп жетті. Ал баласын туған соң, дүниеге адам келді деп қуанғанынан қиналғанын ұмытып кетеді”. Сосын Иса елшілерін жігерлендіріп: “Сендер де қазір солай қайғырудасыңдар. Бірақ мен сендерді қайта көремін, сонда жүректерің қуанышқа толады, қуаныштарыңды ешкім тартып ала алмайды”,— деді (Жохан 16:21, 22).

Осы күнге дейін елшілер Исаның атынан Құдайдан ештеңе сұраған емес. Ал енді Иса оларға: “Сол күні менің атымнан Әкемнен сұрайсыңдар”,— деді. Неге Исаның атынан сұрау керек? Әкесі жауап бергісі келмегендіктен бе? Әрине, жоқ! “Әкемнің өзі сендерді жақсы көреді, өйткені сендер мені жақсы көресіңдер әрі Құдайдың өкілі ретінде келгеніме сенесіңдер”,— деді Иса (Жохан 16:26, 27).

Исаның бұл сөздерінен жігерленген елшілер: “Құдайдан келгеніңізге сенеміз”,— деді. Алайда бұл сенімдері көп ұзамай-ақ сыналады. Алда не күтіп тұрғанын суреттеп, Иса былай деді: “Міне, әрқайсысың үйді-үйіңе қашып кетіп, мені жалғыз қалдыратын уақыт келеді, тіпті келіп те қойды”. Бірақ артынша оларды нығайтып: “Бұларды мен арқылы араларыңда тыныштық болсын деп айттым. Осы дүниеде қиыншылық көресіңдер, бірақ батыл болыңдар! Мен осы дүниені жеңіп шықтым”,— деді (Жохан 16:30—33). Иса шәкірттерін жалғыз қалдырмайды. Олардың осы дүниені өзі сияқты жеңіп шығатынына сенімді. Өйткені Шайтан мен оның дүниесі мінсіздіктерінен тайдырмақ болғанына қарамастан, шәкірттер Құдайдың еркін адалдықпен орындай береді.