Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

132-ТАРАУ

“Мына кісі, расында да, Құдай Ұлы болған екен!”

“Мына кісі, расында да, Құдай Ұлы болған екен!”

МАТАЙ 27:45—56 МАРҚА 15:33—41 ЛҰҚА 23:44—49 ЖОХАН 19:25—30

  • ИСАНЫ БАҒАНАҒА ШЕГЕЛЕП ӨЛТІРДІ

  • ОЛ ӨЛГЕНДЕ, ЕРЕКШЕ ҚҰБЫЛЫСТАР ОРЫН АЛДЫ

Қазір “алтыншы сағат”, яғни тал түс. “Аймақтың бәрін қараңғылық басып, тоғызыншы сағатқа [яғни күндізгі үшке] дейін созылды” (Марқа 15:33). Бұл күннің тұтылуынан болған жоқ, өйткені бұл жаңа ай туылғанда болатын құбылыс. Ал қазір Құтқарылу мейрамының кезі, сондықтан ай толы. Оның үстіне, күн тұтылғанда қараңғылық бірнеше минутқа ғана созылады. Демек, бұл қараңғылық Құдайдың құдіретімен болған!

Исаны мазақтаған адамдардың қандай күйде болғанын елестетіңізші! Айналаны қараңғылық басқанда, азап бағанасының қасына төрт әйел келді. Олар Исаның анасы, Салома, мағдалалық Мәриям және кіші Жақыптың анасы Мәриям.

Азап бағанасының қасына Исаның қайғыдан қан жұтқан анасы және елші Жохан келді. Мәриям құрсақ жарып шыққан перзентінің азабын көріп тұр. Бұл оның жанына батып, “үлкен семсер сұғып алғандай” ауыр тиді (Жохан 19:25; Лұқа 2:35). Алайда Иса өзі ауырсынып, қиналып тұрса да, анасының қамын ойлады. Ол бар күшін жинап, анасына Жоханды меңзеп: “Мынау — енді сіздің ұлыңыз!”— деді. Сосын Жоханға Мәриямды меңзеп: “Енді осы кісі — сенің анаң!”— деді (Жохан 19:26, 27).

Иса анасына қамқорлық көрсетуді өзінің ерекше жақсы көретін елшісіне тапсырды. Себебі Мәриям бұл кезде жесір қалған болса керек, әрі оның басқа ұлдары, яғни Исаның бауырлары, әлі өзіне сенбейтін. Сондықтан анасының тәндік және рухани қамын ойлады. Қамқорлықтың қандай керемет үлгісі десеңші!

Қараңғылық сейілгенде, Иса: “Шөлдедім”,— деді. Осылайша Жазбалардағы пайғамбарлық сөз орындалды (Жохан 19:28; Зәбүр 22:15). Адалдығы соңына дейін сыналу үшін, Әкесі қорғанышын өзінен алып қойғанын сезді. Содан Иса ғалилеялық диалектпен арамейше: “Ели, Ели, лама сабахтани?”— деді. Бұл “Құдайым, Құдайым, неге мені жалғыз қалдырдың?” дегенді білдіреді. Сонда тұрғандардың кейбірі оның не дегенін дұрыс түсінбей: “Қараңдар, ол Ілиясты шақырып жатыр”,— деді. Біреуі жүгіріп барып, сорғышты қышқыл шарапқа батырып, таяққа байлады да, Исаға ұсынды. Басқалары болса: “Күте тұрайық! Ілияс келіп, оны түсіріп алар ма екен, көрейік”,— деді (Марқа 15:34—36).

Иса шарапты татып көрген соң: “Түгел орындалды!”— деп дауыстады (Жохан 19:30). Расында да, Иса Әкесі тапсырғанның бәрін орындады. Ақыр соңында ол: “Әке, рухымды өз қолыңа табыстаймын”,— деді (Лұқа 23:46). Осылай Иса өмірлік күшін, өзіне қайтарады деген сеніммен, Әкесінің қолына тапсырды. Құдайға кәміл сенген Мәсіх басын иді де, қайтыс болды.

Сонда жер қатты сілкініп, жартастар жарылды. Жерсілкінісінің күшті болғаны сонша — Иерусалимнің сыртындағы қабірлер ашылып, мәйіттер сыртқа шығып қалды. Оларды сол маңнан өтіп бара жатқандар көріп, “қасиетті қалаға” келгенде, болған жайтты жұртқа айтып берді (Матай 12:11; 27:51—53).

Иса өлгенде, ғибадатханадағы Қасиетті бөлме мен Ең қасиетті бөлмені бөліп тұрған үлкен шымылдық жоғарыдан төмен қарай қақ айырылды. Бұл ерекше құбылыс Құдайдың Ұлын өлтіргендерге ашулы екенінің белгісі еді. Сондай-ақ Ең қасиетті орынға, яғни көктің өзіне жол ашық екенін білдірді (Еврейлерге 9:2, 3; 10:19, 20).

Жұрт жан ұшыра қорықты. Жазаны жүзеге асырған сарбаздардың бірі: “Мына кісі, расында да, Құдай Ұлы болған екен!”— деді (Марқа 15:39). Пилат Исаны тергеп жатқанда, ол сол жерде болып, оның Құдай ұлы ма, жоқ па екені қарастырып жатқанын естіген болуы мүмкін. Ал енді Исаның шынымен де әділ болғанына, нақты айтқанда, Құдай Ұлы екеніне, кәміл сенді.

Бұрын соңды болмаған жайттардың куәсі болған адамдар өкініш білдіріп, қамыға “көкіректерін ұрып”, үйді-үйіне тарады (Лұқа 23:48). Бәрін алыстан бақылап тұрғандардың арасында Исамен сапар шеккен әйелдер болды. Оларға да бұл маңызды зор оқиғалар қатты әсер етті.