130-ТАРАУ
Иса жендеттердің қолына берілді
МАТАЙ 27:31, 32 МАРҚА 15:20, 21 ЛҰҚА 23:24—31 ЖОХАН 19:6—17
-
ПИЛАТ ИСАНЫ БОСАТПАҚ БОЛДЫ
-
ӨЛІМГЕ КЕСІЛГЕН ИСАНЫ АЛЫП КЕТТІ
Пилаттың Исаны ұрып-соққызып, мазақ еткізгені де жоғарғы діни қызметкерлер мен олардың жақтастарына әсер етпеді. Исаны өлтірмейінше, олардың тыншымайтыны анық. Олар айғайлап: “Оны бағанаға іліңіз! Оны бағанаға іліңіз!”— деумен болды. Сонда Пилат: “Алып кетіп, өздерің іліңдер. Себебі мен одан еш айып таппадым”,— деді (Жохан 19:6).
Исаны саяси қылмыскер етіп көрсете алмаған яһудилер, енді оны дін тұрғысынан айыптамақ. Олар Жоғарғы кеңестің сотында таққан айыптарына қайта оралды. Сөйтіп, Пилатқа: “Біздің заңымыз бар. Сол заң бойынша ол өлуі тиіс, өйткені өзін Құдайдың ұлымын деп атады”,— деді (Жохан 19:7). Мұндай айып Пилат үшін жаңалық болды.
Содан ол сарайына қайтадан кіріп кетті. Бар ойы қатыгездікке төтеп берген және әйелі түсінде көрген адамды босатудың жолын табу (Матай 27:19). Алайда яһудилердің таққан жаңа айыбын, яғни “Құдай ұлымын” дегенін қайтпек?! Ол Исаның Ғалилеядан екенін біледі (Лұқа 23:5—7). Сонда да Исадан: “Сен қайдан келдің?”— деп сұрады (Жохан 19:9). Пилат Исаның бұрын өмір сүрген-сүрмегенін, яғни қандай да бір мағынада құдайлық болмысы бар-жоғын, білгісі келді ме екен?
Пилат Исаның патша екенін, бірақ Патшалығының осы дүниеден еместігін оның өз аузынан естіген болатын. Иса бұған дейін айтқандарын қайталауды қажет деп таппай, үнсіз тұр. Оның жауап беруден бас тартқаны Пилаттың намысына тиіп кетті. Сондықтан ашуланып Исаға: “Менімен сөйлескің келмей ме? Сені босатып жіберу де, бағанаға ілдіру де менің билігімде екенін білмейсің бе?”— деді (Жохан 19:10).
Иса оған жай ғана: “Көктен берілмесе, маған билігіңіз жүрмес еді. Сондықтан мені ұстап бергеннің күнәсі сіздікінен де үлкен”,— деп жауап қатты (Жохан 19:11). Иса нақты бір адамды айтып тұрған жоқ. Ол Қаяпа мен оның жақтастарының және Яһуда Исқариоттың кінәсі Пилаттың кінәсінан де зор екеніне меңзеп тұр.
Иса өзін қалай ұстағанынан, қалай сөйлегенінен әсер алған Пилат оның шынымен құдайлық болмысы бар ма екен деп сескенді. Сондықтан оны құтқарып қалуға тағы да тырысып бақты. Алайда яһудилер Пилатты басқа нәрсемен қорқытпақ болып: “Оны босатсаңыз, Рим патшасына дос емессіз. Өзін патшамын деген әркім Рим патшасына қарсы!”— деді (Жохан 19:12).
Әмірші Исаны тағы да бір рет жұрттың алдына шығарып, өзі төрелік орнына отырып, яһудилерге: “Міне, патшаларың!”— деді. Бірақ олар міз бақпады. Қайта-қайта айғайлап: “Көзін құртыңыз! Құртыңыз оны! Бағанаға іліңіз!”— деп жатты. Пилат: “Патшаларыңды бағанаға ілейін бе?”— деді. Яһудилер ұзақ уақыттан бері Римнің езгісінде болған. Сонда да жоғарғы діни қызметкерлер: “Рим патшасынан басқа патшамыз жоқ!”— деп салды (Жохан 19:14, 15).
Айтқандарынан қайтпай, тұрып алған яһудилерден қаймыққан Пилат Исаны жендеттердің қолына берді. Олар Исаның үстіндегі ал қызыл шапанды шешіп, өз киімін кигізді де, алып кетті. Жолшыбай Исаға азап бағанасын көтергізіп қойса керек.
Жұма, 14 нисанның сәске түсі. Бір тәуліктен аса ұйықтамаған әрі талай азапты бастан кешкен Иса әбден қалжырады. Ауыр бағананы ол әрең көтеріп келеді. Сондықтан сарбаздар өтіп бара жатқан күренелік Шимонды ұстап алып, бағананы соған көтергізіп қойды. Жазаланатын жерге дейін қалың жұрт соңдарынан еріп отырды. Кейбіреулер зар жылап, қайғыра көкіректерін ұрғылап келе жатыр.
Қайғырған әйелдерге Иса былай деді: “Иерусалим қыздары, мен үшін жылауды қойыңдар. Қайта, өздерің мен балаларың үшін жылаңдар! Себебі жұрт: — Бедеу, бала таппаған, емшек емізбеген әйелдер бақытты!— дейтін күндер келе жатыр. Сонда олар тауларға: — Үстімізге құлаңдар!— деп, ал төбелерге: — Бізді жауып қалыңдар!— дейтін болады. Егер жасыл ағашқа осылай істелсе, онда ол қурағанда не болмақ?” (Лұқа 23:24—31).
Иса яһуди халқын өлуге шақ қалған ағашқа теңеп тұр. Ағаш әлі де жасыл, яғни бойында шамалы сөлі бар. Себебі Иса араларында жүргендіктен, яһудилердің біразы оған сенеді. Ал бұлар халықтың арасынан кеткенде, бүкіл халық қураған ағаш сияқты болып қалады. Рим әскері келіп, халыққа шығарған Құдай үкімін жүзеге асырғанда, олар зор қасірет шегеді!