Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-САБАҚ

Дәуіт мүлдем қорықпады

Дәуіт мүлдем қорықпады

Сен бір нәрседен қорықсаң, не істейсің? ~ Ата-анаңды көмекке шақыратын шығарсың. Саған көмекке келетін тағы біреу бар. Ол адамнан әлдеқайда күшті. Оның кім екенін білесің бе? ~ Ол — Ехоба Құдай. Кел, қазір Дәуіт деген жас жігіт жайында оқиық. Ол өзіне Ехобаның әрдайым көмектесетінін білген, сондықтан еш нәрседен қорықпаған.

Ата-анасы Дәуітке кішкентайынан Ехобаны сүюді үйретті. Осының арқасында Дәуіт тіпті қорқынышты жағдайда да батыл болды. Себебі ол Ехобаның өзіне Дос екенін және оның көмекке келетінін білді. Бірде Дәуіт қой бағып жүргенде, малға үлкен арыстан тап беріп, бір қойды алып кетті. Сонда Дәуіт не істеді екен?! Арыстанды қуып жетіп, оны құр қолымен өлтіріп тастады. Ал қойға аю тап бергенде, Дәуіт оны да өлтірді. Дәуітке кім көмектесті екен? ~ Оған көмектескен — Ехоба.

Дәуіт зор батылдық танытқан тағы бір оқиға болды. Исраилдіктер філістір деген халықпен соғысып жатты. Олардың арасында бойы өте биік дәу сарбаз бар еді. Оның есімі — Ғолият. Бұл дәу сарбаз Исраил сарбаздарын және Ехобаны мазақ етті. Ғолият Исраил сарбаздарын өзімен шайқасуға шақырды. Бірақ ешкімнің оған қарсы шығуға батылы бармады. Мұны Дәуіт естігенде, ол Ғолиятқа: “Сенімен мен шайқасамын! Ехоба маған көмектеседі, сондықтан мен сені жеңемін”,— деді. Дәуітті батыл дей аламыз ба? ~ Иә, ол өте батыл болды. Әрі қарай не болды екен, көрейікші.

Дәуіт тас лақтыратын сақпан мен бес жұмыр тас алып, дәуге қарсы шықты. Ғолият Дәуіттің жас екенін көріп, оны келеке етті. Сонда Дәуіт оған: “Сен маған қарсы семсермен шықсаң, мен саған Ехобаның атымен шықтым!”— деді де, сақпанына бір тас салып, Ғолиятқа қарай жүгіріп, тасты атып жіберді. Тас Ғолияттың қақ маңдайына тиді. Дәу жерге құлап, мерт болды. Філістірлер болса қорқып, қаша жөнелді. Жап-жас Дәуіт дәу сарбазды қалай жеңді? ~ Оған Ехоба көмектесті. Себебі Ехоба дәуден әлдеқайда күшті!

Дәуіт Ехобаның көмектесетінін білгендіктен, мүлдем қорықпады

Дәуіттің оқиғасынан не нәрсеге үйрендің? ~ Ехоба адамнан әлдеқайда күшті. Ол — сенің Досың. Бір нәрседен қорыққан кезде, Ехобаның саған батыл болуға көмектесетінін ұмытпа!