Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

133-ТАРАУ

Исаның денесін дайындап, қабірге қойды

Исаның денесін дайындап, қабірге қойды

МАТАЙ 27:57—28:2 МАРҚА 15:42—16:4 ЛҰҚА 23:50—24:3 ЖОХАН 19:31—20:1

  • ИСАНЫҢ ДЕНЕСІН БАҒАНАДАН ТҮСІРДІ

  • ДЕНЕСІН ЖЕРЛЕУГЕ ДАЙЫНДАДЫ

  • ӘЙЕЛДЕР ҚАБІРДІҢ БОС ЕКЕНІН КӨРДІ

14 нисан, жұма күннің түстен кейінгі мезгілі. Күн батқанда 15 нисан басталады. Бұл — сенбі, яғни Демалыс күні. Иса өлді, ал қасындағы екі қарақшы әлі тірі. Мұса Заңы бойынша, мәйітті “түні бойы ағашта қалдырмай, сол күні” жерлеу керек (Мұсаның 5-жазбасы 21:22, 23).

Оның үстіне, жұма күні — Даярлық күні. Халық ас-ауқатын әзірлейді әрі Демалыс күніне қалдыруға болмайтын басқа да шаруаларын бітіреді. Бұл жолы күн батқанда, қос немесе “ұлы” Демалыс күні басталады (Жохан 19:31). Өйткені 15 нисан жеті күндік Ашымаған нан мейрамының алғашқы күніне сәйкес келеді. Ал бұл күн әрқашан Демалыс күн болу керек (Мұсаның 3-жазбасы 23:5, 6). Сондай-ақ бұл — аптаның жетінші, яғни Демалыс күні.

Сондықтан яһудилер Пилаттан Иса мен екі қарақшының өлімін жылдамдатуды сұрады. Мұны қалай істемек? Аяқтарын сындыру арқылы. Сонда олар шеге қағылған аяқтарына сүйеніп, еңселерін көтере алмайды. Нәтижесінде, тыныстары тарылып, тезірек өледі. Сондықтан сарбаздар екі қарақшының аяқтарын сындырды. Иса өліп қалғандықтан, оған тиіскен жоқ. Осылайша Зәбүр 34:20-да жазылған келесі сөздер орындалды: “Оның барлық сүйегін қорғайды, Бірде-бір сүйегі сындырылмайды”

Исаның өліп қалғанына сенімді болу үшін, сарбаздар найза алып, бүйіріне сұғып алды. “Сол сәтте қан мен су шықты” (Жохан 19:34). Мұнымен: “Олар өздері түйреген адамға қарайды”,— деген тағы бір пайғамбарлық орындалды (Зәкәрия 12:10).

Исаны бағанаға шегелегенде, сол жерде Жүсіп есімді ариматеялық бір “бай кісі” әрі Жоғарғы кеңестің беделді мүшесі тұрған болатын (Матай 27:57). Ол “Құдай Патшалығының келуін күтіп жүрген” жақсы әрі әділ адам еді. “Яһудилерден қорыққандықтан Исаның шәкірті екенін жасырып жүрсе де”, Исаны өлімге кескендерді қолдаған жоқ (Лұқа 23:50; Марқа 15:43; Жохан 19:38). Жүсіп батылдық танытып, Пилатқа барды да, Исаның денесін сұрады. Пилат сарбаздарын жіберіп, Исаның өлгеніне көз жеткізген соң, Жүсіпке рұқсат берді.

Жүсіп таза әрі сапалы зығыр мата сатып алды. Исаның денесін бағанадан түсіріп, оны зығыр матамен орап, жерлеуге дайындады. “Алғаш рет түн жамылып [Исаға] келген” Нікөдем де оған көмектесті (Жохан 19:39). Ол 30-дан аса килограмм мүр мен алоэ қоспасын әкелген болатын. Яһудилердің дәстүрі бойынша, Исаның денесін жерлеуге дайындап, матамен орағанда, арасына осы қоспаларды салды.

Жақын маңдағы жартаста Жүсіптің қолданылмаған жаңа үңгірі бар еді. Исаны сол қабірге қойды. Кейін домалатып үлкен тас әкелді де, қабірдің аузын жапты. Демалыс күні таяп қалғандықтан, жерлеу рәсімі асығыс жасалды. Мағдалалық Мәриям мен кіші Жақыптың анасы Мәриям да Исаның денесін дайындауға көмектесті. Енді олар “жұпар иісті заттар мен иісмай даярлау” үшін үйлеріне асықты. Себебі Демалыс күнінен кейін Исаның денесіне тағы иісмай жақпақ (Лұқа 23:56).

Демалыс күні жоғарғы діни қызметкерлер мен парызшылдар Пилатқа барып былай деді: “Мырза, әлгі алаяқтың тірі кезінде “үш күннен соң қайта тірілемін” дегені есімізге түсті. Сондықтан қабірді үш күнге дейін күзетуді бұйыра көріңіз. Әйтпесе шәкірттері келіп, сүйегін ұрлап әкетіп, жұртқа “Ол өлімнен қайта тірілді!” деп жүрер. Сонда соңғы өтірік алғашқысынан да бетер болады”. Пилат оларға: “Сақшыларды алып, өз білгендеріңше күзете беріңдер”,— деді (Матай 27:63—65).

Жексенбі күні ертемен мағдалалық Мәриям, кіші Жақыптың анасы Мәриям және басқа әйелдер иісмайларын алып, Исаның денесі жерленген үңгірге бет алды. Олар бір-біріне: “Қабірдің аузындағы тасты бізге кім домалатып ашып береді?”— десті (Марқа 16:3). Алайда қабірдің аузы ашық, іші бос еді. Өйткені жер сілкінісі болып, Құдайдың періштелері тасты шетке домалатып тастаған еді, ал сақшылар қашып кеткен болатын.