Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

135-ТАРАУ

Қайта тірілген Иса көп адамға көрінді

Қайта тірілген Иса көп адамға көрінді

ЛҰҚА 24:13—49 ЖОХАН 20:19—29

  • ЕММАУСҚА БАРА ЖАТҚАН ЖОЛЫНДА ИСА КӨРІНДІ

  • ШӘКІРТТЕРІНЕ ТАҒЫ ДА ЖАЗБАЛАРДЫ ТҮСІНДІРДІ

  • ТОМАНЫҢ КҮМӘНІ СЕЙІЛДІ

Жексенбі, 16 нисан. Шәкірттердің ұнжырғасы түсіп жүр. Олар Исаның қабірі неге бос қалғанын әлі де түсінбейді (Матай 28:9, 10; Лұқа 24:11). Күндіз Клеопа мен басқа шәкірттер Иерусалимнен шығып, 11 шақырым жердегі Еммаусқа бет алды.

Жол-жөнекей олар болған жайды талқылап келе жатты. Бір уақытта қатарларына бір кісі келіп қосылды. Ол бұлардан: “Нені қызу талқылап келе жатырсыңдар?”— деп сұрағанда, Клеопа: “Сен Иерусалимде тұрып, осы күндері онда болған жайтты білмейтін жатжерлік шығарсың?”— деді. Әлгі кісі: “Қандай жайтты?”— деп сұрады (Лұқа 24:17—19).

“Назареттік Исамен болған жайтты,— деді олар. — Біз осы кісі Исраилді құтқарады деп үміттенген едік” (Лұқа 24:19—21).

Сосын Клеопа мен оның серігі сол күні болған жайды баяндап берді. Бірнеше әйелдің Исаның денесі қойылған қабірге барып, оның бос екенін көргенін, сондай-ақ ерекше жайт орын алып, періштелердің оларға Исаның тірі екенін хабарлағанын айтып берді. Кейін қабірге басқалар да барып, бәрі “әйелдер айтқандай екенін көріпті” (Лұқа 24:24).

Екі шәкірт сол оқиғалардың мәнін түсінбей дал болды. Сонда әлгі кісі билігі бар адамдай бұлардың ойын түзеп: “Ей, түйсіксіздер-ай! Пайғамбарлар айтқан сөздердің барлығын неге бірден қабылдамайсыңдар? Салтанатқа бөлену үшін Мәсіх осы азаптардан өтуі керек емес пе еді?”— деді. Бұл сөздер шәкірттердің көңіліне жақты (Лұқа 24:25, 26). Бұдан соң ол Мәсіхке нұсқайтын көптеген жазба орнын түсіндіріп берді.

Үш жолаушы Еммаусқа жетіп қалды. Екі шәкірт көбірек естігісі келіп, бейтаныс кісіге: “Бізбен бірге қал, кеш түсіп қалды ғой”,— деп өтінді. Ол келісіп, шәкірттермен бірге дастарқанға отырды. Бір уақытта ол дұға етті де, қолына нан алып, сындырып бере бастағанда, шәкірттер оны таныды. Бірақ ол сол сәтте көзден ғайып болды (Лұқа 24:29—31). Исаның тірі екеніне олардың көзі енді жетті!

Екеуі қуанғандарынан бір-біріне: “Ол жолшыбай бізбен сөйлесіп, Жазбалардың мәнін толығымен ашып бергенде, жүрегіміз жалындап кеткен жоқ па еді?”— десті (Лұқа 24:32). Олар асығыс Иерусалимге қайтып келіп, елшілер мен басқа шәкірттерді тауып алды. Клеопа мен серігі өздерімен болған оқиғаны айтып бермей жатып, басқалар: “Иеміз шынымен қайта тірілді! Ол Шимонға көрініпті!”— деді (Лұқа 24:34). Сосын бұл екеуі де Исаның көрінгенін айтып берді. Шынында да, бұлар қайта тірілген Исаны өз көздерімен көрген куәгер еді.

Бір кезде бөлменің ішінде Иса пайда болды! Өз көздеріне өздері сенбей, бәрі абдырап тұрып қалды. Өйткені яһудилерден қорқып есікті бекітіп қойған еді ғой! Иса қазір дәл орталарында тұр. Ол шәкірттерге: “Сендерге тыныштық болсын!”— деді. Бірақ бәрінің зәре-құттары қалмай қорықты. Бұл жолы да олар “елес көріп тұрмыз деп ойлады” (Лұқа 24:36, 37; Матай 14:25—27).

Иса өзінің елес емес екенін, адами тәнмен келіп тұрғанын дәлелдеу үшін, аяқ-қолдарын көрсетіп: “Неге қорқасыңдар? Неге жүректеріңе күмән ұялады? Қолдарым мен аяқтарыма қараңдар, бұл — менмін. Маған қол тигізіп, қарап көріңдер. Өйткені елесте менікіндей ет пен сүйек болмайды ғой”,— деді (Лұқа 24:36—39). Олар әрі қуанып, әрі таңғалса да, сене алмай тұр.

Алдарында тұрған шынымен өзі екеніне сендіру үшін, Иса: “Мұнда жейтін бір нәрселерің бар ма?”— деп сұрады. Қуырылған балық бергенде, оны алып жей бастады. Сосын былай деді: “Әлі өздеріңмен бірге болғанымда Мұса Заңында, пайғамбарлар жазбалары және Зәбүрде мен жайлы жазылғандар түгел орындалуы тиіс екенін айтқанымды естеріңе түсіріңдер” (Лұқа 24:41—44).

Иса Клеопа мен оның серігіне Жазбаларды түсінуге көмектескеніндей, бөлмеде жиналған шәкірттерге де көмектеспек. “Жазбаларда Мәсіхтің азап шегетіні, үшінші күні өлімнен қайта тірілетіні, сондай-ақ Иерусалимнен бастап оның атынан күллі халықтарға уағыз айтылып, өкінгендердің бәрінің күнәлары кешірілетіні туралы жарияланатыны жазылған ғой. Сендер осылар жайлы куәлік етесіңдер”,— деді ол (Лұқа 24:46—48).

Қандай да бір себеппен Тома бұл жерде жоқ еді. Бірнеше күннен соң шәкірттер қуанып, оған: “Біз Иемізді көрдік”,— дегенде, ол: “Қолдарынан шегелердің орнын көрмейінше, саусағыммен шегелердің орнын сипап, бүйірін қолыммен ұстамайынша, еш сенбеймін”,— деді (Жохан 20:25).

Сегіз күннен соң шәкірттер бір үйге жиналып, есікті бекітіп алды. Бұл жолы Тома араларында отыр. Бір кезде Иса адами денемен араларында пайда болып: “Сендерге тыныштық болсын!”— деді. Сөйтті де Томаға бұрылып: “Қолдарыма саусағыңды тигіз де, қара, қолыңды бүйіріме қой. Бұдан былай күмәнданбай, сенетін бол!”— деді. Сонда Тома: “Ием менің, Құдайым менің!”— деп дауыстады (Жохан 20:26—28). Ехоба Құдайдың өкілі — Иса тірі әрі құдіретті рухани тұлға екеніне Томаның еш күмәні қалмады.

Сосын Иса оларға: “Мені көргендіктен сендің бе? Көрмесе де, сенетіндер бақытты!”— деді (Жохан 20:29).