Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

127-ТАРАУ

Жоғарғы кеңес, сосын Пилат тергеді

Жоғарғы кеңес, сосын Пилат тергеді

МАТАЙ 27:1—11 МАРҚА 15:1 ЛҰҚА 22:66—23:3 ЖОХАН 18:28—35

  • ТАҢ АТА ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕС ИСАНЫ ТЕРГЕДІ

  • ЯҺУДА ИСҚАРИОТ АСЫЛЫП ӨЛМЕК БОЛДЫ

  • ӨЛІМГЕ КЕСУ ҮШІН, ИСАНЫ ПИЛАТҚА ЖІБЕРДІ

Петір Исадан үшінші рет танғанда, таңға жуық мезгіл еді. Жоғарғы кеңес сорақы ісін аяқтап, тарасып кеткен. Жұма күні ертеңмен олар тағы жиналып, түнде жүргізген заңсыз тергеуге заңды реңк беруге тырыспақ. Содан олар Исаны алдыртты.

“Егер Мәсіх болсаң, айт бізге”,— деп талап етті сот. “Айтсам да, бәрібір сенбес едіңіздер. Ал сұрасам, бәрібір жауап бермес едіңіздер”,— деді Иса. Сосын Даниял 7:13-тегі пайғамбарлықта айтылған адам екеніне нұсқап, тайсалмастан: “Енді Адам Ұлы құдіретті Құдайдың оң жағында отыратын болады”,— деді (Лұқа 22:67—69; Матай 26:63).

Алайда олар алған беттерінен қайтпай: “Сонымен, сен Құдайдың Ұлысың ба?”— деп сұрады. Иса: “Мұны өздеріңіз айтып тұрсыздар”,— деп жауап қатты. Исаға Құдайды қорлады деген айып тағып, өлімге кесуге осы сөз де жеткілікті еді. Сондықтан олар: “Бізге бұдан басқа қандай куәлік қажет? Мұны өз аузынан естідік қой”,— десті (Лұқа 22:70, 71; Марқа 14:64). Кейін Исаны байлап, римдік әмірші Понти Пилатқа әкетті.

Яһуда Исқариот Исаны Пилатқа әкетіп бара жатқанын көрсе керек. Исаның өлімге кесілгенін түсінгенде, ар-ұжданы мазалап, шарасыз күй кешті. Алайда Яһуда шын өкініп, Құдайға бет бұрудың орнына, 30 күміс ақшаны қайтарып беру үшін, Жоғарғы діни қызметкерлерге барып: “Мен жазықсыз адамға опасыздық жасап, күнәға баттым”,— деді. Сонда олар беттері бүлк етпестен: “Онда біздің шаруамыз қанша? Бұл — өз мәселең!”— деді (Матай 27:4).

Яһуда 30 күміс ақшаны ғибадатханаға лақтырып тастап, шығып кетті. Сосын күнәсіна күнә қосып, өзі өзіне қол жұмсады. Асылып өлмек болғанда, жіп байланған бұта сынып кетсе керек, ол төменде жатқан тастарға құлап, іші жарылып өлді (Елшілердің істері 1:17, 18).

Исаны Понти Пилаттың сарайына әкелгенде, әлі таңғы уақыт болатын. Оны алып келген яһудилер басқа ұлт адамдарынан арамдалып қалудан сақтанып, ішке кірмеді. Арамдалып қалса, Ашымаған нан мейрамының асын жей алмайтын. Себебі 15 нисан Құтқарылу мейрамының мезгіліне кіретін сол мейрамның алғашқы күні еді.

Пилат шығып, әлгі яһудилерден: “Мына кісіге тағатын қандай айыптарың бар?”— деп сұрады. Олар: “Қылмыскер болмаса, оны сізге ұстап әкелмес едік”,— деп жауап берді. Пилат өзіне қысым жасалмақ болып тұрғандарын сезіп: “Оны өздерің алып кетіп, заңдарыңа сай соттаңдар”,— деді. Сонда яһудилер: “Біреуді өлтіруге біздің қақымыз жоқ”,— деп Исаны өлтіргісі келетіндерін байқатты (Жохан 18:29—31).

Шындығына келгенде, дінбасылары Исаны Құтқарылу мейрамы кезінде өлтіре алмайды, әйтпесе халық шу шығарады. Ал саяси қылмыскер ретінде Исаны римдіктер өлімге кессе, (бұған олардың құқы бар) олар халықтың алдында жауапты болмайды.

Дінбасылары Исаны Құдайға тіл тигізді деп айыптағандарын Пилатқа айтпады. Оның орнына басқа жала ойлап тауып: “Біз мына кісінің [1] халқымызды бүлдіріп, [2] императорға салық төлеуге тыйым салып, [3] өзін Мәсіх патшамын деп жүргенін анықтадық”,— деді (Лұқа 23:2).

Пилат Рим империясының өкілі ретінде өзін патша санаған Исаның ісін қарастыруға міндетті еді. Сондықтан ол сарайына кірді де, Исаны шақыртып алып: “Сен яһудилердің патшасысың ба?”— деп сұрады. Басқаша айтқанда, “Рим патшасының орнына өзіңді патша деп жариялап, империяның заңын бұздың ба?” деп тұр. Өзі жайлы Пилаттың не естігенін анықтағысы келсе керек, Иса: “Мұны өзіңіз айтып тұрсыз ба, әлде мен туралы сізге басқалар айтты ма?”— деп сұрады (Жохан 18:33, 34).

Пилат Иса жайлы ештеңе білмейтін, бірақ білгісі келетін сыңай танытып: “Мен не, яһудимін бе?”— деді. Артынша: “Сені маған ұстап әкелген өз халқың және жоғарғы діни қызметкерлер ғой. Не істеп едің?”— деп сұрады (Жохан 18:35).

Иса патшалық жайлы басты тақырыптан ауытқуға тырыспады. Сондықтан оның берген жауабы Пилатты қатты таңғалдырғаны сөзсіз.