Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

25-ТАРАУ

Сенім, жүріс-тұрыс және сүйіспеншілікке қатысты берілген кеңестер

Сенім, жүріс-тұрыс және сүйіспеншілікке қатысты берілген кеңестер

Жақып, Петір, Жохан және Яһуда бір сенімдегілерге жігерлендірерлік хаттар жолдады.

ЖАҚЫП пен Яһуда Исаның бауырлары, ал Петір мен Жохан Исаның елшілері болатын. Осы төрт кісі Грек жазбаларына енген жеті хатты жазды. Солардың есімдерімен аталған бұл хаттар мәсіхшілерді Ехобаға деген адалдықтарын сақтауға және Патшалықты басты орынға қоюға талпындырды.

Сенім таныту. Адам сенімі бар екенін ауызбен ғана айтып қоймай, іс-әрекетімен де көрсету керек. Жақып: “Әрекетсіз сенім... өлі”,— деген (Жақып 2:26). Сынаққа кезіккенде сеніммен әрекет еткеніміздің арқасында төзімділікке үйренеміз. Сынақтарға төтеп беру үшін Құдайдан даналық сұрап, беретініне еш күмәнданбауымыз керек. Ал төзімді болсақ, Құдайдың ықыласына ие боламыз (Жақып 1:2—6, 12). Ехобаға сенім арта отырып, мінсіздігімізді сақтағанымыз оның назарынан тыс қалмайды. Жақып: “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”,— деп жазды (Жақып 4:8).

Тән құмарлықтарына және жаман ықпалға берілмеу үшін мәсіхшінің сенімі мықты болу керек. Өнегесіздік белең алып кеткендіктен, Яһуда бауырластарын “сенім үшін табандылықпен күресуге” шақырды (Яһуда 3 ЖД).

Құдайға ұнамды жүріс-тұрыс. Ехоба қызметшілерінің қасиетті, яғни барлық жағынан таза, болғанын қалайды. Петір былай деп жазған: “Бүкіл іс-әрекеттеріңде қасиетті болыңдар! Киелі жазбада Оның “Қасиетті болыңдар, себебі Мен қасиеттімін!” дегені бар ғой” (Петірдің 1-хаты 1:15, 16). Петір мәсіхшілерді Исадан үлгі алуға талпындырып, былай деген: “Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек” (Петірдің 1-хаты 2:21). Мәсіхшілер Құдайдың талаптарына сай өмір сүргені үшін кейде жапа шеккенімен, осының арқасында ‘ар-ұждандарын’ таза сақтай алады (Петірдің 1-хаты 3:16, 17). Петір мәсіхшілерді Құдайдың сот күнін және “әділдік орнаған” жаңа дүниенің пайда болуын күте жүріп, қасиетті жүріс-тұрыстарымен Құдайға деген адалдықтарын көрсетуге шақырды (Петірдің 2-хаты 3:11—13).

“Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды” (Жақып 4:8).

Сүйіспеншілік көрсету. “Құдай — сүйіспеншілік”,— деп жазды Жохан. Құдай өзінің зор сүйіспеншілігін “күнәмыздың құнын өтеу үшін” Исаны құрбандыққа беру арқылы көрсетті. Мәсіхшілерге бұл қалай әсер ету керек? Жохан былай деді: “Сүйікті бауырластарым, Құдай бізді осылайша сүйгендіктен, біз де бір-бірімізді сүюіміз керек” (Жоханның 1-хаты 4:8—11). Бір сенімдегілерге деген сүйіспеншілігімізді қонақжайлылық таныту арқылы көрсетуге болады (Жоханның 3-хаты 5—8).

Ехобаның қызметшілері оған деген сүйіспеншіліктерін қалай көрсете алады? Жохан: “Өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес”,— деді (Жоханның 1-хаты 5:3; Жоханның 2-хаты 6). Тілалғыш адамдардың ‘мәңгілік өмір’ беруді уәде етіп отырған Құдайдың сүйіспеншілігінен ешқашан айырылмайтыны шүбәсіз (Яһуда 21).

Жақыптың хатына; Петірдің 1-хатына; Петірдің 2-хатына; Жоханның 1-хатына; Жоханның 2-хатына; Жоханның 3-хатына; және Яһуданың хатына негізделген.