Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

117-ТАРАУ

Иеміздің кешкі асы

Иеміздің кешкі асы

МАТАЙ 26:21—29 МАРҚА 14:18—25 ЛҰҚА 22:19—23 ЖОХАН 13:18—30

  • ИСА ЯҺУДАНЫҢ САТҚЫН ЕКЕНІН БІЛДІРДІ

  • ИСА ЕСКЕ АЛУ КЕШІН ЕНДІРДІ

Әлгінде ғана Иса шәкірттерін кішіпейіл болуға үйретіп, аяқтарын жуған еді. Енді, Құтқарылу мейрамының асын жеп болған соң, Дәуіт пайғамбардың сөзін келтіріп, Иса былай деді: “Дастарқандас боп нанымды жеп жүрген, Өзім сенім артқан жақын досым да, Маған қарсы өкшесін көтерді”. Сосын мұны ол: “Араларыңдағы біреу маған опасыздық жасайды”,— деп түсіндірді (Зәбүр 41:9; Жохан 13:18, 21).

Елшілер абдырап, бір-біріне қарасты. Сосын әрқайсысы: “Ием, сол адам мен емеспін ғой?”— деп сұрай бастады. Тіпті Яһуда Исқариот та сұрады. Петір болса Исаның жанында отырған Жоханға ымдап, әңгіме кім туралы екенін сұрап-білуді тапсырды. Сонда Жохан Исаға қарай еңкейіп: “Ием, ол кім?”— деді (Матай 26:22; Жохан 13:25).

“Бірүзім нанды табаққа батырып, кімге берсем, ол — сол адам”,— деді Иса. Сосын нанды табаққа батырып, Яһудаға берді де: “Адам Ұлы өзі туралы жазылғанға сай кетіп бара жатыр. Бірақ Адам Ұлына опасыздық жасаған кісі қасіретке қалады! Бұдан гөрі оның дүниеге келмегені жақсы еді”,— деді (Жохан 13:26; Матай 26:24). Бұдан кейін Яһуданың бойына Шайтан кірді. Яһуданың ниеті бұған дейін бұзылған болатын. Ал қазір ол Ібілістің ықпалына беріліп, “жойылуы тиіс адамға” айналды (Жохан 6:64, 70; 12:4; 17:12).

Иса Яһудаға: “Істеп жатқаныңды тезірек істе”,— деді. Өзге елшілер Яһуда қаржы жәшігін алып жүретіндіктен, “Иса оған мейрамға керектілерді сатып алуды не кедейлерге бірдеңе беруді тапсырған” болар деп ойлады (Жохан 13:27—30). Яһуда болса Исаға сатқындық жасамақ болып үйден шығып кетті.

Құтқарылу мейрамы өтіп жатқан кеште Иса мүлдем басқа үрдіс енгізді. Ол қолына нан алып, ризашылық білдірді. Сосын оны сындырып елшілеріне беріп жатып: “Бұл сендер үшін ұсынылатын денемді білдіреді. Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар”,— деді (Лұқа 22:19). Осылай Иса үлестірген нанды адал елшілердің бәрі жеді.

Сосын Иса шарап құйылған тостағанды алып, ризашылық білдірді. Оны шәкірттеріне беріп жатып: “Мына тостаған сендер үшін төгілетін қаныма негізделген жаңа келісімді білдіреді”,— деді. Сонда әрқайсысы тостағандағы шараптан ішті (Лұқа 22:20).

Осылайша Иса өзінің өлімін еске алу шарасын енгізді. Мұны ізбасарлары жыл сайын 14 нисан күні өткізу керек болды. Бұл Еске алу кеші Иса мен оның Әкесі не істегенін, яғни сенімі бар адамға күнә мен өлімнен құтқарылуға мүмкіндік бергенін, ұмытпауға көмектесер еді. Сондай-ақ бұл кеш бүкіл адамзатқа берілетін нағыз бостандыққа назар аударатындықтан, яһудилер атап өтетін Құтқарылу мейрамынан әлдеқайда маңызды еді.

Иса өз қанының “көптеген адамдардың күнәсі кешірілу үшін төгілетінін” айтты. Кешірімге ие болатындардың ішінде адал елшілер мен солар сияқты басқа да адамдар бар. Олар Құдай Патшалығында Исамен бірге болады (Матай 26:28, 29).