Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ТАРАУ

Құдайдың Ыбырайыммен келісім жасасуы

Құдайдың Ыбырайыммен келісім жасасуы

Ыбырайым Құдайға сеніп, оған мойынсұнды. Ал Құдай оған батасын беріп, ұрпақтарын көбейтуді уәде етті.

НҰХТЫҢ кезіндегі Топан судан кейін 350 жылдай өткен. Ыбырайым өркендеген Ур қаласында тұрып жатты. Ол қала қазіргі Ирак жерінде орналасқан еді. Ыбырайымның Құдайға деген сенімі зор болатын. Күндердің күнінде оның сенімі сыналды.

Ехоба Ыбырайымға туып-өскен жерін тастап, бөтен елге көшуді бұйырды. Ыбырайым сөзге келмей мойынсұнды. Ол әйелі Сараны, немере інісі Лутты және қызметшілерін алып, жолға шықты. Олар Қанахан жеріне келіп, шатырларда тұрды. Ехоба Құдай Ыбырайыммен келісім жасасып, одан ұлы халық тарайтынын, жер бетіндегі барлық халыққа сол арқылы батасын төгетінін әрі оның ұрпақтары Қанахан жеріне иелік ететінін уәде етті.

Ыбырайым мен Луттың қойлары, ірі қара малдары көбейді. Сонда олар бір-бірінен бөлек кетуді шешті. Ыбырайым кішіпейілділік танытып, Лутқа бірінші болып жер таңдауға мүмкіндік берді. Лут Иордан өзенінің бойындағы құнарлы жерді таңдап, Содом қаласының маңына қоныс тепті. Бұл қаланың тұрғындары ауыр күнәға белшесінен батқан азғын адамдар еді.

Ехоба Құдай Ыбырайымға ұрпақтарын аспандағы жұлдыздардай сансыз көп ететіні жайлы уәдесін қайталады. Ыбырайым оған сенді. Алайда Ыбырайымның сүйікті әйелі Сара бедеу болатын. Кейін, Ыбырайым 99, ал Сара 90 жасқа келгенде, Құдай Ыбырайымға Сараның құрсақ көтеретінін айтты. Құдайдың уәдесі орындалып, Сара Ысқақты дүниеге әкелді. Ыбырайымның басқа да балалары болды, алайда Едемде уәде етілген Құтқарушы Ысқақтың ұрпағынан шығуы керек еді.

Содомда тұрып жатқан Лут қала тұрғындарының азғын істерінен аулақ жүріп, мінсіздігін сақтады. Сондықтан Ехоба Содомды жоймақ болғанда, Лутты құтқару үшін періштелерін жіберді. Олар Лут пен оның отбасына арттарына қарамай қашуды бұйырды. Сосын, Құдай Содом мен жанындағы күнәға батқан Ғомора қаласына от аралас күкірт жаудырып, ондағы тұрғындарды түгел жойды. Лут пен оның екі қызы қашып құтылды. Ал әйелі, дүниесін қимаған болса керек, артына бұрылып қарады да, тілазарлығы үшін өмірінен айырылды.

Жаратылыс 11:10—19:38 негізделген.