Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

106-ТАРАУ

Жүзімдік жайлы екі мысал

Жүзімдік жайлы екі мысал

МАТАЙ 21:28—46 МАРҚА 12:1—12 ЛҰҚА 20:9—19

  • ЕКІ ҰЛ ЖАЙЛЫ МЫСАЛ

  • ЖҮЗІМШІЛЕР ТУРАЛЫ МЫСАЛ

Әлгінде ғана жоғарғы діни қызметкерлер мен ақсақалдар ғибадатханада Исаның билігіне күмән келтіріп, оны сөзден ұстамақ болған. Алайда Исаның жауабынан кейін ауыздарына құм құйылды. Сосын Иса олардың нағыз болмысын әшкерелейтін бір мысал айтты.

“Бір адамның екі ұлы болыпты. Ол біреуіне келіп: — Балам, бүгін жүзімдікке барып, жұмыс істеші,— дегенде, ұлы: — Бармаймын,— дейді, бірақ артынан бұған өкініп, жүзімдікке барады. Әкесі екіншісіне келіп, дәл осылай айтады. Сонда ол: — Жарайды, әке, барамын,— дейді, бірақ бармай қояды. Осы екеуінің қайсысы әкесінің еркін орындады?”— деді Иса (Матай 21:28—31). Алғашында барғысы келмесе де, Әкесінің еркін орындаған бірінші ұл екені анық.

Сосын Иса қарсыластарына: “Шындығын айтамын, салықшылар мен жезөкшелер Құдай Патшалығына сендерден бұрын кіреді”,— деді. Салықшылар мен жезөкшелер бұрын Құдайға қызмет етпейтін. Алайда кейін, бірінші ұл сияқты, істеріне өкініп, қызмет етуге кіріскен. Дінбасылары болса, екінші ұлға ұқсайды. Олар Құдайға сөз жүзінде ғана қызмет етіп, іс жүзінде олай етпейтін. Сондықтан Иса: “Жақия келіп, әділдік жолын көрсетті, бірақ сендер оған сенбедіңдер. Салықшылар мен жезөкшелер болса сенді, сендер мұны көрсеңдер де, артынан өкініп, оған сенген жоқсыңдар”,— деді (Матай 21:31, 32).

Бұдан кейін Иса тағы бір мысал айтты. Бұл жолы ол дінбасыларының қызметке деген немқұрайдылығынан да сорақы ісін — залымдығын — әшкереледі. “Бір кісі жүзім бағын отырғызып, оны айналдыра қоршау орнатады,— деді Иса. — Сосын жүзім сығатын орын жасап, мұнара тұрғызады. Бұдан соң бағын жүзімшілерге жалға беріп, өзі басқа елге сапарға аттанады. Мерзімі жеткенде ол өнімнен өз үлесін алу үшін жүзімшілерге бір құлын жұмсайды. Бірақ олар оны ұстап алып, ұрып-соғып, құралақан қайтарады. Ол тағы бір құлын жібергенде, оның басын жарып, қорлық көрсетеді. Өзге біреуін жұмсағанда, оны өлтіріп тастайды. Ол басқа да көптеген адам жібереді, бірақ олар бірін соққыға жығып, бірін өлтіреді” (Марқа 12:1—5).

Тыңдаушылары Исаның бұл мысалын түсінер ме екен? Кезінде Ишая пайғамбар да осыған ұқсас ой айтқан. Оның: “Ехобаның жүзімдігі — Исраил үйі, Оның жақсы көретін көшеті — Яһуда елі. Ол әділдікті күткен еді, Бірақ әділетсіздік жасалып жатқанын көрді”,— деген сөздері олардың есінде болса керек (Ишая 5:7). Исаның мысалындағы жүзімдіктік иесі — Ехоба, жүзімдік — Исраил халқы. Құдайдың Заңы оларға қоршау іспетті қорғаныш болып келген. Халқына тәлім беріп, игі жеміс беруге көмектесу үшін, Ехоба талай рет пайғамбарларын жіберген.

“Жүзімшілер” жіберілген “құлдардың” бірін соққыға жығып, бірін өлтіріп тастағанын айтқан соң, Иса былай деді: “Оның [жүзімдік иесінің] жұмсайтын тағы бір адамы, өзінің сүйікті ұлы, қалады. Ол: — Менің ұлымды сыйлар,— деп ойлап, ақырында ұлын жібереді. Бірақ жүзімшілер өзара: — Бұл — мұрагер ғой! Жүріңдер, оны өлтірейік, сонда мұрасы біздікі болады,— десіп, оны ұстап алып, өлтіріп тастайды” (Марқа 12:6—8).

Сосын Иса: “Енді жүзімдіктің иесі не істейді?”— деп сұрады (Марқа 12:9). Дінбасылары: “Ол зұлым жүзімшілердің көзін құртып, жүзімдігін мезгілі жеткенде өнімнен үлесін беретін басқа жүзімшілерге жалға береді”,— деп жауап берді (Матай 21:41).

Осылайша олар аңдамай өздеріне үкімді өздері айтып салды. Өйткені олар Исраил халқын бейнелеген “жүзімдіктегі” “жүзімшілердің” бірі еді. Олардан Ехобаның орынды түрде күткен игі жемістердің бірі — Ұлына, яғни Мәсіхке, сену болатын. Сондықтан Иса дінбасыларына қарап, былай деді: “Жазбадағы келесі сөздерді ешқашан оқымап па едіңдер? Онда: — Құрылысшылар бас тартқан тас негізгі бұрыштық тасқа айналды. Біздің көз алдымыздағы бұл керемет істі жасаған — Ехоба,— делінген ғой” (Марқа 12:10, 11). Сосын: “Міне, сондықтан да сендерге былай деймін: Құдай Патшалығы сендерден алынып, оған лайық өнім әкелетін басқа халыққа беріледі”,— деп ашығын айтты (Матай 21:43).

Дін мұғалімдері мен жоғарғы діни қызметкерлер Исаның “бұл мысалды өздеріне қатысты айтқанын” түсінді (Лұқа 20:19). Содан олар Исаны, заңды “мұрагерді”, бұрынғыдан да бетер өлтіргісі келді. Бірақ халықтан қаймығып, ойларын бірден іске асыра алмады. Өйткені халық Исаны пайғамбар деп есептейтін.