Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ТАРАУ

Исаның Құдай Патшалығы туралы тәлім беруі

Исаның Құдай Патшалығы туралы тәлім беруі

Иса біраз нәрсеге қатысты тәлім берді, алайда оның уағызының басты тақырыбы Құдай Патшалығы болды.

ИСА жерге не үшін келді? Ол: “Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды... жариялауға тиістімін. Мен сол үшін осында жіберілдім”,— деді (Лұқа 4:43). Исаның осы Патшалыққа қатысты қандай төрт жайтқа назар аударғанын қарастырайық.

1. Иса — болашақ Патша. Иса уәде етілген Мәсіх екенін ашық айтты (Жохан 4:25, 26). Сондай-ақ өзінің Даниял пайғамбардың аянындағы Патша екенін және ‘салтанатты тақта’ отырған кезде шәкірттерінің де өзімен бірге билік жүргізетінін білдірді (Матай 19:28). Иса оларды “кішкентай қора” деп атап, бұл отарға жатпайтын ‘басқа да қойлары’ бар екенін айтты (Лұқа 12:32 сілтеме; Жохан 10:16).

2. Құдай Патшалығы шынайы әділдік орнатады. Иса Патшалыққа қатысты мына жайтты білдірді: Патшалық Құдай есімін қастерлі етіп, Шайтанның жапқан бар жаласын жоққа шығару арқылы ең сорақы әділетсіздікті жояды (Матай 6:9, 10). Жердегі қызметі кезінде Иса әділдікті сүйетінін көрсетті: ол адамдарды еркек-әйел, бай-кедей деп бөлмеді. Сондай-ақ бірінші кезекте исраилдіктерге жіберілгенімен, самариялықтар мен басқа ұлт өкілдеріне да тәлім берді. Иса өз күндеріндегі діни басшылар сияқты алалаушылық танытпады.

3. Құдай Патшалығы бұл дүниелік емес. Иса елде саяси толқулар болып жатқан уақытта өмір сүрді. Сол кезде Исраил жері басқа мемлекеттің қол астында болатын. Халық Исаны саяси басшылары етіп тағайындағысы келгенде, ол бұдан бас тартты (Жохан 6:14, 15). Бір саясаткерге Иса: “Менің Патшалығым бұл дүниелік емес”,— деді (Жохан 18:36). Сондай-ақ ізбасарларына: “[Сендер] осы дүниелік емессіңдер”,— деген болатын (Жохан 15:19). Ал шәкірттері оны қорғау үшін қолдарына қару алғанда, Иса қару қолдануға тыйым салды (Матай 26:51, 52).

“Иса... ауылдарды аралап, уағыз айтып Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды жариялады” (Лұқа 8:1).

4. Мәсіх сүйіспеншілікпен билік етеді. Иса адамдарға жандарын рақатқа бөлейтінін және ауыртпалықтарын жеңілдететінін уәде етті (Матай 11:28—30). Ол уәдесінде тұрды да. Иса Таудағы уағызында уайымға салынбауға, қарым-қатынасты нығайтуға, байлық қумауға және бақытты болуға көмектесетін пайдалы кеңестер берді (Матай 5—7 тараулар). Барлық адам, тіпті қатты қысымшылық көргендері де, Исаның сүйіспеншілігін сезініп, оған қарай тартылатын. Олар Исаның өздеріне құрмет көрсетіп, мейірімділікпен қарайтынына сенімді еді. Келешекте Иса қандай керемет Билеуші болмақ десеңші!

Иса тағы бір күшті жолмен Құдай Патшалығы туралы тәлім берді. Ол көптеген ғажайып кереметтер жасады. Мұны ол не үшін істегені келесі тарауда қарастырылады.

Матай, Марқа, Лұқа және Жохан кітаптарына негізделген.