Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

137-ТАРАУ

Қайта тірілген Исаны жүздеген шәкірті көрді

Қайта тірілген Исаны жүздеген шәкірті көрді

МАТАЙ 28:16—20 ЛҰҚА 24:50—52 ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 1:1—12; 2:1—4

  • ИСА КӨП АДАМҒА КӨРІНДІ

  • ОЛ КӨККЕ КӨТЕРІЛІП КЕТТІ

  • ИСА 120 ШӘКІРТІНЕ КИЕЛІ РУХТЫ ТӨКТІ

Иса қайта тірілген соң, 11 елшісін Ғалилеядағы таудың басына жинады. Сол жерге басқа шәкірттері де келді — шамаман 500 адам. Олардың арасында Исаның қайта тірілгеніне күмәнданатындар да бар (Матай 28:17; Қорынттықтарға 1-хат 15:6). Сондықтан Иса өзінің шынымен тірі екенін дәлелдейтін маңызды нәрсе айтпақ.

Иса Құдайдың көктегі және жердегі бар билікті өзіне бергенін түсіндіріп, былай деді: “Сондықтан барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер”,— деп тапсырды (Матай 28:18—20). Иә, Иса тірі әрі ізгі хабарды жариялау ісінің қамын ойлауда.

Иса шәкірт дайындау ісін барлық ізбасарына — ерлер, әйелдер мен балаларға — тапсырды. Әрине, қарсыластар уағыз бен тәлім беру ісіне кедергі жасауға тырысып бағады. Алайда Иса шәкірттеріне: “Маған көк пен жердегі барлық билік берілген”,— деді. Мұның оларға қандай қатысы бар? “Мен осы заман аяқталғанша, әр күні сендермен біргемін”,— деді ол. Иса ізгі хабарды уағыздайтын ізбасарларына таңғажайып істер жасайтын қабілет емес, қолдау көрсететін киелі рух береді.

Иса қайта тірілген соң, 40 күн бойы шәкірттеріне түрлі адами денеде көрініп жүрді. Ол “елшілеріне көптеген сенімді дәлелдер арқылы өзінің тірі екенін көрсетті” және “Құдай Патшалығы жайлы” нұсқаулар берді (Елшілердің істері 1:3; Қорынттықтарға 1-хат 15:7).

Елшілер әлі Ғалилеяда болса керек. Иса оларға Иерусалимге баруды бұйырды. Кейін олармен қалада кездесіп, былай деді: “Иерусалимнен ешқайда кетпей, Әкемнің уәдесі орындалатын уақытты күтіңдер. Сендерге бұл жайлы айтқанмын. Жақия суға шомылдырған еді, ал сендер бірер күннен кейін киелі рухпен шомылдырыласыңдар” (Елшілердің істері 1:4, 5).

Біраз уақыттан соң Иса елшілерімен тағы кездесті. Оларды ертіп, Зәйтүн тауының шығыс беткейіндегі Бетанияға дейін барды (Лұқа 24:50). Өзінің кетуі жайлы Иса көп нәрсе айтса да, кейбіреуі әлі де Патшалық жер бетінде орнайды деп ойлап жүр (Лұқа 22:16, 18, 30; Жохан 14:2, 3).

Содан елшілері: “Ием, Исраилге патшалықты қазір қайта орнатасыз ба?”— деп сұрады. Сонда Иса жай ғана: “Әкенің құзырындағы уақыттар мен мерзімдерді сендерге білудің қажеті жоқ”,— деп жауап берді. Сосын тапсырылған істі атқару керектігіне баса назар аударып: “Өздеріңе киелі рух қонғанда күш-қуатқа ие болып, Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деді (Елшілердің істері 1:6—8).

Елшілер Зәйтүн тауында қайта тірілген Исамен тұрғанда, ол көз алдарында көкке көтерілді де, бұлттың арасына кіріп, көзден ғайып болды. Қайта тірілген соң ол түрлі адами денеде көрініп жүрген болса, енді адами денесі ғайып болып, рухани жаратылыс ретінде көкке көтерілді (Қорынттықтарға 1-хат 15:44, 50; Петірдің 1-хаты 3:18). Адал елшілер жоғары қарап тұрғанда, қастарында “ақ жамылғы киген екі кісі” пайда болды. Бұлар адами денеде көрініп тұрған періштелер еді. Олар елшілерге: “Ғалилеялықтар, неменеге көкке көз алмай қарап тұрсыңдар? Көкке алынған Иса сендердің көздеріңше қалай көтерілсе, дәл солай қайтып келеді”,— деді (Елшілердің істері 1:10, 11).

Иса жер-жаһанға жар салмай, адал шәкірттерінің көз алдында көкке көтерілді. Ол “қалай көтерілсе, дәл солай қайтып келеді”, яғни ол Патшалықтағы билікке келгенде, дүниежүзіне жар салмайды. Мұны адал ізбасарлары ғана түсінетін болады.

Елшілер Иерусалимге қайтып оралды. Кейінгі күндері олар басқа шәкірттермен бас қосып жүрді. Кездесулерге “Исаның бауырлары, анасы Мәриям” да келетін (Елшілердің істері 1:14). Жиналған топ қайта-қайта дұға етті. Өтініштерінің бірі Яһуда Исқариоттың орнына басқа адамды он екінші елші етіп таңдауға қатысты (Матай 19:28). Олар Исаның істерін және қайта тірілгенін өз көзімен көрген шәкірттердің бірін таңдағысы келеді. Құдайдың еркін білу үшін, олар жеребе тастады. Бұл Киелі кітапта жеребе тастау жайлы айтылған соңғы оқиға болды (Зәбүр 109:8; Нақыл сөздер 16:33). Ақыр соңында, Матия таңдалып, “11 елшінің қатарына қосылды”. Ол Исаның уағызға жіберген 70 шәкіртінің бірі еді (Елшілердің істері 1:26).

Иса көкке көтерілгеннен он күн өткенде, б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамы басталды. Иерусалимдегі бір үйдің жоғарғы бөлмесіне 120 шәкірт жиналды. Кенеттен қатты жел соққандай шу естіліп, үйдің іші жаңғырып кетті. Әрқайсысының үстінен тілге ұқсаған от жалындары көрінді. Сонда шәкірттер әртүрлі тілде сөйлей бастады. Бұл уәде етілген киелі рухтың төгілуі еді! (Жохан 14:26).