Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

120-ТАРАУ

Жеміс беру және Исаның досы болу

Жеміс беру және Исаның досы болу

ЖОХАН 15:1—27

  • ШЫНАЙЫ ЖҮЗІМ БҰТАСЫ МЕН ОНЫҢ САБАҚТАРЫ

  • ИСАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕН АЙЫРЫЛМАУ

Иса адал елшілерімен ашық әңгімелесіп, оларға жігер берді. Қазір түн ортасы болса керек. Иса оларды іс-әрекетке талпындыратын бір мысал айтып бермек.

“Мен шынайы жүзім бұтасымын, ал Әкем — жүзімші”,— деп Иса сөзін бастады (Жохан 15:1). Бұл мысал ғасырлар бойы Ехобаның жүзім бұтасына теңелген Исраил халқын еске салады (Еремия 2:21; Ошия 10:1, 2). Алайда бұл халықтан Ехоба бас тартты (Матай 23:37, 38). Сондықтан енді Иса жүзім бұтасына өзін теңеп, жаңа ой айтып тұр. Б. з. 29 жылы Әкесі оны киелі рухпен майлағанда, былайша айтқанда, жүзім бұтасын “отырғызған” болатын.

Жүзім бұтасы жайлы мысал тек өзіне қатысты емес екенін түсіндіріп, Иса былай деді: “Ол [Құдай] мендегі жеміс бермейтін әрбір сабақты кесіп тастайды, ал жеміс беретіндерін молырақ өнім берсін деп тазартады... Сабақ жүзім бұтасынан дербес жеміс бере алмайтыны сияқты, сендер де менімен бірлікте болмасаңдар, жеміс бере алмайсыңдар. Мен жүзім бұтасымын, ал сендер сабақсыңдар”,— деді Иса (Жохан 15:2—5).

Иса көкке барған соң, адал шәкірттеріне көмекші болатын киелі рухты жіберуді уәде етті. Елшілер елу бір күннен кейін осы рухты қабыл алып, жүзім бұтасының сабақтары болады. “Сабақтардың” бәрі Исамен бірлікте қалулары керек. Не үшін?

Мұны Иса былай түсіндірді: “Сендер сабақсыңдар. Кім менімен, ал мен онымен бірлікте болсам, сол мол жеміс береді. Ал менсіз ештеңе істей алмайсыңдар”. “Сабақтарға” теңелген адал ізбасарлар Исаның қасиеттеріне еліктеу арқылы және Құдай Патшалығын құлшына жариялап, көбірек шәкірт дайындау арқылы мол жеміс әкелулері керек. Ал егер шәкірт Исамен бірлікте болмаса және жеміс әкелмесе ше? “Кім менімен бірлікте болмаса, кесіледі”,— деді Иса. Әрі қарай ол былай деді: “Менімен бірлікте болып, сөздерімді жүректеріңде сақтасаңдар, қалағандарыңды сұраңдар, сонда сендерге беріледі” (Жохан 15:5—7).

Енді Иса бұған дейін екі рет айтқан өсиеттерін орындау тақырыбына қайта оралды (Жохан 14:15, 21). Өсиеттерін орындаудың ең басты жолын көрсетіп былай деді: “Мен Әкемнің өсиеттерін орындап, оның сүйіспеншілігінен айырылмайтынымдай, сендер де менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімнен айырылмайсыңдар”. Алайда Ехоба Құдай мен оның Ұлын ғана сүю жеткіліксіз. Сондықтан Иса былай деді: “Сендерге айтар өсиетім мынау — бір-біріңді мен өздеріңді сүйгендей сүйіңдер. Достары үшін жанын қиған адамның сүйіспеншілігінен артық сүйіспеншілік жоқ. Егер өсиет еткендерімді орындасаңдар, онда менің достарымсыңдар” (Жохан 15:10—14).

Бірнеше сағаттан кейін Иса сүйіспеншілігін өзіне сенетін адамдар үшін жанын қию арқылы дәлелдейді. Оның үлгісі шәкірттерін де жанқиярлықпен сүйіспеншілік танытуға талпындыру керек. Мұндай сүйіспеншілік олардың кім екендерін көрсетеді. Өйткені Иса оларға: “Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жохан 13:35).

Иса елшілеріне “достарымсыңдар” деді. Себебін түсіндіріп, Иса: “Мен сендерді достарым деп атаймын, себебі Әкемнен естігендерімнің бәрін сендерге білдірдім”,— деді. Исамен жақын дос болу және Әкесінен естігендерді білу қандай зор мәртебе! Осындай бағалы қарым-қатынасты сақтап қалу үшін, олар “үнемі мол жеміс берулері” керек. “Сонда менің атымнан не сұрасаңдар да, Әкем сендерге береді”,— деді Иса (Жохан 15:15, 16).

Шәкірттерінің арасындағы сүйіспеншілік оларға алдағы сынақтарға төтеп беруге көмектеседі. Иса осы дүниенің оларды жек көретінін ескертті. Бірақ көңілдерін орнықтыру үшін: “Осы дүние сендерді жек көрсе, оның сендерден бұрын мені жек көргенін біліңдер. Егер осы дүниелік болсаңдар, ол сендерді өз адамдары ретінде жақсы көрер еді. Бірақ осы дүниелік емессіңдер... Сондықтан да ол сендерді жек көреді”,— деді (Жохан 15:18, 19).

Осы дүние шәкірттерді неге жек көретінін әрі қарай түсіндіріп: “Олар осының бәрін сендерге менің атыма бола істейді, себебі мені жібергенді білмейді”,— деді Иса. Сосын жасаған кереметтері өзін жек көретіндерді айыптайтынына нұсқап: “Егер мен араларында басқа ешкім жасамаған кереметтерді жасамасам, күнәлары үшін айыпты болмас еді. Бірақ олар кереметтерімді көргенмен, мені де, Әкемді де жек көреді”,— деді. Сөйтіп, Исаның қарсыластары аңдамай пайғамбарлық сөздерді орындады (Жохан 15:21, 24, 25; Зәбүр 35:19; 69:4).

Иса ізбасарларына көмекші болатын киелі рухты тағы да уәде етті. Мұндай зор күшті барлық ізбасары ала алады және соның көмегімен “куәлік етіп”, мол жеміс беретін болады (Жохан 15:27).